Цифрлық технологияларды пайдалану өнімділік деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік береді – Көшербаев

05 қыркүйек, 2018, 19:19 3864
Цифрлық технологияларды пайдалану өнімділік деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік береді – Көшербаев

Қызылорда облысында аграрық аймақтың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселелері талқыланды.

Қызылорда облысындағы семинар-кеңестің күн тәртібінде су ресурстарын тиімді пайдалану, ылғалды сақтайтын технологияларды енгізу және құрғақшылыққа төзімді дақылдарды өсіру мәселелері қарастырылды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы "Жаңа жол" ЖШС-де астық жинау рәсімі мен "Дала күні" семинар-кеңесі өтті. Шараға  Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, қала әкімі мен аудан әкімдері, аграрлық ұйымдар мен қаржы институттарының басшылары, сондай-ақ аймақтағы агроөнеркәсіптік кәсіпорындары қатысты.

Семинар-кеңес барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев биылғы жылы ауа-райы егінші қауымына үлкен сын болғанын атап өтті. Мамыр, маусым айларында ауа температурасының салқын болуы және шілде айында Сырдария өзеніндегі судың айтарлықтай азаюынан су тапшылығы орын алды. Соған қарамастан, өңірдегі шаруалар осы сынақтан абыроймен өтіп, қазір олар егін жинауға кірісіп отыр.

"Қазіргі жағдайдағы су тапшылығы жағдайынан  сабақ алып, келешекте ағымдағы жағдайды ескере отырып, шаруашылықтың одан әрі дамуы үшін барлық шараларды жасауымыз керек. Су тапшылығының кері әсерін азайтудың біз үшін бірден-бір жолы - "Күміскеткен" су қоймасы мен Қараөзек арнасындағы тоғанның құрылысын бастауды жеделдету", - деді аймақ басшысы.

Су қоймасын салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге облыстық бюджеттен қаражат бөлінгенін атап өткен жөн. Қараөзектегі тоған салынған жағдайда 1,5 миллиард текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Сыр өңірінде суармалы суды үнемдеу және тиімді пайдалану бойынша толық шаралар кешенін енгізу қажет. Мәселен, заманауи су үнемдеу технологияларын қолдану - маңызды мәселелердің бірі.

"Елбасымыздың алдағы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру тапсырмасын орындау үшін егін шаруашылығында суды аз қажет ететін, экономикалық жағынан тиімділігі жоғары, сыртқы нарықта сұранысы мол дақылдарды және цифрлық агротехнологияларды енгізу қазіргі жағдайда өте маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарды өз дәрежесінде атқару үшін біз облыстың аграрлық саласын 2020 жылға дейін дамыту Агрокартасын жүзеге асыру іс-шаралар жоспарын бекітіп, аграрлық ғылымның озық жетістіктерін кеңінен пайдалануды бастадық", - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, аймақ басшысы көршілес Қытайда сұранысқа ие соя тәрізді жоғары өнімді дақылдарды өсіру агроөнеркәсіп кешенінде экспорттың үлесін ұлғайтатындығын атап өтті.

Облыс әкімінің айтуынша, Шиелі ауданында 2018 жылдан бастап "Ақмая смарт ферм" интеллектуалды технологиясын қолдану арқылы дақылдардың өнімділігін арттыратын нақты ауылшаруашылық жобасы іске асырылуда.

"Заманауи цифрлық технологияларды пайдалану шығындарды қысқартып және өнімділік деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Мәселен, біздің облыста барлық егістік жерлер тек қана суармалы судың көмегімен тұр. Қызылорда облысы - егістікті жаңбырсыз, яғни жауын-шашынның көмегенсіз суаратын  жалғыз облыс. Осыған орай, тамшылатып суару арқылы дақылдардың көлемін көбейткен жөн. Көктемде топыраққа түскен ылғалды сақтай отырып, аквасорбентерді қолданған тиімді. Осы әдістермен Қаратау беткейінде бос жатқан жерлерді қолдана отырып, богарлық әдіспен мал азықтық дақылдар: судан шөбі, құмай жүгері, түйежоңышқа егуді қолға алу қажет. Бұл өз кезегінде, мал шаруашылығы, оның ішінде сүт бағытындағы шаруашылықтарды құнарлы мал азығымен қамтамасыз ететін болады", - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, аймақ басшысы бұл мәселеде шаруалардың жаңа суармалы алқаптарға су жеткізу инфрақұрылымын мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде жасауға шақырды. Мемлекет кеткен шығындарын кезең-кезеңімен 3-4 жылда қайтарып беретінін мәлімдеді. Сонымен қатар, тамшылатып суару жүйесін енгізген жағдайда, оған жұмсалған шығындардың 30 пайызын мемлекет субсидиялайды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Жаханов  және аудан әкімдері егін жинау науқанына дайындық барысы жөнінде баяндады, ал шаруа қожалықтарының басшылары әртүрлі дақылдарды өсіруде өз тәжірибелерімен бөлісті.

Кездесуді қорытындылай келе, аймақ басшысы алдағы уақытта  аграрлық сектордағы ықтимал қауіптер туралы ескеріп және қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану қажеттілігін атап өтті.

Биылғы жылы облыста 184,5 мың га егістік егілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3370 гектарға артық. Оның ішінде 95,3 мың гектарға дәндідақыл, 10,3 мың гектарға майлы дақылдар, 61,5 мың гектарға жем, картоп, көкөніс пен 17,4 мың гектарға бақша өнімдері егілді. Сонымен қатар, аграрлық секторды әртараптандыру бойынша тәжірибе аясында 50 га судан шөбі, 50 га құмай жүгерісі және 5 гектарға  соя егілді. Күріш алқабы 87 267 гектарды құрады.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Қызылорда облысы #Қырымбек Көшербаев #егін шаруашылығы #бау-бақша

Читайте также

Похожие новости