Цифрлық хабар таратуға толығымен көшу аз уақытта аяқталады – Абаев

04 қыркүйек, 2018, 12:04 1780 Астана
Цифрлық хабар таратуға толығымен көшу аз уақытта аяқталады – Абаев

Барлық өңірлерді толығымен қамтамасыз ету үшін 827 станция қажет.

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев елдегі цифрландыру бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Министр цифрлық хабар тарату әсіресе аудан, қала орталықтарынан шалғайда орналасқан ауылдағы ағайынға қандай пайда әкелетінін айтты.

"Биыл қазақ телевизиясының құрылғанына 60 жылдан аса уақыт өтті. Дәл осындай тарихи кезеңде біз отандық цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуды кешенді түрде қолға алдық. Қазір жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл ауқымды әрі маңызды шара екенін атап өткім келеді. Цифрлық хабар тарату қалың көрерменге әсіресе аудан, қала орталықтарынан шалғайда орналасқан ауылдағы ағайынға қандай пайда әкеледі? Біріншіден: бұл эфирдің және дыбыстың жоғары сапасын, Екіншіден: телеарналар пакетінің ұлғайуын қамтамасыз етеді", - деді ол.

Абаевтың айтуынша, осы бағдарлама басталғанда Қазақстанның бар аумағы цифрландыруға көшеді дегенге сенімсіздік білдіргендер болған.

"Мемлекетіміз осы жұмысты қолға алған уақытта бүкіл елдің аумағын цифрлық деңгейге көшіру жоспарының жүзеге асатынына сенімсіздікпен қараған адамдар да болды. Өйткені Қазақстанның жер көлемі өте ауқымды екені белгілі. Халық та тығыз орналаспаған. Шекарадағы ауылдар мен алыс елді мекендерде тұратын халықтың 100%-ын цифрлық хабар таратуға ауыстыру алынбайтын қамал сияқты көрінгені рас. Алайда Елбасының тікелей тапсырмасы мен саяси ерік-жігерінің нәтижесінде қаржылық мәселелер де шешіліп, телекоммуникация саласындағы инфрақұрылымды дамытуға даңғыл жол ашылды", - деді министр

Ведомство басшысы Қазақстанды цифрлық жүйемен толық қамтамасыз ету үшін 827 станция керек екенін атап өтті.

"Көрші Қырғызстан цифрлық хабар таратуға толық ауысты. Оларға 100-ден аса радио телевизиялық станция жеткілікті болды. Ал біздің мемлекетті толық қамтамасыз ету үшін 827 станция қажет. Біз ол жұмысты аз уақытта аяқтауды жоспарлап отырмыз", - деді министр.

Министр еліміз цифрландыру стандартына ауысса, облыс орталықтары деңгейінде 30-ға жуық телеарнаны, ауыл және аудан орталықтарында 15-ке жуық отандық телеарнаны цифрлық сапада қарай алатынын айтты.

"Өздеріңіздің де естеріңізде болар. Біз осы ауқымды жұмысты бастаған уақытта шекаралас аумақта орналасқан ауылдарда отандық бір-екі телеарна ғана көрсететін. Біз осы стандартқа толық ауыссақ қазақстандықтар облыс орталықтары деңгейінде 30-ға жуық телеарнаны, ауыл және аудан орталықтарында 15-ке жуық отандық телеарнаны цифрлық сапада тамашалай алады. Яғни отандық арналар арқылы халық өздеріне қажетті ақпарат пен бағдарламаларға қол жеткізеді. Отандық пакетте "жаңалық" пен "балаларға арналған", "мәдениет" пен "кино", "спорт" сияқты түрлі арналар болады. Бұл мемлекеттік ақпараттық саясатты нығайтуға да өз ықпалын тигізеді", - деді ол.

Ведомство басшысы цифрлық таратудың ел игілігі үшін жасалып жатқан маңызды іс екенін тағы бір атап өтті.

"Халық көздегіні ғана емес, көңілдегіні де көреді", - деген сөз бар. Сондықтан цифрлық хабар таратуға көшу халықтың игілігі үшін жасалады. Тағы бір артықшылық: Цифрлық хабар таратуға көшкен жағдайда радиожиіліктер де босайды. Осылайша босаған жиіліктерді біз байланыс саласындағы жаңа технологияларды дамытуға пайдалану мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Ол үшін байланыс операторларымен жан-жақты жұмыс жүргіземіз", - деді Абаев.

Министр аймақтардың кезең-кезеңімен цифрландыруға көшуі туралы баяндады.

"Өткен жылы біздің министрлік "Телерадио хабарларын тарату" Заңына өзгерістер енгізді. Осылайша олардың инфрақұрылымдарының дайындығына сай аймақтарды кезең-кезеңімен көшіруге жол ашты. Маңғыстау, Жамбыл мен Түркістан облыстары және Шымкент қаласында 2018 жылдың аяғына дейін. 2019 жылы Алматы, Павлодар, Қостанай облыстарында. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Қызылорда облыстарын 2020 жылға дейін. Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстары, Астана және Алматы қалалары 2021 жылы кезең-кезеңімен жаңа форматқа ауысады. Барлық облыстың әкімдіктеріне бұл ақпарат жетті. Қазір аймақтар тиісті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр", - деді ол.

Министрдің айтуынша, 2020 жылға дейін радиотелевизиялық станциялардың құрылысы толық аяқталады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: