Тіл үйретудегі жаңа тенденциялар - Жаңалықтар | BNews

Тіл үйретудегі жаңа тенденциялар

26 шілде, 16:34 3053 Астана
Тіл үйретудегі жаңа тенденциялар

Астанада "Оқу-әдістемелік құралдардың қазіргі ахуалы және тіл үйретудегі жаңа тенденциялар" атты республикалық онлайн семинар  өтті.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси  жұмыс комитеті  Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына"  ұлттық ғылыми-практикалық орталығы  Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында оқыту бағдарламаларын жетілдіру, оқытушылардың біліктілігін арттыру мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде онлайн семинар өткізуде, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Осы орайда "Оқу-әдістемелік құралдардың қазіргі ахуалы және тіл үйретудегі жаңа тенденциялар" атты республикалық онлайн семинар  өтті.

Аталған  шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси  жұмыс комитетінің өкілдері, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері, Астана, Алматы қалалары мен өңірлердегі мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының, жоғары оқу орындарының  мамандары және әдіскер-ғалымдары байланысқа шықты.

Шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси  жұмыс комитеті  төрағасының  орынбасары  Мелдешов Ғалымжан Сәрсенбайұлының кіріспе сөзімен ашылды.

Семинар барысында тіл үйретудегі жаңа тенденциялар дегенде айтылған ойлар қалай өрбиді, тиімді әдіс-тәсіл дегенде бірінші кезекке қандай бағытты шығара аламыз деген сұрақтар қойылды.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы Айдос Әбдіқалықов "Қазақ тілін оқытуда ұлттық стандарттардың ролі" атты  баяндама жасады.

"Стандарт ережелерін қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқытумен, Қазақстан Республикасында азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаумен айналысатын ұйымдар мен мекемелер ұйымдастыру-құқықтық, бағыныштылық формаларынан тәуелсіз Қазақстан Республикасы аумағында өз қызметін іске асырушы және мемлекеттік тілді оқыту, меңгеру деңгейін бағалау қызметтерімен айналысатын жеке және заңды тұлғалар қолданады", -  деді бөлім басшысы Айдос Әбдіқалықов.

Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті кафедра меңгерушісі Арай Жүндібаева "Қазақ тілін тілін оқытуда қолданылатын кейс және технология түрлері" баяндамасында тілге қатысы көптеген өзекті мәселелерді көтерді.

"Бүгінгі күні қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде үйренушілер қатары артып келеді. Әсіресе, ересектер арасында, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлерде қазақ тілін үйренуге деген құлшыныстары жоғары. Әйтсе де,  қазақ тілін меңгерту барысында қолданылып жүрген кейбір оқыту технологияларының  ұтымды нәтиже бермейтінін уақыт өзі дәлелдеп отыр.

Білімді берудің, ақпаратты ұсынудың әртүрлі жолдары бар. Қазақ тілі бойынша  ауызша сөйлеу, түсіну дағдыларын дамыту мәдениетін қалыптастыру  әлемдік әдістемеде  көбірек қолданылатын кейбір кейс түрлеріне тоқталамыз. Ағылшын, жапон тілдерін үйрету барысында кеңінен қолданылатын әдіс - бұл кейс әдісі.  Кейс әдісінің басты мақсаты:  белгілі бір тілде бір мәліметті зерттеу арқылы ақпарат беру. Яғни, тіл үйренуші үшін ең алғашқы қадам  өз ойын жеткізе білуден басталады. Ал тідің грамматикалық заңдылықтарын білу келесі этапта оқытылады.  Кейс әдісі - белгілі бір тақырыпты егжей-тегжейлі зерттеу. Ал қазақ тілін оқытудың бастапқы деңгейінде белгілі бір ақпаратты жеткізіп айтып беруі ұсынылады. Ол үшін тіл үйренуші берілген тақырыпқа сәйкес сөздер жазуы тиіс. Сөздерді ауызша немесе жазбаша сөйлем қатарына орналастыруы керек. Сосын сөйлем түрінде айтуы тиіс. Бастапқы деңгей үйренушілеріне сөйлемдегі сөздерді қосымшасыз жазуға (арасына  қосымшалар сиятындай орын қалдырып) рұқсат беріледі. Мұғалімнің көмегімен жазылмаған қосымшалар (жалғау, жұрнақ) жазылып, сөйлем толықтырылады", - деді өз ойларын көптің назарына ұсынған Арай Жүндібаева.

Қызылорда облысының Тілдерді оқыту орталығының оқу-әдістемелік бөлім басшысы Әсел Бақытова "Мемлекеттік тілді оқытуға арналған әдістемелік құралдар: мазмұн мен сапа" баяндамасында тіл үйрету сапасына назар аударды.

"Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысы бойынша Қазақстан Республикасы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015 жылы 15 оқулық жарық көрген болса, оның 10-ы оқу-әдістемелік құрал болатын. Ал 2016 жылы жарық көрген 15 оқулықтың 6-ы оқу-әдістемелік құрал болды. 2017 жылы 64 оқулық жарық көрсе, оның 16-сы оқу-әдістемелік құрал болатын. Қазір біз көп салада өзімізді салыстыратын ағылшын тілін оқыту құралдарына қарағанда көп пе жоқ әлде аз ба оны нақты айта алмаймын. Себебі, Камбридж университеті базасында калыптасқан кітап шығару ісі 1534 жылдан бері үздіксіз  жұмыс жасап отыр. Қай мемлекеттің кітапханалар базасын немесе танымал кітап дүкендерін интернет арқылы қарасаңыз осы оқулықтардың көп екендігін байқайсыз. Саны сапасына сай да келеді. Сонда артықшылығы неде? Жарайды ең алдымен уақыт екенін айқындап алдық ендігі кезекте оқулықтарының тіл оқыту үдерісіндегі тиімділігі алға шығып тұр", - деп ойын түйіндеді Әсел Бақытова.

М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті қазақ және орыс тілдері департаментінің үйлестірушісі Қарлығаш Дүсіпбаева "Оқылым дағдысын қалыптастырудың креативті жолдары" туралы ойын ортаға салды.

"Тіл үйренушілердің талабы мен қызығушылығы, танымы, психологиялық ерекшелігі, әлеуметтік жағдайы мен мақсаты түрлі болып келеді. Біреулері өз құлшынысымен келсе, екіншілері амал жоқтан, үшіншілері жұмыс берушілері тегін курс ұйымдастырғаннан кейін, амалсыз отырып қайтуға мәжбүр. Осындай топтардың қызығушылығын оятып, талаптарына жауап беру тілдерді үйретудің жаңа технологияларына жол ашты. Өз кезегінде  тілдерді оқытудың жаңа технологиялары түрлі креативті тәсілдерді әдістеме кеңістігіне әкелді. Бүгінгі таңда тілдерді меңгертудің төрт дағдысы:айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым бойынша деңгейлеп А1,А2,В1,В2,С1 деп оқыту өз нәтижесін беруде. Сонымен қатар, бұл тілдік деңгейлерін анықтауға ҚАЗТЕСТ бағдарламасы көмекші бола алады. Ал енді нақты осы төрт дағдыға (айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым) байланысты қолданылып жүрген әдіс-тәсілдер өте көп-ақ. Әсіресе, орыс лингвисті Петровтың, америкалық лингвист Эй Джей Хоугенің тіл үйретуге деген жолдары ерекше тиімді екені белгілі. Петровтің ізімен 9 ереже бойынша қазақ тілін оқытуға болса, Эй Джей Хоуге бойынша жаңа туған балаға ережесіз тіл үйрететін сияқты ережесіз тіл меңгерту трендте десе де болады. Ол өзі оқиғаларды ойдан шығарып, сөздер мен фразаларды, сөйлемдерді қайталату арқылы үйретеді. Бұл әдістеменің екінші бір жағы тек ағылшын тілінде сөйлейтін сияқты қазақ тілінде ғана сөйлеу керек. Жалпы отандық, шетелдік әдіскер-ғалымдардың пікірін ескере отырып, тілдің коммуникация құралы екені басты назарда ұстай отыра, соңғы кезде коуч терминінің жиі қолданылуына байланысты қазақ тілін үйретудің жаңа әдісі ретінде кино-коучпен бөліскенді жөн көрдім. Бұл әдіс студенттер арасында қолданылды, сондықтан ересектер де жақсы қабылдайды деп ойлаймын", - дейді Қарлығаш Дүсіпбаева.

Коучинг ілімі қазір әлемнің көптеген елдерінде табысты қолданылады. Тимоти Голви, Джон Уитмор, Мерлин Аткинсон, Томас Леонард және басқалары сияқты жетекшi әлем коучтары өз практикасымен адамдарға қызмет етуде. Қазақстанда да коуч бизнес, психология, білім саласында қолданылып келеді.      

Коучинг (ағылшын тілінен аударғанда "соасhing" – бапкерлік) – бұл адамға өзінің жеке мақсаттарын айқындау мен оған қол жеткізуге кәсіби көмек. Бұл анықтаманы жасаған коучингтің негізін қалаушы Джон Уитмор. Осы орайда тіл үйренушінің мақсаты қазақ тілін үйрену болғандықтан, кино-коучтің мақсаты - қазақ тілін кино көру арқылы үйрету. Ғалымдардың топшылауы бойынша, адам 80% көзбен көру арқылы есте сақтайды екен, қалған 20% есту арқылы. Сонда кино көру арқылы 100% қазақ тілін үйренуге болады деген болжам бар.

Ағылшын тілінің қысқаша Оксфордтық сөздігі "соасh" етістігінің мынадай анықтама береді – "жаттықтыру, оқыту, ақыл қосу, бағыттау, деректермен қамтамасыз ету".

Коучтің басты мақсаттары ықпалды сауалдар, мұқият тыңдау, түйсіктер, өмірлік тепе-теңдікке оқыту және оны бірлесіп табу көмегімен тіл үйренушінің проблемалық жағдайларын шешу; тіл үйренушінің  ақырғы шешімді қабылдауы; өздігінен оқуды ынталандыру; тіл үйренушінің мүмкіндігін толық ашу; тіл үйренушінің ықыласын арттыру болып табылады.

"Кино-коуч сабағында алдымен оқу мақсатын анықтап алу керек. Диолог құру, пікірін айта алуға жаттықтыру, мазмұнын түсініп, түсінігін жеткізу сияқты мақсаттар кино-коучқа келеді. Қажетті ресурстар: экран, мультипроектор, колонка, қиықшалар.  Көретін киноға байланысты тірек сөздер  жасалады. Тірек сөздер мен кино тілдік деңгейге сәйкес болуы шарт. Тірек сөздерді "Дөңгелек үстел басында" әдісі бойынша есте сақтаулары тиіс. Мысалы, әркім тірек сөздерден бір-бір немесе екі сөзді таңдап алады, бірінші адам өз сөзін айтады, екінші адам біріншінің және өз сөзін қосып айтады, үшінші адам бірінші мен екіншінің сөзін және өз сөзін қосып жатқа айтады және солай реттілік бойынша шеңбер жабылғанша сөздер айтылып келіп, бірінші адам өз сөзінен бастап, кезекпен әр қатысушының көзіне қарап отырып, әрқайсысы айтқан сөзін есінде ұстай отырып, жатқа айтып шығады, солай шеңбер бойынша екінші айналым кетеді. Екі айналымда қатысушылар бір-біріне көмектесу арқылы, еріксіз тірек сөздерді жаттап, түсініп алады. Өйткені кейбір қатысушылар дене тілі арқылы көрсетуге тырысады. Енді сабақ уақытына  қарай кино көрсетіледі. Киноның орыс тілінде субтитры болса, өте жақсы болады. Алдын ала киноны бірнеше бөлікке бөліп, киноның сюжеті бойынша сұрақтар дайындау қажет. Сіздің мақсатыңыз сұрақ қою арқылы кино желісі бойынша өз ойын айтқызу. Ол сұрақтар тілдік деңгейіне байланысты болады. Мысалы мынандай сұрақтар болуы мүмкін. Кейіпкерлердің аттары кім? Оқиға қай мезгілде болып жатыр? Басты кейіпкер қандай адам? Кинодағы диалогтерге байланысты екі кейіпкер не деп сөйлесті? Олар не туралы айтты? Ол қайда барды?", - деді Қарлығаш Дүсіпбаева.

Кино-коучтің тағы бір артықшылығы – тілдік дағдының (айтылым – ойын айтады, тыңдалым- естиді, көреді, оқылым – жазғанын оқиды, жазылым- сұрақтарға жауап жазады) барлық түрлерінің қолданылуы. Ол оқытушы-коучтің шеберлігіне байланысты. Дәл осы тәсілді бір мәтінді оқуға байланысты қолдануға да болады. Онда басты назар оқылымға түседі. Барлық кестелерде кино деген сөзді мәтін деп алмастырып қолдануға болады. Мәтінді де коуч тәсілімен оқытуға болады, деп түйді сөзін Қарлығаш Дүсіпбаева.

Ал Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Айнұр Баекеева "Ересектерге ағылщын тілін оқыту:әдістеме және тәжірибе" атты баяндамасында маңғызды деген бағыттарды  атады.

"Сонымен, ересектерге ағылшын тілін оқыту әдістемесінің теориясы мен практикасына талдау жасау нәтижесінде, шетел тілін оқытуды тиімді ұйымдастыру барысында барлық әдістердің тиімділігі мен олардың шетел тілін меңгеру барысында тигізетін орасан зор пайдасын жоққа шығармаймыз, алайда барлық ересектер мен тіл үйренушілердің бәріне жаппай бірдей әсер ететін нақты әмбебап әдістің болмайтындығын ескертеміз. Оған басты себеп ересектердің жас ерекшеліктері, тілді үйрену мақсаты, тіл меңгеру мен қабылдаудың жекелеген деңгейі, есте сақтау қабілеті, психологиялық және кәсіби ерекшеліктері, ересек тіл үйренушінің өмірлік тәжірибесі, сондай‑ақ білімі мен айналысатын қызметі болып табылады.  Сондықтан, ересектерге ағылшын тілін оқыту кезінде, олардың тіл үйрену процесін ұйымдастыру кезеңінде мына маңызды факторларды ескерген жөн", - деді Айнұр Баекеева

Мамандардың пікірінше, ересектердің моральдық‑психологиялық, интеллектуалдық, кәсіби‑салалық жақтарын анықтау; оқуға жағымды көңіл‑күй қалыптастыру; білім беруші мен білім алушы арасында сөз алмасу, білімдік  қарым-қатынас және әріптестік принципін орнату; ересек тіл үйренушілердің есте сақтау қабілетін көтеру арқылы белсенділігін арттыру; оқуды игеруге мультимедиялық және басқа да техникалық арсеналды кеңінен іске қосу; ересектердің меңгерген білімі нәтижесімен қанағаттануы сияқты көрсеткіштердің маңызы зор.

Айнұр Баекеева ересектерге ағылшын тілін оқытуды деңгейлеп үйретуде, оларды тілді үйренуге ынталандыру мен жігерлендіру мақсатында мынадай нақты технологияларды ұсынды.

"Біріншіден, ағылшын тіліндегі сөздерді дұрыс оқып, айта білуге үйрету қажет. Бұл үшін түрлі компьютерлік бағдарламалар мен мобильі қосымшаларды кеңінен қолдануға болады (Lingvo, Multitran, Wordbit, Полиглот және тағы басқа).

Екіншіден, тіл үйренушінің жеке мақсатына, қызығушылықтары мен кәсіби қызметі аясында сөздердің базасын, яғни лексикалық минимумын құру керек. Сөздер базасын құру үшін кез келген ересек тіл үйренушіні қызықтыратын немесе кәсіби саласына қажетті ағылшын тіліндегі ақпарат көзін таңдап, соны оқуға тырысып, сөздіктің көмегімен өз бетінше аударып көруге тырысу қажет. Қостілді мәтіндерден аулақ болған жөн, себебі қостілді мәтінді оқу кезінде сөздікпен жұмыс жасау дағдысы қалыптаспайды. Сонымен қатар, оқу арқылы түсіну дағдысы, сөздерді есте сақтау мен жазылымы дағдысы қалыптасады.

Үшіншіден, үйренген материалдар негізінде түрлі тақырыпта өз пікірін қалыптастырып, монолог, диалог, полилог сөйлеуге дағдыландыру қажет. Осы кезеңдегі маңызды нәрсе ­– ол ересектердің тілдік және психологиялық барьерден шығуы мақсатында сөйленім кезіндегі жіберетін қателерге емес, сөйленімнің мазмұнына көбірек мән беруге тырысу қажет. Тіл үйренушілерге ең тиімді әрі жеңіл жолдарды көрсеткеніміз абзал", - деді Айнұр Баекеева.

Ал С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің Оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Нұрлыхан Аитова "Психо-нейролингвистика жетістіктері негізінде тіл үйрету" тақырыптарында жасаған  баяндамасында маңызды аспектілерге тоқталды.

Психо-нейролингвисткалық зерттеулер негізінде тіл үйренушілер үшін ұсынылатын кеңестер мен стратегиялар;  Уақыт аралатып тұрақты түрде қайталап отыру (нақты игерілген білімді бір күннен кейін, бірнеше күннен кейін, апта соңында қайталап бекіту). Нейролингвистикалық тұрғыдан алғанда нақты бір ақпараттың бекітілуі үшін 21 рет қайталау ұсынылады. 

"Тілді ұйықтар алдында тұрақты қайталау: Америка зерттеушілерінің тәжірибе жасау нәтижелері бойынша адамның есте сақтауы белсендендірілуі үшін оған уақыт беру, яғни ұйықтау жемісті болатыны анықталған. Тілді ғана емес, контентті де игерту (Француз тілін оқытуда екі сыныпқа тәжірибе жасалған амалдар осы шарттарды есепке ала құрастырылған. Нейролингвистика бойынша адам миының ақпарат қабылдау белсенділігі алғашқы 20 минут қана екені айқындалған. Демек тіл үйретуде осы 20 минутты маңызды дүниеге арнау керек (материалды бекіту, жаңа сөз үйрену, тағы сол сияқты). Жаңа мен көне  материалдық ара салмағын екшеп отыру керек. Сабақ барысында мүлдем жаңа сөз, грамматика 15-25% аралығында болып, қалғаны қайталауға, үйренген конструкцияларды белсендендіріп, санаға бекітуге жұмсалуы тиіс. Музыка арқылы оқыту аса тиімді деп саналады, баланы жасынан әуен тыңдауға үйрету қажет. Үлкен адамдар да музыка тыңдауы тұрақты болса ауызша тілдесімді қабылдауы жаттығады. Нейролингвистиканың тың жаңалығының бірі өнерге (поэзия, суретшілік, мүсіншілік, сазгерлік және тағы да басқа) қатысты, өнер – мидың когнитивтік қызметінің ерекше өзгеше түрі, өмірдің басқа типі, мидың басқаша паттерні деп саналады.  Оқығанын ауызша өзіне не басқа адамға айту арқылы жаттығу. Жағдайды өзгертіп отыру қажет. Адамның күрделі логикалық тапсырмаларды орындайтын ми аймағы 18-22 жас аралығында дамитыны анықталған. Сондықтан тапсырмалардың күрделілігі ықтимал шамадан артпауы қажет", - деп ойын қортындылады Айнұр Баекеева.

Семинар соңында шараға қатысушылар өзара еркін пікір алмасып, әдістемелік мәселелер төңірегінде өз ұсыныстары мен тілектерін жеткізді.  

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: