Тәртіп сақшылары қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен екі ер азаматты ұстады

10 қазан, 2017, 14:10 1012 Астана
Тәртіп сақшылары қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен екі ер азаматты ұстады

Қарақшылық шабуылдың екі оқиғасы бойынша полиция қызметкерлері Жамбыл облысының екі тұрғынын ізін суытпай ұстады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Қылмыстық полиция қызметкерлері 8 қазанда таңғы сағат бес шамасында елорданың Құдайбердіұлы көшесінде орналасқан ойын-сауық орнының маңында қаланың 23 жасар тұрғынының аяғына пышақпен жарақат салып, оның мүлкі мен ақшасын ұрлады деген күдікпен екі ер азаматты қолға түсірді.  

Алдын ала тергеудің барысында күдіктілердің дәл сол күні таңғы сағат 05:20-да дәмхананың маңында 32 жастағы ер адамды пышақпен қорқытып, оның құны 100 мың теңгені құрайтын ұялы телефонын ұрлағандығы анықталған.

«Жедел-іздестіру шаралары кезінде қылмыстық полиция қызметкерлері Жамбыл облысының 25 және 26 жастағы екі тұрғынын ізін суытпай ұстады. Айғақты заттар алынды», - делінген Астана қаласы ІІД-нің хабарламасында.

Ведомстводан мәлімдегендей, қазіргі таңда ҚР ҚК 192 бабы (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүрізіліп жатыр. Күдіктілер Астана қаласы ІІД-нің уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Тұтқынға алынғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!