Тоқаев банк саласында қауіп-қатерлерді басқарудың ұтымды моделін қалыптастыру керектігін айтты

04 мамыр, 2018, 12:19 1917
Тоқаев банк саласында қауіп-қатерлерді басқарудың ұтымды моделін қалыптастыру керектігін айтты

Бизнесті ұзақ мерзімге, тиімді мөлшерде несиелендіру арқылы ел экономикасының өсімін ынталандыру банк жүйесінің басты мақсаты.

Қаржы саласын реттеу мен қадағалау жүйесін заңнамалық тұрғыдан одан әрі жетілдіру керек деді, Қазақстан экономикасын дамытудағы банк секторының рөліне арналған парламенттік тыңдауда Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Біздің алдымызда банк саласында ықтимал қауіп-қатерлерді басқарудың ұтымды моделін қалыптастыру міндеті тұр. Біз банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығына кедергі келтіретін әлсіз тұстарды алдын ала анықтауға басымдық беруіміз қажет.Бұл қаржы саласын реттеу мен қадағалау жүйесін заңнамалық тұрғыдан одан әрі жетілдіре түсуді талап етеді. Парламент, өз кезегінде Сенат Ұлттық банктің қаржы саласын реттеу мен қадағалауды одан әрі жетілдіру жөніндегі бастамаларын қолдауға дайын" - деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев қажет болса, тиісті заңдарға түзетулер енгізу арқылы Ұлттық банктің құқығын күшейтіп, екінші деңгейдегі банктердің иелері мен акционерлерінің жауапкершілігін арттыру керектігін айтты.

"Мемлекет басшысы жағдайы күрделі банктердің қызметін орынды сынға алып, олардың акционерлерінен банк секторын сауықтыруға өз қаржыларын салуды және бұрын алған ақшаларын қайтаруды талап етті. Бұл ретте банк акционерлеріне және олармен байланысы бар тұлғаларға несие беруге заңмен шектеу қою керек. Бұл өз кезегінде банк активтерін шығарып әкетуге тосқауыл қоятын болады. Сенат осы маңызды шараға өз үлесін қосуға дайын. Көптеген банктердің айналымын "нашар" несиелерден тазарту жұмыстарын аяқтау қажет", - деді Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазіргі кезде Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама жиырма мыңнан астам азаматтың басындағы жалғыз баспанасын сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр. Осы бағдарламаны іске асыру арқылы қарыз алушыларға түскен ауыртпалық айтарлықтай азайтылды. Оларға банктердің алдындағы міндеттемелерін орындау үшін тиімді мүмкіншілік жасалып отыр, деп атап өтті Сенат төрағасы.

"Тағы бір айта кететін маңызды мәселе – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жұмысын жетілдіру жөнінде. Себебі, жалпыға бірдей түсінікті, қарапайым тілдегі қаржы саласындағы ақпараттың жетіспеушілігі азаматтар тарапынан тиімсіз шешім қабылдауға әкеп соқтыруда. Сондай-ақ қаржылық қызметтер түрінің көбеюі, олардың күн санап күрделенуі, алаяқтық тәсілдердің, қаржы пирамидаларының өріс алуы қаржы жүйесіне деген сенімді төмендетіп отыр. Ұлттық Банк жоғарыда аталған мәселелерге кеңінен көңіл бөліп, қордаланған мәселелердің оңтайлы шешімін табу үшін екінші деңгейдегі банктермен кешенді жұмыстар жүргізуі қажет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сенат төрағасы бүгінгі банк жүйесі ел экономикасын одан әрі жаңғыртудағы жаңа міндеттерді орындауға және азаматтардың заман талабына сай сұраныстарына әзір болуы тиіс екенін баса айтты.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #Қасым-Жомарт Тоқаев #Ұлттық банк #қаржы нарығы

Читайте также

Похожие новости