Төрешілер шектен шықты – нокаутпен жеңілген ресейлік боксшыға жеңіс берілді - Жаңалықтар | BNews

Төрешілер шектен шықты – нокаутпен жеңілген ресейлік боксшыға жеңіс берілді

12 наурыз, 2018, 15:01 1593
Төрешілер шектен шықты – нокаутпен жеңілген ресейлік боксшыға жеңіс берілді

Қазақстандық Нұрсұлтан Аманжолов пен ресейлік Шигабутдин Алиев арасындағы кездесуде отандасымыз айқын басымдық танытқанымен, төрешілердің шешімі бойынша жеңіс қарсыласқа берілді.

11 наурызда Ресейдің Санк-Петербург қаласында "Astana Arlans" бокс командасы мен ресейлік "Patriot Boxing Team" арасында екінші кездесу өтті. Аталған кездесуде ең даулы жекпе-жек қазақстандық Нұрсұлтан Аманжолов пен ресейлік Шигабутдин Алиевтің арасында болды. Ойын барысында отандасымыз айқын басымдық көрсеткенімен, төрешілер жеңісті ресейлікке алып берді, деп хабарлайды BNews.kz.

Қос боксшы өте ауыр салмақ бойынша бокс кешінің соңғы кездесуінде сайысқа түсті. Алғашқы раундта Нұрсұлтан Аманжолов тұрған қалпында нокдаунға түскен болса, ал қалған раундтарда ол өзі қарсыласын екі рет нокдауынға түсіріп, тізерлетті. Алайда төрешілер жеңісті Шигабутдин Алиевке берді – (46:46, 49:45, 47:47).

Кездесу барысында жұмыс жасаған ресейлік комментаторлар Борис Скрипко мен Роман Гришин төрешілердің шешімі хабарланған сәтте қатты таң қалып, еріксіз күлді. Олар кездесу барысында қазақстандық боксшының жеңіске жететініне толықтай сенімді болған еді.

"Жоқ, жігіттер... Бұл енді шектен шыққандық! Рефери бес-алты секунд бойы біздің боксшымызды орнынан тұрғызуға тырысып, содан кейін ғана есеп ашқан кезде нокаут болған, онда таза нокаут болған, - деді де, еріксіз күлді Борис Скрипко. – Бұл енді әуесқой бокс, достар".

Ал оның әріптесі Роман Гришин болса, қызыл бұрыштағы боксшының қолы жоғарыға көтеріліп, жеңіске жеткені хабарланған сәтте қатты таңырқап қалды.

"Бұл таң қаларлық жағдай! Қандай таң қаларлық есептік көрсеткіш. Мен негізі екі карточкада тең есеп көрсеткішін көрдім", - деді Роман Гришин.

Айта кетейік, бокс кездесуінде ресейлік "Patriot Boxing Team" командасы 5:0 есебімен "Astana Arlans" боксшыларынан басым түсті. Ал қос команда арасында осы жылдың 24 ақпанында бірінші кездесу еліміздің Щучья қаласында өткен болатын. Сол кездесуде қазақстандық команда ресейліктерді 5:0 есеп көрсеткішімен толықтай жеңді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: