Сүлейменов: Валюта бағамының өзгеруі – зейнетақы мен депозит салымдарына индекстеу жасауға себеп емес

14 қыркүйек, 2018, 11:24 3176
Сүлейменов: Валюта бағамының өзгеруі – зейнетақы мен депозит салымдарына индекстеу жасауға себеп емес

ҚР Ұлттық экономика министрінің сөзінше, валюта бағамына индексация жасау қарастырылмаған.

Доллар бағамының шарықтауына байланысты Қазақстанда зейнетақы мен депозит салымдарына индекстеу жасалмайды. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзінше, валюта бағамына индексация жасау қарастырылмаған, деп хабарлайды BNews.kz "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Мәжіліс қабырғасында сұқбат берген Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осылай деді. Бұған дейін депутат Айқын Қоңыров доллар бағамының өсуіне байланысты зейнетақы мен депозиттер салымына айырма төленуі тиіс деген ұсыныс айтқан еді. Министр индекстеу тек инфляция деңгейіне байланысты ғана төленетінін айтты. Ал валюта бағамының құбылуына орай айырма төлеу орынсыз деп санайды.

Тимур Сүлейменов инфляцияны индекстеуге кепілдік бар екенін атап өтті.

"Валюта бағамына индексация жасау қарастырылмаған. Біз инфляцияға қараймыз. Валюта бағамдарының құбылуы индексация жасауға түрткі бола алмайды. Тұтыну бағасының индексі бойынша есептеледі. Зейнетақы ғана емес, депозиттер бойынша да солай. Инфляцияны индекстеуге кепілдік бар. Қосымша тағы бір нәрсе енгізу орынсыз болады", - деді ҚР Ұлттық экономика министрі.

Ал үш жылдық бюджет жобасына 33 трлн теңге салынбақ. Оның 15 жарымы әлеуметтік салаға жұмсалады. Келер жылдан бастап зейнетақы төлемі ең кемі - 36 мың, орташа 86 мың теңгені құрамақ. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар