Табиғат жанашырлары Маңғыстаудағы туристік бағыттағы жаңа жобаға қарсы

07 тамыз, 2018, 11:12 1903 Маңғыстау облысы
Табиғат жанашырлары Маңғыстаудағы туристік бағыттағы жаңа жобаға қарсы

Келешекте Маңғыстау облысының тарихында алғаш рет ірі туристік жоба жүзеге асуы ықтимал.

Әйгілі Қарақия ойпатының Ащысор деп аталатын төңірегінде рекреациялық аймақ салу жоспарда бар. Бұл үшін Каспий теңізінен арық қазылып, аумағы 200 шаршы метрге жуық жер тұзды сумен толтырылады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Таяу жылдары жасанды суқойма жағалауында қонақүйлер бой көтеріп, демалуға келушілерге арналып жағажай кешендері салынатын болып шешілді. Алайда бұл бастамаға тәуелсіз экологтар қарсы.

Экологтардың пікірінше, жаңа жоба Каспий маңы экологиясына нұқсан келтіреді. Үш ғасыр бұрын бұл маң Тэтис теңізінің түбі болып саналғаны көне тарихтан мәлім. Жылдар өте келе бұл жердегі ұлан-ғайыр су тартылып, аңғары кепті.

"Құрғақ жерді теңіз суымен қайта толтыру – аймақта ауа ылғалдылығының күрт артуына әкеп соғады. Бұл, өз кезегінде тұрғындар денсаулығына қауіпті", - дейді табиғат жанашырлары.

Тәуелсіз эколог Кирилл Осиннің айтуынша, Каспий суын далаға бұрмас бұрын алдымен өңірге теңіз арқылы көршілес елдермен келісім қажет.

"Біз туристік жобаның Каспий биоәлеміне қандай әсер етерін ойлап, алаңдаулымыз. Ұмытпасақ, кезінде бұл жерде уран кеніштері болған. Ертең олардың үстінен су басқан жағдайда не боларын елестетіп көріңізші?! Бұдан қалаберді, жергілікті халықтың денсаулығы не болмақ?!" - дейді ол.

Табиғат қорғаушылары осылай деп дабыл қағып отыр. Қалай десек те, бұл жоба халық қалаулылары тарапынан қолдау тапқан.

"Жекелеген депутаттар мен экологтардың пікірлерін әзір болмаған істен күдіктену, сақтану деп қабылдағанымыз жөн. Жобаның қоршаған ортаға залалы болмауының алдын алуда тараптар өзара келісімге келеріне сенімдіміз", - дейді Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Дмитрий Клинчев.

Айта кетейік, Ащысор мекені әлемдегі ең терең жерлердің бірі – Қарақия ауданындағы Қарақия ойпатында орналасқан. Аумағы ат шаптырым төңіректі туристік орынға айналдыру үшін шамамен 60 млрд теңгеден аса қаржы керек.

Бұл ретте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ілмұханбетова жаңа жобаның техникалық-қаржылық негіздемесі дайын екендігін алға тартуда.

"Осы негіздеме қазіргі таңда әлеуметтік желілерде қызу талданып жатқан тақырыптың көптеген сауалдарына нақты жауап береді деп ойлаймын. Біз, өз тарапымыздан үкіметтік емес ұйымдар көтерген мәселені талдап, келешекте болуы мүмкін қауіптің алдын алу жолдарын қараймыз", - дейді Шолпан Лазарқызы.

Таяу күндері туристік жоба негіздемесі мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Одан ойдағыдай өтсе, жобалық-сметалық құжаттары жасақтау жұмыстары басталады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: