Боксшы Қанат Ислам Атыраудағы жетімдер үйіне теледидар тарту етті
Құрметті оқырман! Сiз «BNews.kz» АА сайтының ескі нұсқасын көріп тұрсыз. Бұл жерден 12.12.2016 ж. дейінгі барлық материалды көре аласыз.
Біздің жаңа сайтымыз www.bnews.kz орналасқан
Жоғары
Астана
USD 376.3
EUR 425.22
CNY 55.63
RUB 5.68

Боксшы Қанат Ислам Атыраудағы жетімдер үйіне теледидар тарту етті

ФОТО: автор

 

Даңқты боксшы Қанат Ислам Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының шақыруымен бүгін мұнайлы өлкеге ат басын бұрды. Боксшы аймақтағы спорт  кешендері, дене шынықтыру орталықтарында шеберлік сабағын өткізді. Жетімдер үйіне де арнайы барып, балалармен кездесу өткізіп теледидар тарту етті деп хабарлайды BNews.kz аймақтағы тілшісі.


Ұлтымыздың ұранына айналған батыр ұл Қанат Исламды бүгінде елімізде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін мақтан тұтады. Жалпы Қанат мұнайлы өлкеге жиі келіп тұрады. Бұл жолы да арнайы шақыруды қуана қабыл алған.

«Біздің спортшылар Қанат Исламды өздеріне үлгі тұтады. Оның жеңістерінен шабыт алады. Әйгілі боксшыны жастарға шеберлік класын өткізуге және бірнеше кездесулер ұйымдастыру үшін шақырдық», - деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет.

Қанат Ислам жергілікті студент-жастармен де  еркін әңгімелесіп, болашақ  спортшыларға шеберлік класын өткізді. Жергілікті атқарушы билік өкілдерімен кездесіп саламатты өмір салтын қалыптастыру, спорт саласын дамыту жайындағы ойларымен бөлісті. Жоғары оқу орындары, балалар үйі, мүгедектердің спорт клубтарында болған  кездесулерінде жастарды ұлтын сүюге, намысты, жігерлі болуға шақырды.    

«Сөзімнің соңында сіздерге мына бір нәрсені айтқым келеді. Өмірде түрлі жағдайлар болады. Кейде салың суға кетіп, бәрін тастап жатып алғың келеді. Бірақ, мұндай кездерде өз-өзіңді қолға алып, табандылықты одан әрі еселей түсу керек. Біз таңдай қағып жүрген чемпиондар жетістікке бір ғана принциптің арқасында жетті. Ол - ешқашан берілмеу. Осы ережені өмірлік ұстаным етіп алатын болсаңдар жеңіске жетесіңдер», - деді Қанат Ислам.

Айта кетелік, Қанат Ислам 2012 жылы бірінші орта салмақта WBA Fedecaribe титулын жеңіп алған. Спортшы 2008 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері, спорт шебері. «Astana Arlans» (WSB) командасының капитаны да болған. Ал жақында ғана, 29 қазанда Алматыда өткен жекпе-жекте Қанат Ислам Гааналық Патрик Аллотейді ойсырата ұтып, өзінің кәсіпқой бокста 22-ші жеңісіне қол жеткізген болатын. Жалпы Қанат Ислам жекпе-жектерінің 18-ін нокаутпен аяқтаған әлемдегі таңдаулы боксшылардың бірі.