Тоқаев Өзбекстанның Олий Мәжлісі заңнама палатасының төрағасымен кездесті

27 қараша, 2018, 17:39 1642 Астана
Тоқаев Өзбекстанның Олий Мәжлісі заңнама палатасының төрағасымен кездесті

Тараптар екі елдің  сауда-экономикалық, көлік-транзит және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуді ынталандыруға әзір екенін жеткізді.

Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның Олий Мәжлісі Заңнама палатасының төрағасы Нурдинжон Исмоиловпен келіссөз өткізді, деп хабарлайды BNews.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстан басшыларының күш-жігерінің арқасында екі ел арасындағы қатынастар соңғы жылдары жаңа қарқынға ие болғанын атап өтті.

"Елдеріміздің белсенді ынтымақтастығы және бүкіл Орталық Азияның табысты экономикалық дамуы, тұрақтылығы мен қауіпсіздігі Қазақстан мен Өзбекстанның халықаралық аренадағы өзара іс-қимылына байланысты", - деді Сенат төрағасы.

Жүздесушілер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы бойынша пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Елбасы өзінің мақаласында өткеннің мұрасын шығармашылық тұрғыда зерделеп, біздің халқымыздың жаһандық өркениетке қосқан үлесін лайықты бағалауды ұсынады.

"Еліміздің дамуының келешегін жаңа қырынан бағалау үшін біз ең алдымен өз тарихымызды мақтан тұтуға тиіспіз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сенат төрағасының айтуынша, Президент бастаған ірі жобалар "Рухани жаңғыру" бағдарламасының заңды жалғасы болғалы отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Өзбекстанмен парламентаралық ынтымақтастықты және өзбек әріптестермен халықаралық ұйымдар аясында байланыстарды нығайту қажеттігін атады. 

Кездесуге қатысушылар екі елдің заң шығару органдарының сауда-экономикалық, көлік-транзит және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуді ынталандыруға әзір екенін нақтылады. Қасым-Жомарт Тоқаев 15 қарашада Шымкентте өткен алғашқы Аймақаралық форумның қорытындыларын жоғары бағалап, іскерлік қауымдардың осындай кездесулерін жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.

Сенат төрағасының пікірінше, мұндай сипаттағы кездесулер шекара маңындағы байланыстарға салмақты серпін беріп, екіжақты саудаға елеулі түрде қарқын бере алады. Екі ел басшыларының айтуынша, 2020 жылға қарай Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда көлемі 5 миллиард долларға дейін жетуі тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, дегенмен мұндай жоғары көрсеткішке қол жеткізу үшін екі ел үкіметтері мен парламенттерінің ауқымды күш-жігері қажет.

Өз кезегінде, Нурдинжон Исмоилов өзбек тарапы елдеріміз арасындағы достық қатынас пен ынтымақтастықты нығайтуға бар күшін салуға әзір екенін жеткізді. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар