Соңғы жылдары Жамбыл облысында отбасылық үлгідегі 17 балалар үйі ашылған

Написать нам
19 қараша, 2018, 18:37 1713 Жамбыл облысы
Соңғы жылдары Жамбыл облысында отбасылық үлгідегі 17 балалар үйі ашылған

Облыс бойынша 1448 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап. 

"Бүгінгі күні Жамбыл облысында 0-18 жас аралығында 419 965 бала болса, олардың 1448-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Облыста 2015-2018 жылдар аралығында 17 отбасылық үлгідегі балалар үйі және 2 қабылдаушы отбасы ашылды. 2018 жылы балалар үйінен 81 бала (асырап алынды-2, патронатқа –30, қамқорлыққа – 25, отбасы үлгісіндегі балалар үйіне - 7, туған отбасыларына - 17) отбасылық тәрбиеге орналастырылды. Оның ішінде, 2 асырап алынды, 30 патронатқа, 25 қамқорлыққа, 7 отбасы үлгісіндегі балалар үйіне, 17 туған отбасыларына жіберілді", - деді Жамалов.

Ол өңірдегі Қ.Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері соңғы үш жылда 156 баладан 83 балаға кемігенін айтты. Бала санының азаюына байланысты аталған балалар үйі мен Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы біріктіріліп, Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы ретінде қайта құрылған.

"Облыста балалар үйлері түлектерін бюджеттік негізде 100 пайыз арнаулы және жоғары оқу орындарына орналастыру үрдісі қалыптасқан. Биылғы жылы балалар үйлерін бітіріп шыққан 21 түлектің біреуі Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орнына, төртеуі Алматы қаласына, он алтысы Тараз қаласындағы колледждерге оқуға түсті. Облыста 4 арнайы түзету мектеп-интернаты. 6 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялары мен 11 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, 1 Оңалту орталығы бар. 2018-2019 оқу жылында 7911 мүмкіндігі шектеулі баланың 6286, яғни 80% оқу және тәрбиемен қамтылған", - деді білім басқармасының өкілі.

Оның айтуынша, 2015-2018 жылдар аралығында Мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезекте тұрған 300 балаға пәтер берілді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар