Тоқмәди соттан жазасын жеңілдетуді сұрады - Жаңалықтар | BNews

Тоқмәди соттан жазасын жеңілдетуді сұрады

12 наурыз, 2018, 19:14 1570 Жамбыл облысы
Тоқмәди соттан жазасын жеңілдетуді сұрады

Мұратхан Тоқмәди соттан жас балалары бар екенін және процессуалдық келісімнің шарттарын толық орындағанын ескеруін өтінді.

2004 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыпталып отырған Мұратхан Тоқмәди сотта соңғы сөзін сөйледі, деп хабарлайды BNews.kz.

"Құрметті сот, маған тағылған айыпқа келісемін, өзімнің кінәмді мойындаймын. Келісімнің (процессуалдық келісімнің - редактордың ескертуі) шарттарын толықтай орындағанымды және кәмелеттік жасқа толмаған балаларым бар екенін ескеріп, барынша жеңілдетілген жаза қолдануыңызды сұраймын", - деді Мұратхан Тоқмәди.

Сондай-ақ, оның қорғаушысы Анжелика Ажигулова да соттан Тоқмәдидің жазасын жеңілдетуге болатын себептердің бар екенін алға тартып, 10 жылдан төмен бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрады. Қорғаушы жақтауға болатын дәлелді дерек ретінде Мұхтар Әбләзовтің қоқан-лоқы көрсетуімен Тоқмәди қылмыстық істі жасағанын айтты. Сонымен қатар, айыпталушы осыған дейін ынтымақтастық туралы процессуалдық келісімге қол қойып, барлық шартты орындады және тапсырыс бойынша жасалған қылмыстық істің мән-жайын ашуға өз үлесін қосты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, мемлекеттік айыптаушы Мұратхан Тоқмәдиді 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Оның мәлімдеуінше, Тоқмәдидің кінәсі толық дәлелденіп, ол қылмысты қасақана жасаған.

Мұратхан Тоқмәдиге шығарылатын үкімді жариялауды сот 16 ақпан күні сағат 12:00-ге белгіледі. Еске сала кетейік, 2004 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыпталып отырған Мұратхан Тоқмәдиге қатысты өтіп жатқан сот отырысы Таразда 16 ақпанда басталды. Тоқмәди өзінің айыбын толықтай мойындады. Қылмыстық істің мән-жайын анықтау барысында сотта 80 куәгерден жауап алынды. Аталған сот ісін судья Азамат Тілепов қарап жатыр. 

Сонымен қатар, бүгін ҚР ҰҚК-ның бұрынғы басшысы, сотталған Нартай Дүтпаев Мұратхан Тоқмәдидің ісі бойынша жүргізіліп жатқан сотта куә ретінде жауап берді. Куәгерден Астана қаласы Есіл ауданы №2 сотында бейнеконференция тәсілімен сұрақ алынды. Дүтбаев Мұхтар Әбләзовтың сұрауы бойынша 2004 жылы Ержан Тәтішевтің телефонын тыңдауға нұсқау бергенін растады.

Банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты куәгер Ерлан Атамқұлов 90-шы жылдардың соңында болған жағымсыз оқиға туралы айтып, "Ол көмектесуге әрекет жасамады" деп Тоқмәдиге мінездеме берді. Осыдан кейін ол сотталушы Мұратхан Тоқмәдимен байланысын мүлдем үзген.

Сондай-ақ, сотта Асхат Сейітовтің інісі – Талғат Сейітов растап, Мұхтар Әбләзовтің қолма-қол ақшаға айналдырылған қаржысын жеткізіп беру схемасы туралы айтып берген болатын.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар