Таң қаларлық ілгерілеу – Шавкат Мирзиёев Қазақстанмен тауар айналымының артуына таңданды - Жаңалықтар | BNews

Таң қаларлық ілгерілеу – Шавкат Мирзиёев Қазақстанмен тауар айналымының артуына таңданды

15 наурыз, 17:10 3141 Астана
Таң қаларлық ілгерілеу – Шавкат Мирзиёев Қазақстанмен тауар айналымының артуына таңданды

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тек темір жол арқылы ғана жасалатын тауар айналымы бір жылда 44%-ға артқан.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды BNews.kz.

"Біз бірнеше рет кездестік, ең маңыздысы, барлық келісім іске асырылып жатыр. Бір жыл ішінде өте ауқымды іс атқардық: көршілерімізбен қарым-қатынасымызды жақсарттық, екі ел арасында он жылдап шешілмей келген шекараға, тауар айналымына қатысты мәселелерді шештік. Жалпы барлық көңіл-күй жақсарды", - деді Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан президентіне.

Қазақстан басшысы мемлекет басшыларының жұмыс бабы бойынша кездесу идеясы нақты Шавкат Мирзиёевке тиесілі екенін атап өтті.

"Бүгін барлық әріптесімізбен, біздің бауырларымызбен кездесеміз. Біздің басқа ешқандай мақсатымыз жоқ. Мұнда саяси астар да жоқ. Осы жиын барысында Біз көршілердің проблемаларын, экономикалық мәселелерін, күнделікті мәселелерін, өзара қарым-қатынасын, сауда, байланыс, көлік мәселелерін шешкіміз келеді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал Шавкат Мирзиёев екі ел арасындағы тек темір жол арқылы ғана жасалатын тауар айналымы бір жылда 44%-ға артқанын айтты.

"Таң қаларлық ілгерілеу", - деді Қазақстан Президенті.

"Өзіңіз атап өткендей, соңғы бір жарым жылдың ішінде бауырлас екі халықтың арасындағы достық байланыстар мүлдем жаңа бейінге көшіп келеді. Әсіресе, экономика саласында елдеріміз арасындағы сауда-саттық көлемі бір жылдың ішінде-ақ 2 млрд долларға жетіп отыр", - деді Шавкат Мирзиёев.

Айта кетейік, бүгін Ақордада Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуі өтеді. Түрікменстанда жоғары деңгейдегі іс-шаралардың алдын ала жоспарлануына байланысты бұл елден аталған жиынға Меджлис төрайымы А.Т.Нурбердыева ханым қатысады. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Орталық Азия елдері басшыларының бірінші консультативті кездесуі аясында, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті. Қазақстан Президенті Жээнбековпен өткен соңғы кездесу барысында айтылған мәселенің барлығы шешіліп жатқанын атап өтті.

Ұқсас жаңалықтар