Соңғы 3 жылда жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды – Назарбаев - Жаңалықтар | BNews

Соңғы 3 жылда жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды – Назарбаев

10 қаңтар, 10:49 975 Астана
Соңғы 3 жылда жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды – Назарбаев

Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақорданың сайтында жарияланған Қазақстан халқына Жолдауында жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса беретіндігін нақты атап өтті, деп хабарлайды BNews.kz.

«Көп жұмыс істеліп жатыр. Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді», - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналатындығын, атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиістігін айтты.

«Сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді. Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді. Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.   

Президенттің айтуынша, азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет.  

«Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек», - деді Қазақстан Президенті. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары