СҚО-да су тасқынының алдын алу амалдары пысықталды

15 наурыз, 2018, 15:04 3256 Солтүстік Қазақстан облысы
СҚО-да су тасқынының алдын алу амалдары пысықталды

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов тиісті техниканың барын және қиын жағдай туындап қалған сәтте барлығы бір адамдай жұмылу керектігін атап өтті.

СҚО әкімдігінде өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен төтенше жағдайдарды алдын-алу және жою бойынша комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды BNews.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Күн тәртібінде көктемгі су тасқынының алдын-алу амалдары қарастырылды. 

Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Рамиль Камаловтың айтуынша, аудандар мен қалада 989 бірлік техника, 207 мотопомпа, жоғары өнімді 23 насос дайын тұр. 72 мың тоннадан аса инерттік материалдар, 34 мың қап, 114 тонна жанар-жағармай да дайындалды. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент 225 адам, 45 техника, 10 мотопомпа және 10 қайықты жұмылдырмақ. Жағдай ушықса басқа өңірлерден 273 адам, 41 техника, 11 жүзу құралын тарту көзделген.

Бұл жұмысқа ауыл шаруашылығы құрылымдарының техникасын да жұмылдырған жөн.

"Агроқұрылымдарда қажетті техника бар. Олардың жұмысшылары сол ауылдарда тұрады. Қиын жағдай туған кезде барлығымыз бір адамдай жұмылып, жұмыс жасау қажет", - деді Құмар Ақсақалов.

Сондай-ақ, былтыр су тасқыны кезінде қайықтардың жетіспеушілігі байқалған. Өңір басшысы бүгіннен бастап барлық жүзу құралдарын жұмылдыру керектігін ескертті.

Облыста сенбіліктер өткізіліп, елді-мекендерді қардан тазарту, арықтарды қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіледі.

Облыс әкімі тиісті органдардың басшыларына ақпараттандыру бағытында ресейлік әріптестермен байланысты нығайтуды тапсырды.

Құмар Ақсақалов көктемгі су тасқынының зардаптарын азайту және жою мақсатында облыс әкімінің орынбасары А.Федяевке тиісті шаралардың дайындық барысын өз қадағалауына алып, 20 наурызға дейін баяндауды тапсырды. Бұған қоса, өңір басшысы 20 наурыздан бастап аумақтық жүйенің жұмысын "күнделікті қызмет режимінен", "жоғары дайындық режиміне" ауыстыруды тапсырды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар