Тоқаев Жолдауды іске асыру жөніндегі қарқынды жұмыстарды жалғастыруды тапсырды

23 қазан, 2018, 12:28 1524
Тоқаев Жолдауды іске асыру жөніндегі қарқынды жұмыстарды жалғастыруды тапсырды

Осыған байланысты Палата тұрақты комитеттерінің жетекшілеріне жоспарды орындауға қатысты ұсыныстар енгізуге тапсырма берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенаты Бюросының отырысында Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" халыққа Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатындағы депутаттардың аймақтарға сапарының қорытындылары туралы Палата төрағасының орынбасары Бектас Бекназаровтың ақпараты тыңдалды, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі – Қарағанды облысына өзінің сапарының нәтижелері туралы Бюро мүшелерін хабардар етті. Оның айтуынша, еліміздің аймақтарында ауқымды жұмыстар жүріп жатыр, дегенмен әлі де маңызды істерді атқаруға тура келеді.

"Біз, сенаторлар қабылданған бағдарламаларды іске асыру үшін өзіміздің парламенттік өкілеттігімізді толықтай пайдаланып, қарқынды жұмыс істеуіміз керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сенат Төрағасы Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпы ұлттық шаралар жоспары бекітілгенін еске салды. Осыған байланысты Палата тұрақты комитеттерінің жетекшілеріне осы жоспарды орындауға қатысты ұсыныстар енгізуге тапсырма берілді.

Бюро отырысында Сенаттың 25 қазанға белгіленген отырысының күн тәртібі бекітілді. Депутаттардың қарауына "2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар ұсынылатын болды. Сенат Төрағасы атап өткендей,  еліміздің негізгі қаржы құжатына енгізілетін түзетулер Мемлекет басшысының Жолдауының орындалуын қамтамасыз етуге және Түркістан облысының құрылуына байланысты болып отыр. Мемлекет басшысы кезек күттірмей қарау туралы тапсырма бергендіктен Тоқаев бұл мәселелерді комитеттерде қысқа мерзімде талқылап, Палатаның отырысына шығаруға шақырды.

Сенаттың алдағы отырысы барысында заңнамаға жарнама және мемлекеттік статистика мәселелері бойынша түзетулер қаралатын болады.

Депутаттар Халықаралық азаматтық авиацияға қатысты заңсыз актілермен күрес туралы конвенция және Қазақстан мен Үндістан үкіметтері арасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша күштеріндегі (БҰҰЛУК) үндістандық батальон құрамында қазақстандық бітімгершілік контингентті бірлесіп өрістету тәртібі туралы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялайтын болады.

Күн тәртібіне Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты және Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесінің ауданы туралы шартты ратификациялау туралы мәселені енгізу ұсынылды.

Одан басқа, Сенат отырысында республикалық маңызы бар Шымкент қаласынан жаңадан сайланған депутаттар Нұрлан Бекназаров пен Дархан Сатыбалды қай комитеттердің құрамына баратыны қаралады.

Бюрода Мәжілістен түскен заң жобалары бөлініп берілді.  Қаржы және бюджет комитеті "2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бойынша, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша күштеріндегі (БҰҰЛУК) үндістандық батальон құрамында қазақстандық бітімгершілік контингентті бірлесіп өрістету тәртібі туралы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы" заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар