Тамыз айында Медициналық сақтандыру қорына 8,2 млрд теңгеге жуық жарна түсті

04 қыркүйек, 2018, 15:38 1962
Тамыз айында Медициналық сақтандыру қорына 8,2 млрд теңгеге жуық жарна түсті

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 31 тамызына дейінгі аралықта түскен қаржының жалпы сомасы 97 млрд теңгеге жеткенін атап өтті.

Тамыз айында Медициналық сақтандыру қорына 8 млрд 156,9 млн теңге көлемінде жарна аударылды. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекова мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 31 тамызына дейінгі аралықта түскен қаржының жалпы сомасы 97 млрд теңгеге жетті.

"Оның 88,4 млрд теңгесі (91%-ға жуығы) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,6 млрд теңге (9%-ға жуығы) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі", - деді Ботагөз Жақселекова.

Сондай-ақ, ол жарнаны жеке тұлғалар қалай төлейтінін толықтай түсіндіріп өтті.

"Жаңа өзгерістер бойынша жеке тұлғалар да екі жылға дейін жарна төлеу міндетінен босатылды. Бұл санаттағылар, яғни, жалданып жұмыс істейтін жеке тұлғалар өзі үшін жарнаны 2020 жылдан бастап төлей бастамақ (2020 жылы – 1%, 2021 жылы – 2%). Оны жұмыс беруші ай сайын ұстап, медициналық сақтандыру қорына аударып отырады. Есіңізде болса, сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін дау тудырған үлкен мәселенің бірі – азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар болатын. Қолданыстағы заңда азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететіндер табысының бес пайызын қорға аударуға міндеттелген еді. Ал бұл аталған санаттағылар тарапынан сынға ілікті. Сол себепті заң жобасын әзірлеу барысында министрлік бұл мәселеге де баса мән берді. Нәтижесінде, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар төлейтін жарна мөлшері төмендеді. Бұл санаттағы азаматтар 2020 жылы табысының 1%-ын, ал 2021 жылдан бастап 2% аударады. Ал, 2018-2019 жылдары бұл топ жарна төлеуден босатылады", - деді Басқарма төрағасының міндетін атқрушы.

Аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан Алматы, Астана қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.

Естеріңізге сала кетсек, жарналар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы Ұлттық банктегі есеп-шотқа түседі. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген. Ақша қолға берілмейді. Емханалар мен клиникаларға көрсеткен медициналық қызмет ақысы сол шот арқылы тікелей төленеді. Онда да нақты көрсетілген қызмет бойынша берілген құжаттар, атқару актілері талап етіледі. Сондықтан ақшаның басқа мақсаттарға жұмсалуы мүмкін емес. Мұны қадағалайтын бақылау жүйесі бар. Және мұны қадағалауға азаматтардың да көмегі қажет. Жарна төлеген адам көрсетілген қызметтің сапасын тексеруге мүдделі болуы тиіс. Қызмет сапасы көңілінен шықпаған жағдайда азаматтар өз наразылықтарын Қорға хабарлап отыруы қажет. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру #жарна #медицина

Читайте также

Похожие новости