Талдықорғанда "Нұрлы жол" мен "Нұрлы жерді" жүзеге асыруға 5 млрд теңге бөлінді - Жаңалықтар | BNews

Талдықорғанда "Нұрлы жол" мен "Нұрлы жерді" жүзеге асыруға 5 млрд теңге бөлінді

07 ақпан, 20:24 1680 Алматы облысы
Талдықорғанда

Талдықорған қаласының экономикасына өткен жылы 60 миллиард теңгеге жуық инвестиция құйылды, деп хабарлайды BNews.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Онда негізінен индустрияландыру мен инновациялық технологияларға және "Нұрлы жол", "Нұрлы жер" бағдарламаларын жүзеге асыруға басымдық берілді. Бұл мақсатқа 5 миллиард теңге бөлінген.

Ал Оңтүстік-шығыс ықшам ауданында 8 көп қабатты тұрғын үй елдің игіліне беріліп, мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлады. Халық алдында есеп берген Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев өз баяндамасында осындай мәліметтер келтірді. Талдықорғанда аталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға айрықша көңіл бөлініп отыр.

"Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша өткен жылы Оңтүстік-шығыс ықшам ауданында коттедж қалашығының құрылысы басталды. Жобаға сәйкес мұнда 600 үй салынады. Бұл мақсатқа 104 гектар жер бөлініп, инженерлік желілері тартылды. Құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Желтоқсан айында 202 отбасы жаңа коттедждердің кілтін алып, үлкен қуанышқа кенелмекші.

 Сонымен қатар қалада көпқабатты тұрғын үйлер де көптеп салынуда. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылады.

"Жалпы 8 көпқабатты үй салынды. 1000 пәтер қала тұрғындарына арнайы тапсырылды. Осы жобаны біз биылғы жылы да ары қарай жалғастырамыз. Себебі осы бағдарлама бойынша бізде 15 жоба іске асады деп жоспарлануда. 6 миллиардтан астам қаражат осыған жоспарланған. Оның ішінде 8 жоба құрылыс саласында, 7 жоба инженерлік инфрақұрылымдардың құрылысы. Осы үлкен жобаларды біз биылғы жылы іске асырып, жетістікке жетуге біз тырысамыз", - деді Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев.

Талдықорғанда аумағы 600 гектар жерді алып жатқан индустриалды аймақ құрылып, жаңа зауыт-фабрикалар салынып жатыр. Онда ағымдағы жылы 5 өндіріс ошағы іске қосылады. Жақында облыс орталығында күн көзінен электр қуатын өндіретін 5 мегаваттық екі кәсіпорынның құрылысы басталады. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтардан биологиялық газ шығаратын зауыт іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары