СҚО-да жемқорлықтың зардаптары туралы дәрістерді тыңдаған шенеунік парамен ұсталды - Жаңалықтар | BNews

СҚО-да жемқорлықтың зардаптары туралы дәрістерді тыңдаған шенеунік парамен ұсталды

13 маусым, 20:24 3090 Алматы
СҚО-да жемқорлықтың зардаптары туралы дәрістерді тыңдаған шенеунік парамен ұсталды

Сыбайлас жемқорлықпен күресу қызметкерлері Қазақстан бойынша мониторинг жасауды аяқтап жатыр және ертең, яғни 14 маусымда Астанада оның нәтижелерін жариялайды.

Солтүстік Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың зардаптары туралы профилактикалық дәрістерді тыңдаған шенеунік бірнеше күн ішінде парамен ұсталды. Бұл туралы Алматыда өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауында айтылғандай, жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді. Соңғы үш жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге мөлшерінде келтірген залалы қазынаға қайтарылды.

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында көрсетілген тапсырманы орындау мақсатында сыбайлас жемқорлыққа бақылау жасау үшін арнайы құрылған тәуелсіз сарапшылар тобы еліміздің барлық өңірін аралап, Алматы және Алматы облысына келді. Мұнда сарапшылар зерттеуді және профилактикалық әңгімелерді аяқтайды, ал ертең, 14 маусымда Астанада алты ай жұмыс нәтижелерін ұсынатын болады.

"Біздің соңғы бағытымыз - Алматы облысы мен Алматы қаласы, біз жұмысымызды аяқтаймыз. Ертең Астанада зерттеу нәтижелері жарияланады. Топта тәуелсіз қоғамдық қайраткерлер жұмыс істеді. Талдау әділ болу үшін топтан лауазымды тұлғаларды шығардық. Алты ай бойы еліміздің барлық аймағын аралап, халықпен ашық сөйлестік. Ең бастысы, құрылымдарға осы ауыр қылмыс үшін жауапкершілік туралы ескерту жасалды. Біздің мақсатымыз - мемлекеттік қызметтің әлсіз тұстарын анықтау", - деп түсіндірді Арман Бердалин.

Оның айтуынша, егер бұған дейін сарапшылар жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі 72% репрессивтік шаралардан тұратынын атаған болса, қазір жағдай мүлдем керісінше.

"Қазіргі уақытта жазалау әдістерінің орнына, біз жемқорлықтың түпкі себептерінің алдын алуға және жоюға баса назар аударамыз", - деді спикер.

Департамент директоры сапар барысында болған қызықты оқиғамен бөлісті. Солтүстік Қазақстандағы мониторинг тобында сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың зардаптарын түсіндірген лауазымды тұлғалармен сұхбат жүргізілді. Алайда сарапшылар кетіп үлгермей-ақ, департаменттердің бірінің басшысы парамен ұсталған.

Арман Бердалиннің пікірінше, кейбір адамдар айтылған әңгімеден қорытынды шығармайды.

"Жақында біз Солтүстік Қазақстанның барлық активімен кездестік. Алайда, үш-төрт күннен кейін Жамбыл облысына жақындап қалған кезімізде, бізге Солтүстік Қазақстан облысындағы бір департаменттің бастығы парамен  ұсталды деген хабар келіп түсті. Сондықтан кейбіреулерге түсіндірудің пайдасы жоқ. Біз бейнежазбаларды көрсеттік, олардың салдары туралы түсіндірдік, бірақ, өкінішке орай, адамдардың барлығы бірдей айтылған әңгімеден қорытынды шығара бермейді", - деп баяндады бақылау жасау тобының өкілі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: