Теміртауда анасы екі жасар қызын бейтаныс әйелге тастап кеткен

03 тамыз, 2018, 09:52 3346 Қарағанды облысы
Теміртауда анасы екі жасар қызын бейтаныс әйелге тастап кеткен

26 жастағы ананың мұндай қадамға баруына не себеп болғаны белгісіз.

Теміртауда көкек ана сәбиін бейтаныс әйелге қалдырып, өзі қашып кеткен. 26 жастағы ананың мұндай қадамға баруына не себеп болғаны белгісіз. Қамқоршылық органдарының қарауындағы кішкентай Милена жақын күндері Қарағандыдағы балалар үйіне орналастырылады, деп xабарлайды BNews.kz Вaq.kz-ке сілтеме жасап.

29 шілде күні Теміртаудың Коммунаров көшесінде жас ана бейтаныс әйелден қызын аз ғана уақытқа қарайлай тұруға өтінген. 2 жасар сәбиін көшеде қалдырып, өзі кетіп қалған ана сол беті қайтып оралмаған.

"Баланың анасы бейтаныс әйелге баласын қарай тұруын өтінген. Ол кездесуге баратынын, ол жерге баламен баруға болмайтынын айтқан. Телефон нөмірін қалдырған. Қайтып оралмаған қыздың анасын біраз уақыт күткен әйел полицияға xабарласқан. Инспекторлар баланы ауруxанаға әкеліп, өздері анасын іздеумен айналысуда", - дейді Теміртау қаласы Білім бөлімінің қамқоршылық және қорғаншылық секторының жетекшісі Жұлдыз Арилина.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері көшеде қалдырылған баланың анасы 1992 жылы туылған Қарағанды қаласының тұрғыны екенін анықтаған. Полицейлер көкек анаға телефон арқылы xабарласып, келуін өтінген. Алайда жас ана сол беті не полиция бөліміне, не қамқоршылық органына келмеген. Ол қызы екеуінде құжаттарының жоқ екенін айтқан.

Жұлдыз Арилинаның айтуынша, әйел құжаттарды әкеліп, баланың анасы екенін дәлелдесе де оған сәби бірден қайтарылмайды.

"Ол бала тұруға болатындай тұрғылықты жері бар екенін көрсетіп, сәбиді болашақта қамтамасыз ете алатынын дәлелдеуі керек. Қазіргі уақытта оны әкімшілік жаза күтіп тұр. Полиция қызметкерлері осымен айналысып жатыр", - дейді ол.

Қамқоршылық органы мамандары қазіргі уақытта баланың жағдайы жақсы екенін айтады. Жақын күндері бала Қарағандыдағы балалар үйіне жеткізіледі. Кішкентай Миленаның тағдыры толықтай анасының қолында дейді олар.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар