Алматыдағы Аренаның негізгі мұз айдыны хоккейшілерді қабылдауға дайын (ФОТО)
Құрметті оқырман! Сiз «BNews.kz» АА сайтының ескі нұсқасын көріп тұрсыз. Бұл жерден 12.12.2016 ж. дейінгі барлық материалды көре аласыз.
Біздің жаңа сайтымыз www.bnews.kz орналасқан
Жоғары
Астана
USD 377.62
EUR 426.03
CNY 55.78
RUB 5.67

Алматыдағы Аренаның негізгі мұз айдыны хоккейшілерді қабылдауға дайын (ФОТО)

21 шілде 2016 ж 18:25 , Алматы
ФОТО: Руслан Қанабеков

Келесі жылы Универсиада қатысушыларын қабылдайтын үш мың орындық Мұз аренасының құрылысы аяқталуға тақау. Алматы әкімі Бауыржан Байбек спорт нысанын аралап қайтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.


«Дизайны жақсы, еуропалық стандарттарға сай орындалған. Олқылықтар бар, әрине, дей тұрғанмен тамыз айына дейін олар да жойылады деген үміттемін. Бұл Арена шаһарымызға көрік беріп, ертең-ақ алматылықтардың сүйікті мекеніне айналады», - деді қала басшысы.

Құрылыс компаниясының басшысы нысан 90 пайыз дайын екенін, олқылықтар ескеріліп, тез арада түзелетініне сендірді. Қазан айының ортасына қарай Мұз аренасының есігі әркімге ашық.

«Негізгі мұз айдыны техникалық тұрғыдан алғанда толығымен аяқталды. Жабдық жұмыс істеп тұр, мұз біртегіс құйылуда. Аяқталмай қалған бір-екі косметикалық жұмыстар бар. Соны бітіріп, Аренаны уақытында толық дайын күйінде тапсырамыз деген үміттеміз», - деді құрылыс компаниясының президенті Бақыт Қабенов.

Жаңа мұз айдынының сапасына алғашқы болып  ОРМБЖМ-18 тәрбиеленушілері баға берді. Қала әкімі мәнерлеп сырғанаушыларды әңгімеге тартып, мұз айдыны көңілден шыққан-шықпағанын сұрады. Спорт мектебінің оқушылары мұз айдынының әлемдік стандартқа сай екенін және спортшыларды биіктерді бағындыруға жігерлендіретінін атап өтті.

«Дегенмен де халықаралық мамандар мен кәсібилерді (мәнерлеп сырғанаушылар мен хоккейшілер –ред.ескертп.) шақыру қажет. Олардың да пікірін білген абзал», -деді Б.Байбек.

Айта кетсек, әкімдік пен Универсиада дирекциясынан бөлек аренаның құрылысын FISU  да үнемі қадағалап отыр. Мұз аренасы энергия үнемдегіш технологиялардың арқасында экологиялық жолмен бой көтеріп келеді. Ал Универсиададан кейін бұл мұз айдынында балаларға арналған жаттығу секциялары іске қосылмақ.