Тарихи ескерткіштер телеатласы жарық көреді

11 қазан, 2018, 10:50 956 Қызылорда облысы
Тарихи ескерткіштер телеатласы жарық көреді

Қызылордада кітап оқуға қызығушылықты оятудың тың әдісі қолға алынды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов мәлімдеді.

Тың болатын себебі, белгілі қазақ жазушыларының шығармаларындағы Сыр өңіріне қатысты қызықты тұстар ықшамдалып, жүйеленіп, оқырманға ұсы­нылады. Облыстық тілдерді оқыту ор­талығының мамандары 10 кітапшаны дай­ындап, баспаға жолдады.

– Біздің бұл бастамамызға байланыс­ты «тұтас бір әдеби дүниені жұлмалап тастады» дейтіндер табылуы мүмкін. Алайда, көркем әдебиетке қызығушылық күрт кеміген уақытта осылайша басқа амал іздеуге тура келді, – деді Т.Маханов.

Одан бөлек, «Қорқыттың даналық сөз­дері» атты кітаптың қазақ, орыс тілдеріндегі нұсқасы дайын. Қазір ол ағылшын тіліне аударылып жатыр. Кітапқа АҚШ пен Еуропа мемлекеттерінің архивтеріндегі тың дүниелер топтас­тырылған. «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында жергілікті тарихи-мәде­ни ескерткіштердің телеатласы, аймақ тарихының электронды оқулығы жа­рық көреді. Жыл соңына дейін Сыр то­пырағынан шығып, республикаға та­нылған азаматтардың басын қосатын дәстүрлі «Туған жерге тағзым» акциясы өтпек. Басқарма басшысы «100 есім» жобасының үміткерлерін іріктеу форматы өзгергенін айта келе, жерлестерімізді жобаға бір кісідей атсалысуға шақырды.

Қызылордалықтардың 99,4%-і – қазақ, 70,8%-і – орыс, 13,6%-і ағылшын тілдерін біледі. Үш тілді қатар меңгергендердің үлесі – 12,2%. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында аймақта біршама жұмыс атқарылды. Оның ішін­де қазақ әліпбиін латын графикасы­на көшірудің негізгі қағидаларын тү­сіндіру мақсатында 80-ге жуық шара ұйым­дастырылып, ақпарат құралдары, әлеу­меттік желілер арқылы кеңінен насихатталды. 626 адам – қазақ, 319 адам – орыс, 635 адам ағылшын тілдері бойынша курстардан өтті.

Өңірдегі 1067 үкіметтік емес ұйым­ның 974-і ғана жұмыс істеп тұр. Қал­ғандарының аты барда, заты жоқ болу себебі неде?

– Мысалы, ұрпақтары батыр бабасының есімімен қор ашып, рухына бағыштап ас беріп, ат шаптырып, ұлан-асыр той жасағаннан кейін оны жабу керектігін ескермейді. Дерекқор тізімінен шығарылмағасын қордың салықтық қарызы қордалана береді. Олар осылайша, біріншіден, мемлекет алдындағы берешекті өтеуден, екінші­ден, жауапкершіліктен қашады, – деді басқарма басшысы.

Аймақтағы діни ахуал тұрақты. Биылдыққа қандай да бір дінаралық қақтығыс, қарсы бой көтеру болған жоқ. Бүгінгі күні бізде 181 діни ұйым, оның ішінде 11 жергілікті діни бірлестік, 170 филиал тіркелген. Қызылордада шетелдік 3 азамат миссионерлік қызметпен айналысып жүр. Мониторинг нәтижесінде 150 сайт экстремистік бағытта ақпарат таратушы ретінде танылды.

– 11 жерлесіміз шет елдерде діни білім алуда. Ал «Нұр-Мүбәрак» универ­си­тетінде оқитын 11 азаматтың 3-уі сыр­бойылықтардың арасынан алғашқы­лар­дың бірі болып дін саласында доктор­лық диссертация қорғайды, – деді Т.Маханов.

Қыркүйек айында облыстың қоғам­дық-саяси ахуалы мен тұр­ғындардың әлеуметтік көңіл-күйін білу мақсатында сауалнама ұйымдастырылған еді. Нә­ти­жесінде респонденттердің 88%-і қоғам­дық-саяси ахуалды тұрақты деп бағалады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!