Тәрбие жұмысында ұсақ-түйек болмайды – Ербол Іргебай

24 шілде, 2018, 18:24 1931 Астана
Тәрбие жұмысында ұсақ-түйек болмайды – Ербол Іргебай

Астана қаласындағы Оқушылар сарайы директорының айтуынша, ата-ана балаға іс-әрекетімен үлгі болуы керек.

Баланың бойында қабілетін көре біліп, оны шығармашылық тұрғыдан дамыту – ата-ана мен ұстазға байланысты. Бұл туралы Астана қаласындағы Оқушылар сарайының директоры, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Іргебай Ербол Ислямұлы BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Оқушылар сарайында жалпы қанша бала білім алып жатыр?

Астаналық оқушылар сарайы Елбасының сыйы ретінде 2011 жылы қараша айында ашылды. Бүгінгі таңда Оқушылар сарайына аптасына 10 040 оқушы келіп, білім алады. Бала­ларға арналған өнер-білім, мәдениет пен спорт орда­сында бүлдіршіндер мен жет­кін­шектерді жан-жақты дамытуға бар мүмкіндік жасалған.

Сарайда бірнеше бағыт бойынша білім беріледі, осы бағыттардың  ұтымды тұстары туралы айтып өтсеңіз.

Оқушылар сарайы негізгі жеті бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар: ғылыми-техникалық, гуманитарлық, көркем-эстетикалық, спорт-дене шынықтыру, тарихи-өлкетану, психологиялық қолдау және балалар қозғалысы бағыттары. Әр бағыттың өз ерекшеліктері мен ұтымды тұстары бар.

Ғылыми-техникалық бағыт бойынша "Ғылым қалашығы" және "Технопарк" жобалары жүргізіледі. Интерактивті парк, планетарий, виртуальды лаборатория балалардың үлкен қызығушылығын тудырады. Сондай-ақ, химик-зерттеуші, нанотехнология, биотехнология ғылым салалары бойынша үйірмелер жұмыс жасайды. Бүгінгі заман талабына байланысты робототехника, 3D бағдарлау, кеме моделі, авто моделдеу үйірмелері де бар.

Гуманитарлық бағыт бойынша Дипломатилық корпус және Медиа орталық жобалары жұмыс жасайды. Дипломатиялық корпуста оқушылар тіл үйренсе, Медиа орталықта журналистика, тележурналистика, радиожурналистика салаларын меңгереді. Бүгінгі таңдағы әлеуметтік желілердің рөлін ескере отырып "Видеоблогинг" үйірмесін жүргізуді қолға алып отырмыз.

Көркем-эстетикалық бағыт бойынша "Шеберлер қаласы" және "Таланттар ордасы" жобалары жұмыс жасайды. "Шеберлер қаласында" - көркем сурет, Арт дизайн, саз өнері үйірмелері бар. "Таланттар ордасында" - хореграфия, вокал, театр, аспапты музыка үйірмелері жұмыс жасайды.

Спорт-денешынықтыру бағытында "Чемпиондар лигасы" жобасы аясында 29 үйірме жұмыс жасайды.

Елбасы Жолдауын жүзеге асыру бойынша қосымша білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар барысы қандай?

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының "Мәңгілік Ел" идеясы тәрбие бастауында тұруы керек. "Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақты" ұстанған біздің еліміз үшін "Мәңгілік ел" идеясы – Ұлттық идеямыз.   Ұлттық идеяны  басшылыққа ала отырып, негізгі жеті бағытты оқушылар санасына сіңіруге жұмыс жүргізілді.

Оның ішінде, "Ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім", "Зайырлы қоғам және жоғары руханият", "Тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы", "Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы" бағыттары бойынша әр сабақта ескеріліп отырады. Жолдауда көтерілген Цифрлы технологияны дамытуға көңіл бөліп жатырмыз.

Рухани жаңғыру аясында сарайда өтіп жатқан іс-шаралар туралы айтып өтсеңіз?

Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында "Тарихи-өлкетану" бағыты бойынша "Есіл-Нұра" өлкетану үйірмесі жұмыс жасайды. Үйірменің ғылыми кеңесшісі профессор Жамбыл Артықбаев. Биылғы жылы "Астана – Ұлы дала елордасы" жобасы бойынша жұмыстар жүргізілді. Оқушылар арасында  Елбасының "Астана – Қазақ елінің ежелігі төрі" - деген сөзін тарқатып, Астана тарихын зерттедік.

"Астананың тарихи орындары", "Астананың тарихи ғимараттары", "Астана ескерткіштері", "Астана асқарым" тақырыптары бойынша материалдар жинақтап, кітапша әзірленді. Астана қаласындағы "Тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі дирекциясымен" бірлесе отырып маршрут картасын әзірлеп, QR quest жобасын жасадық.

Елбасының "Мәңгілік ел" идеясын насихаттау мақсатында "Рухани жаңғыру" орталығн құрып, арнай кабинет ашу жоспарымызда бар. Орталықта Қазақстанның киелі жерлері, Ұлттың ұлы тұлғалары, "Абай әлемі" сияқты бағыттар болады деп күтілуде.

Сарайда халықаралық деңгейдегі көптеген байқаулар өткізіледі. Соларға тоқтала кетсеңіз.

Оқушылар сарайында "LAULA" балалар шығармашылығының халықарлық байқауы өткізіледі.

Балдық және спорттық биден "JIBEK JOLY – SILK WEI" халықаралық байқауы өтеді. Биылғы жылы әлемнің 15 елінен бишілер келді.

Көркем гимнастикадан "Астана-Бәйтерек" республикалық турнирі, ал каратэден республиканың ашық турнир өткізіліп отырады. Сондай-ақ, хоккейден Оқушылар срайының жүлдесі үшін республикалық жарыс пен киберспорттан Астана қаласының ашық турнирі өтеді.

Жоғары жетістіктерге жетіп жүрген тәрбиленушілер және олардың ұстаздары туралы бір ауыз айта кетсеңіз?

Оқушылар сарайында бокстан Қазақстан чемпионатының жүлдегері Ақтілеу Данияр, дзюдодан Азия чемпионы Науатбек Ақмарал, таеквандодан Азияның қола жүлдегері Қосмұхамет Ботагөз, үлкен теннистен Рүстемова Жанель және т.б. көптеген тәрибеленушілеріміз бар.

Сарайда "Тастүлек" хоккей командасы жұмыс жасайды. 

Владислав Ли басқаратын "Бомонд" балдық би ансамблі республика көлемінде әйгілі. Сало Лариса жетекшілік жасайтын "Нұршашу" би ансамблі де халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Владислав Ли мен Сало Ларисада өз мамандықтарының кәсіби шеберлері.

Ұстаздар арасында ерекше  тәрбиелік және білім беру әдістемелері бар мұғалімдер көп пе?

Вокал үйірмесінде жұмыс жасайтын Бронислав Бугинас – шеберлігі жоғары ұстаз. "Балаларды ерте жастан музыкалық дамыту" бағларламасының авторы. Қазақ, орыс тілдерін еркін меңгерген Бронислав балалармен жақсы жұмыс жасайды. Республикалық Педагогикалық оқулардың жеңімпазы және 2017 жылы Қосымша білім беру саласы бойынша Республикалың "Үздік педагогы" атанды. "Химик зертеуші" үйірмесін жүргізетін Ph D Ерлан Сүлеймен биылғы оқу жылында Астананың "Үздік педагогі" атанды. Химия лобароториясында 40 түрлі өсімдіктен эфир майларын бөліп алу жұмыстарын жүргізеді. Оның өзінің "Қазақ даласының хош иістері" жобасы бар.

Аспаптық музыкадан сабақ беретін Шолпан Қорғанбекованың домбырада үйрету бағдарламасы бар. Ұлттық домбыра күні мерекесінде Оқушылар сарайының 70 тәрбиеленушісі "Қазақ елі" алаңында күй ойнады.

Жалпы балалардың қосымша білім алуға деген қызығушылығын қалай бағалар едіңіз?

Балалардың қосымша алуға қызығушылығы өте жоғары. Жасыратыны жоқ барлық ата-ана мен балалардың мүмкіндігі бірдей емес. Кейбірі алыста тұрса, кейбірінің материалдық жағдайы болмай жатады.

Үйірмелердің бағасы туралы айта кетсеңіз?

Үйірмелердің бағасы 7000 мен 10000 теңге аралығында.

Балалар үшін қандай жеңілдіктер бар?

Көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына қаралаған жеілдіктер бар. Дарынды балаларға арналған жеңілдіктеріміз де бар. Оның жеке критерийлері бар.

Балалардың жас ерекшелігі қандай?

Оқушылар сарайына 4 пен 18 жас арасында балалар келеді. Вокал үйірмесіне, Көркем гимнастикаға 5 жастан бастап қабылданады.

Жаз мезгілінде балалардың үйірмеге келуі азая ма?

Иә. Балалардың демалысқа шығуына байланысты келеуі сирейді.

Жалпы көп сұранысқа ие үйірмелер туралы айта кетсеңіз?

Хореграфияға балалар көп келеді. Оның ішінде балдық биге сұраныс жоғары. Сондай-ақ Көркем сурет үйірмесіне де сұраныс жоғары. Спорт секцияларына балалар өте көп қатысады. Мысалы бассейнге балалар өте көп келеді, тіпті орын болмай кезекте тұрады. Хоккей, мәнерлеп сырғанау, карате үйірмелері де балалар арасында үлкен сұранысқа ие.

Бүгінгі таңда өскелең ұрпақта тәрбиелеуде IT технологиялар мен робот құрау, жалпы цифрлық дамуға көп көңіл бөлінуде. Сіздерде осы сала қалай өркендеуде?

Жоғарыда айтылды. "Технопарк" жобасы аясында робототехника мен 3D бағдарламалары бойынша үйірмелер жұмыс жасайды. Шыны керек, мықты мамандар тапшы. ІТ мамандардың көпшілігі жалақысы жоғары компанияларға барады да, бізге көп тұрақтай қоймайды. Дегенменде, қоса атқаратын маман ретінде жұмысқа алып, мәселені шешудеміз. Биылғы оқу жылында ІТ технологияны дамыту жөнінде Политехникалық колледжбен меморандумға қол қойдық. Колледждің білікті мамандары мен жоғары курс студенттері келіп, балалармен жұмыс жүргізеді.

Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында STEM лобаротрия алу жоспарланып отыр. Соныен қатар ЭКСПО – дан "Болашақтың энергиясы" тақырыбына байланысты "RAINMAKER", "ENERGY GAME" экспонаттарын аламыз.

Келер оқу жылына оқушылар мен ата-аналар қауымына қандай жақсы жаңалықтарыңыз бар?

Интерактивті паркте 6-7 сынып оқушылары үшін "Білм баспалдағы" жобасын, 9-шы сыныптар үшін виртуальды лобараторияда "Мамандықтар әлімі" жобаларын жүргізу жосапарлануда. "Жас Ұлан" ұйымымен де бірлескен бірнеше жобаларымыз бар. Жоспарымызда футбол, гандбол үйірмелерін ашу да бар.

Тәжірибесі мол білікті басшы, әрі педагог ретінде  бала тәрбиесі мен білім алуына қатысты негізгі қандай қағидаттарды атап өтер едіңіз?

Абай 37 қара сөзінде "Адам баласын замана өсіртеді, кімде-кім жаман болса, замандастарының бәрі кінәлі" - деп айтады. Бүгінгі біздің қоғамда орын алып жатқан келеңсіз көріністерге барлығымызда кінәліміз. Біріміз тікелей, бірі жанама. Тікелей кінәлі болатын кім? Әрине бірініші ата-ана, одан соң қоғамдық орта мен ұстазы.

Ата-ана баланы дүниеге әкелген соң, оның тәрбиесі мен білім алуына жауапты болуы керек. Тәрбие бала таңертең ұйқыдан оянғанан бастап, кешке ұйқыға жатқанша жүретін үздіксіз процесс. Тәрбие жұмысында ұсақ-түйек болмайды.  Ата-ана балаға іс-әрекетімен үлгі болуы керек, баланың еліктеп өсетінін естен шығармайық. Балаға амандасу мен қоштасуды, көмек беру мен рақмет айтуды үйрету отбасынан басталады. "Ұят болады", "Обал болады", "Күнә болады", "Сауап болады" деген ұғымдардың бастауы бала санасына отбасында сіңеді.

Баланың бойында қабілетін көре біліп, оны шығармашылық тұрғыдан дамыту – ата-ана мен ұстазға байланысты.

Баласына жағдай жасап, олардың соңында жүрген ата-аналарды құрметтеймін, жақсы көремін. Бірақ көптеген ата-аналар баланың мойнына шамадан тыс жүктеме артады. Күніне екі-үш үйірмеге қатысатын балаларды да байқап жүрміз. Олар сабақ оқуы керек, дайындалуы керек, соның барлығы баланы шаршатады. Шаршаған баланың қызығушылығы да азайады. Осыны ескергеніміз жөн.

Сұхбатыңызға рахмет!

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: