Соңғы үш ай ішінде "Азаматтарға арналған үкімет" 300 мыңнан астам жылжымайтын мүлікке құқық тіркеді

25 қазан, 2018, 20:39 2975 Алматы
Соңғы үш ай ішінде

Сонымен қатар 140 мыңнан астам жылжымайтын мүлікке құқық электрондық нұсқада жасалды.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу қызметінің көрсетілу барысымен танысу үшін "Азаматтарға арналған үкіметтің" бэк-офисі мен фронт-офистерін аралады, деп хабарлайды  BNews.kz мемлекеттік корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске салсақ, биыл шілде айында Әділет министрлігінің құзырындағы жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мемлекеттік қызметі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына өткен болатын.

Мемлекеттік корпорация төрағасы Абылайхан Оспанов ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшелері Балайым Кесебаева мен Снежанна Имашеваға бэк-офистерде "Жылжымайтын мүлік регистрі" мемлекеттік деректер қорының ақпараттық жүйесіндегі жылжымайтын мүліктерді тіркеу бойынша жұмыс барысы қалай жүріп жатқанын көрсетті.

"Бұл функция біздің құзырымызға өткеннен бері мемлекеттік корпорацияның филиалдары арқылы 300 мыңнан астам жылжымайтын мүлікке құқық тіркелді. Сондай-ақ құқықтық кадастрден деректер беру және құқық белгілейтін құжаттың көшірмесін беру сияқты 360 мыңдай ақпараттық қызмет көрсетілді. Қазір бұл қызметтермен біздің 800-ден астам жұмысшымыз айналысуда", - деді Абылайхан Оспанов.

Сонымен қатар 140 мыңнан астам жылжымайтын мүлікке құқық электрондық нұсқада тіркелді. Қазіргі таңда қызмет алушылар электрондық тіркеуді таңдайды, себебі жылжымайтын мүлікке құқық тіркеу келісім-шартын  нотариустан шықпай-ақ жолдай алады.

Абылайхан Оспановтың айтуынша, мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері қағаз жүзіндегі жылжымайтын мүлік нысандарының техникалық паспортын электрондық нұсқаға ауыстыру мәселесімен айналысып жатыр. Сондай-ақ  қайтадан құрылған жылжымайтын мүліктер құқық кадастрына деректер енгізу мен жылжымайтын мүлікке құқық тіркеу мемлекеттік қызметтерін біріктіру арқылы композиттік қызметті енгізу жоспарлануда.

"Бұл азаматтардың екі қызметті бірден алуға, нәтижесінде бэк-офистерге келу жиілігін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктермен бірге Blockchain технологиясын қолдану арқылы жылжымайтын мүлікке кепіл салу мен кепілді алып тастау бойынша электрондық тіркеу енгізу жобасын жасап жатырмыз", - деді ол.

Депутаттар Алматы қаласы мен Алматы облысында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын бағалап, қызмет алушылармен тілдесіп, мемлекеттік қызмет көрсету саласын дамыту бойынша ұсыныс-тілектерін тыңдады. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: