Теңгеміздің айналымға енгізілуі мемлекеттілігіміздің қалыптасуы жолындағы маңызды белес болды – Назарбаев

15 қараша, 2018, 18:30 3009 Алматы
Теңгеміздің айналымға енгізілуі мемлекеттілігіміздің қалыптасуы жолындағы маңызды белес болды – Назарбаев

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлері VIII конгресінің қатысушыларына құттықтау хат жолдады.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлері VIII конгресінің қатысушыларына Елбасы жолдаған құттықтау хатын оқып берді, деп хабарлайды BNews.kz.

"Құрметті ханымдар мен мырзалар! Қазақстан қаржыгерлерінің VIII конгресіне қош келдіңіздер! Бұл Конгресс ұлттық валютамыздың 25 жылдық мерейтойы күні өткізіліп отыр. Төл теңгеміздің айналымға енгізілуі мемлекеттілігіміздің қалыптасуы жолындағы маңызды белес болды. Теңге өз қаржы жүйемізді қалыптастыруға мүмкіндік берді әрі экономикалық егемендігімізді қамтамасыз етіп, дербес ақша-несие саясатын жүргізуді қамтамасыз етті", - деді Мемлекет басшысы.

Президент атап, өткендей, содан бері Қазақстан экономикасының ауқымы айтарлықтай өсті. Шетелден тартылған инвестиция көлемі 300 миллиард доллардан, ал халықаралық қорымыз 86 миллиард доллардан асты. Қазіргі таңда құрылымдық және институционалдық реформалар белсенді жүзеге асырылып, Үшінші жаңғыру басталды.

Капиталға және ауқымды қаржылық қызмет көрсетуге кеңінен жол ашатын "Астана" халықаралық қаржы орталығы құрылды. Оның базасында Қазақстанның дербес еуробондтарын орналастыру және IPO жөніндегі алғашқы мәмілелер жасалды.

Бүгінде әлемдік экономикалық құрылымның қарқынды трансформациясы жағдайында халықаралық қаржы жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде оңтайлы шешім іздеу үшін жаһандық диалог қажет.

"Конгресс сындарлы ой-пікір алмасатын, сондай-ақ елдеріміздің әл-ауқатын арттырып, орнықты даму үшін мемлекеттер арасында қаржылық ынтымақтастықты нығайтудың жаңа әдістерін әзірлейтін тиімді басқосу болады деп сенемін. Баршаңызға сәттілік пен толағай табыс тілеймін!", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар