Цифрлық сауаттылық сабақтарына егде жастағы адамдардың қызығушылығы жоғары

01 тамыз, 2018, 16:00 4285 Астана
Цифрлық сауаттылық сабақтарына егде жастағы адамдардың қызығушылығы жоғары

Бүгінде Астана қаласы бойынша курстан 9 мыңнан астам тыңдаушы өтті. Цифрлық сауаттылық курстарынан кез келген адам өте алады, жасына байланысты шектеу жоқ.

Дәріс жаңадан үйренушілерге де, желіні үздік пайдаланушыларға да  пайдалы. Оқу бағдарламасы төрт бағытта өткізіледі. Ол базалық цифрлық машық, электронды мемлекеттік қызмет көрсету, ашық үкімет және электронды сауда. Тыңдаушылардың ақпараттық білімін арттыруда компьютер мен мобильді құрылғылар пайдаланылады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Курсты жүргізуші, №76 мектеп-лицейдің информатика пәнінің мұғалімі Ғалия Құлшыманованың айтуынша, "Цифрлық сауаттылық" курстарына келіп жатқан адамдар саны көп, олардың арасында егде тартқан кісілермен қатар студенттер мен оқушылар да бар.

"Кей күндері адам саны тіпті нормадан асып кетіп жатады. Бізге көп жағдайда газет журналдардағы, теледидардағы жарнама арқылы оқып-біліп келіп жатады. Тұрғылықты жері бойынша, біздің ауданға қарамаса да келетін  адамдар да бар. Маған осы жер ыңғайлы болды деп, келіп оқып, үйреніп кетті. Төрт деңгейдегі ақпараттық сабақты түгел меңгеріп алған тыңдармандарымыз бар. Сабаққа қатысушылар қазіргі компьютерлердің мүмкіншілігінің мол екеніне көздері жетіп, сабаққа деген ынталары арта түсті. Алған білімдерін дамытуға деген ықыласы да жоғары болды", - дейді  Ғалия Құлшыманова.

Ұстаздың айтуынша, сабаққа келетіндердің басым бөлігі зейнет жасындағы кісілер.

"Қырық жастан бастап алпыс, жетпіс бес жас аралығындағы кісілер көп келді. Олар сабаққа шамамен бір ай көлемінде келіп жүрді. Өйткені олардың күнделікті ақпартты қабылдауы баяу болғасын, ол кісілер күнде  бір-бір бағдарламадан үйреніп отырды. Күнделікті қайталайды, үйге барғаннан кейін өздері қайта есіне түсіріп, компьютерде жасап көріп, жаттығып жүрді. Түсінбеген жерлерін күнде келіп, жазып-сызып, сұрап алады. Ал қырық жас пен  елу жас аралығындағы кісілер бағдарламаны бір күнде толығымен үйреніп біліп, сертификат алып кетті. Ал үлкен кісілер қабылдауы мен материалды алымына байланысты бір апта шамасында оқып, үйренгені туралы сертификат алды. Курсқа келушілер қатарында қолы бос зейнеткерлер ішінде тіпті, үздіксіз  бір ай бойы келіп жүргендері де болды", - дейді  информатика пәнінің мұғалімі.

Жалпы "Цифрлық сауаттылық" курстары төрт деңгейлік кезең бойынша оқытылады.

"Біріншісі электрондық қызметтер. Ол бойынша компьютерді қалай қосу керек, қалай қолдану керек. Оның ішіндегі әртүрлі бағдарламалар бар. Сол бойынша қалай жұмыс жасау жолдарын таныстырып, үйреттік. Мысалы, Майкрософт пен Екселл бағдарламаларының бір-бірінен айырмашылығы қандай екенін түсіндірдік. Екінші бағыт бізде ол - "Ашық үкімет". Ол бойынша цифрлық қолтаңбаның көмегімен жергілікті және де орталық мемлекеттік органдармен, әкімшілікпен байланыс жасау жолдарын үйреттік. Порталда өтініш пен арыз жазуды оқып білді. Үйден шықпай-ақ, осы қызметтерді пайдалану үлкен кісілер үшін таптырмас көмек деп ойлаймын. Өйткені егде адамдарға кейде жүріп-тұрудың өзі қиындық туғызып жатады ғой. Зейнеткерлер осы электрондық қызметтердің мүмкіншілігі мен артықшылығын көріп, қаншама уақытты үнемудеуге болатынына таң қалып жатты. Бір зейнеткер апайымыз тіпті өзінің әкімшілікке деген өтінішін де жазып үлгерді", - деді курс оқытушысы.

Одан бөлек мемлекеттік қызмет түрлері бойынша дәріс берілді.

"Яғни үйден ешқайда шықпай отырып төлем жасау түрлері, оның ішінде коммуналдық қызметтерді төлеу, әуе билеттерін алуды үйренді. Өзінің жеке кәсіпкер ретінде құжаты барлар жұмыс барысы деңгейімен онлайн түрде танысты. Ал автокөлігі бар кісілер,көлікке қатысты айыппұлдары шығып жатқан кезде осы жүйенің жұмысына ерекше таңданыс білдіріп жатты", - дейді Ғалия Құлшыманова.

"Цифрлық сауаттылық" курстарының төртіншісі кезеңі ол - электрондық сауда.

"Курсқа келушілер төртінші кезең бойынша, электрондық саудаға қатысты әртүрлі сайттарды салыстырып, шетелдік және қазақстандық онлайн саудаға қатысты ақпарат алуды үйренді. Саудаға қатысты барлығын онлайн төлем арқылы жасауға болатынын түсінді. Бізде көбінесе электрондық сауда-саттықты үйде отырған аналар көп пайдаланады екен. Үлкен 50 жастан асқан кісілер сауданың бұл түріне әлі аса бейімделе қоймағанын байқадық. Ол кісілерде электрондық сауда-саттық түріне деген сенімсіздік бар. Сатып алатын заттың суретін ғана көру аз, оны қолмен ұстап, сапасын көргеніміз дұрыс деген қағиданы ұстанады. Десек те курсқа келушілер арасында электрондық онлайн сауданың түрін пайдаланып жүрген апалар да болды. Бұл сауда түріне үлкен кісілердің пікірі екіжақты болып отырды. Бірақ жастармен салыстырғанда әрине анағұрлым аз", - деп сөзін толықтырды Ғалия Құлшыманова.

Цифрлық сауатталық сабақтарына келген әрбір адам алған білімдерін іс жүзінде қолданып, оны әрі қарай дамытуға барынша ықылас білдірген.

"Келген адамдар тіпті  компьютер тілінің қарапайым тәсілдерін үйреніп кеткен. Қарапайым мысал келтірейін, біздің курсқа балаларды оңалту орталығынан да тыңдаушылар келді. Олардың жұмысында  шығаратын қағаздардың  әр беті түрлі-түсті болуы керек екен.  Соны шығару жолдарын үйреніп кетті. Біраз уақытымды үнемдейтін болдым деп риза болды", - дейді курс оқытушысы Ғалия Құлшыманова.

Цифрлық сауаттылық сабақтарына студенттер мен қатар оқушы балалар да қатыса алады.

"Цифрлық сауаттылық" мемлекеттік бағдарламасы 6 жастан 74 жас аралығындағы адамдарды қамтиды. Қазір жазғы демалыс кезеңі болғандықтан бізге қалада бар оқушылар келді. Балалар электрондық цифрлық қолтаңбамен жұмыс істей алмайды. Себебі оларда қазір жеке басын куәландыратын құжат болмағандықтан, олар электрондық цифрлық қолтаңба кілтімен жұмыс істей алмайды. Бірақ та бірінші базалық қызметті меңгеріп кетті. Өздерінің мектепте алған білімдерін одан арман тереңдетіп, ұмытқан жерлерін қайта естеріне түсіруге көмегі тиді. Балалар қайталау мақсатында келіп, оқып, білімін жетілдіріп кетті. Одан кейін тыңдаушылар арасында студенттер де болды. Электрондық цифрлық қолтаңба арқылы өздерінің мекенжай анықтама қағаздарын және одан бөлек тағы да біраз маңызды құжаттарын шығарып алуды үйреніп кетті", - деді информатика пәнінің оқытушысы. 

Жалпы бір мектептің базасында өткен "Цифрлық сауаттылық" сабақтарын саралайтын болсақ, оған негізгі келушілер үлкен кісілер болған.

"Біздің курсқа 75 жастағы қария да келді. 1943 жылы туылған апамыз сабаққа таза екі ай келді. Қолы жаттығып, өзінің бүкіл сұрақтарына жауап алып, біліп, үйреніп кетті. Сондай-ақ, ол кісі Word-пен де, Egov-пен де жұмыс істеуді үйренді", - дейді Ғалия Құлшыманова.

Айта кетейік, №76 мектеп қабырғасында балаларды мектепке электронды түрде тіркеу жүріп жатыр. Ол үшін арнайы порталда тіркелу қажет.

"Әрине ол үшін де, міндетті түрде электрондық цифрлық қолтаңба болуы қажет. Сол арқылы порталға кіріп,  өзіңіздің электрондық цифрлық кілтіңізбен қай мектепті қажет етесіз өзіңізге сол жерден керекті жерді таңдайсыз. Бірақ бұл тек  бірінші сыныптарға қатысты таңдау болып табылады. Ал 2-сыныптан 11-сыныпқа дейін қай аймаққа қарайды, сол бойынша өтініш қалдыруына болады. Өтініш мектептер мен қабылдау комиссиясына көрініп тұрады. Сол бойынша ата-ана мектепке келіп, баланың құжатын тапсырып кетеді. Бірінші сыныптарға белгілі орын беріледі ғой. Ата-ана өзі қалаған мектепте қанша орын қалғанын үйден шықпай-ақ қарап, біліп отыра алады", - дейді курс оқытушысы.

Курсқа қатысушылардың заман талабының соңғы жаңалықтарын білуге деген ынтасы өте жоғары.

"Жалпы бұл курс өте қызықты өтті. Екі ай уақыт өте тез өте шықты. Күнде әртүрлі адамдармен қарым-қатынас жасаймыз. Біреулері тез қабылдайды, енді бірі баяу қабылдайды. Тіпті, кейбір тыңдаушыларымыз компьютердің қолнұсқамасын тастап, экранды сенсор екен деп орнынан тұрып кететін кездер де болды. Пернетақтадағы латын әрпі мен кириллица әріптерін көп шатастырды. Тіпті, екі ай аз дегендер де болды. Курсқа қатысушылар үйде үйренгеннен гөрі осындай сабақтарға келу әлдеқайда тиімді екенін айтты. Біздің айтқан әрбір сөзімізді қайта-қайта жазып алып отырды. Өйткені "үйге барған соң осы жазылған бойынша жұмыс істейміз" дейді. Әрине, орта жастағылардың бейімделуі өте тез. Олардың жұмыс істеуі де жеңіл. Ал 50-ден асқан адамдар арасында компьютермен жұмыс істеуге қатысты қорқақтық барын байқап, сонымен жұмыс істедік. "Мен үйреніп, меңгеріп кете алмаймын" деген үрей басымдау болды. Ал үйренгеннен кейін, көздері жетіп, қуанып жатты. Яғни, цифрлық сауаттылық сабақтарының пайдасы мол болды. Күнде әртүрлі пікірлер алып, "Цифрлық сауаттылық" сабағының сапасын күннен-күнге жетілдіріп отыруға тырыстық", - деді №76 мектеп лицейінің информатика пәні мұғалімі.

Курсқа қатысушы зейнеткер Нағима Оразбекова бұрын электрондық цифрлық қолтаңба туралы тек естігені болмаса, қазірге дейін оны пайдалануды білмегенін жеткізді.

"Бұл курс туралы мен жарнамадан көрдім. Қазірде "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр ғой. Енді біз үшін курс өте пайдалы болды. Осы "Цифрлық сауаттылық" сабақтары арқылы көп мәліметтер алдық. Алдында электрондық цифрлық қолтаңба дегенді сырттай ғана еститінбіз. Оның не нәрсе екенін түсінбей жүрдік. Осы курстарға қатысқаннан кейін электрондық цифрлық қолтаңбаның не екенін біліп, қазір өз бетімізбен осы қызметті қолданамыз. Яғни, үйде отырып, әртүрлі анықтама қағаздарын ала алатын болдық. Мекенжай туралы анықтама қағазын ала аламын, барлық коммуналдық қызметті де онлайн түрде төлеуді үйрендім. Өте ыңғайлы деп ойлаймын. Баяғыдай ұзын-сонар кезекке тұрудың қажеті жоқ. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Өте тиімді. Басында бұл қызмет түрін пайдалана аламыз ба, жоқ па деген үрей болғаны рас.  Алайда үш күннің ішінде осы электрондық қызмет түрлерін толықтай меңгеріп шықтым. Соңында сертификатымызды алып кеттік. Енді күнделікті өмірімізді жеңілдеткен осы электрондық қызмет түрлерін толықтай қолданатын боламыз", - деді зейнеткер Нағима Оразбекова.

Айта кетейік, тыңдаушылар оқудан бір күнде өте алады және сертификат беріледі. Ақпараттық сауаттылықты қаладағы оқу орындарында (мектеп пен колледж), халықты жұмыспен қамту орталығында, әлеуметтік қызмет көрсету орталығында және тағы басқа орындардан да өтуге болады.

Естеріңізге сала кетейік, 1 маусым мен 31 тамыз аралығында Қазақстанның барлық аймақтарында цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында тегін курстар жұмысын бастап кеткен болатын. Әрбір курсқа қатысушы өзінің цифрлық біліктілігін бір немесе төрт сандық ептілікте біліктілігін тегін арттыра алады. Атап айтсақ:

  1. "Базалық цифрлы біліктілік" бойынша персоналды компьютерді және ноутбукті, мобильдік құрылғыларды, Интернет желісін, сондай-ақ, деректердің қауіпсіздігі мен қорғалуын жетік біле алады;
  2. "Электрондық үкімет пен электрондық мемлекеттік қызметтер" бойынша адамдар үйден шықпай қажетті мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу  біліктілігін арттырады;
  3. "Ашық үкімет" бойыншы біліктіліктің төрт түрлі компонентін қолдануға болады. Олар: ашық деректер, ашық нормативті-құқықтық актілер, ашық диалог пен бюджеттер;
  4. "Электрондық сауда" блогында онлайн сатып алу, сату, тауарларды көтермелеу тәрізді біліктіліктерді жүзеге асырады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумында әлемнің жаһандық тренді цифрландыру барлық аспектілердің қызметі екендігін атап өткен болатын. Президент халықтың цифрлық сауаттылығы "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасының арқасында  85%-ға артатындығын айтты.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: