Сот актісі қабылданған шешімнің мәнін түсіндіруі қажет – ҚР Жоғарғы Соты - Жаңалықтар | BNews

Сот актісі қабылданған шешімнің мәнін түсіндіруі қажет – ҚР Жоғарғы Соты

16 наурыз, 15:07 3178
Сот актісі қабылданған шешімнің мәнін түсіндіруі қажет –  ҚР Жоғарғы Соты

Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов еліміздің жоғарғы сот органының кезекті жалпы отырысын өткізді, деп хабарлайды BNews.kz Жоғарғы Сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оның жұмысына Жоғарғы Сот судьялары, ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, Конституциялық Кеңестің, Бас прокуратураның, әділет және ішкі істер министрліктерінің, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері, сондай-ақ "Атамекен" ҰКП, "GRATA" және "KazBar" заңгерлер қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Жалпы отырыстың жұмысы онлайн режимінде көрсетілді. Отырыста Жоғарғы Соттың "Сот шешімі туралы" Нормативтік қаулысының (НҚ) өзгерістер мен толықтырулары талқыланды.

"Сот шешімі берілген талап арыздың жауабын қамтып қана қоймай, оған қойылатын талаптарды сақтай отырып жасалғаны өте маңызды. Қазіргі таңда, өкінішке орай, біз әр сот шешімі туралы олай айта алмаймыз", - деді Жоғарғы Соттың судьясы Айгүл Сапарова НҚ жобасын ұсына отырып.

Жоғарғы Сот жүргізіп жатқан "Сапалы нәтиже" жобасы аясында бірінші сатыдағы соттардың 300 шешімінің әрбір үшеуі ұсынылған талаптарға не нысаны бойынша, не мазмұны бойынша сәйкес келмейтінін көрсетті. Сот актілері түсініксіз, сендіре алмайды, іс үшін маңызы жоқ артық ақпаратты, дауға қатысы жоқ заңнан қайталауларды, дәйексөздерді қамтиды.

Қабылданған шешімнің уәждерін дұрыс көрсетудің маңыздылығына және сот актісінің құрылымына қойылатын талаптардың сақталуына баса назар аударылды. НҚ сот актісін компьютерде дайындау кезінде бірыңғай қаріппен жүргізу, оның көлемі, баяндаудың өзге де сипаттамалары туралы талаптарды қамтиды. Осылайша, "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" Қазақстан Республикасы Заңының сақталуы қамтамасыз етіледі.

Жоғарғы Соттың судьясы Нұрия Сисенова сот актісі қабылданған шешімнің мәнін түсіндіруі және оның негізділігін уәжді түрде сендіруі керек екенін атап көрсетті. НҚ-ға толықтыру енгізілген және соттың қабылданған шешімнің мәнін, уәждерін және құқықтық салдарын түсіндіру міндеті қарастырылған. Көрсетілген әрекеттер сот актісінің мазмұнын дұрыс түсінуге мүмкіндік береді.

Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының төрағасы Арман Жүкенов НҚ бірінші сатыдағы соттар үшін дұрыс, сауатты әрі логикалық сараланған сот актісін жазуда бағыт-бағдар болады деп атады.

"НҚ-ның ұсынылып отырған редакциясы соттарға түпкілікті шешімдерді құрастыру кезінде көрсетілген әдістемені пайдалануға мүмкіндік береді. Осындай сот актісі, сөзсіз, процеске қатысушыларының және жоғарғы сатыдағы судьялардың қабылдауына және түсінуіне оңай болады. Шешімді құрастырудың жаңартылған форматы азаматтардың сотқа сенім деңгейін арттыруға қосымша негіз болады" - деді Жүкенов.

Жалпы отырысқа қатысушылар НҚ жобасын талқылады, оған ұсыныстар мен ескертулер енгізді. Ол редакциялық жұмыстардан кейін жалпы отырыста түпкілікті бекітіледі.

Ұқсас жаңалықтар