"Тұмар" телевизиялық бәйгесіне қатысуға 400-ге жуық өтінім қабылданды - Жаңалықтар | BNews

"Тұмар" телевизиялық бәйгесіне қатысуға 400-ге жуық өтінім қабылданды

14 наурыз, 2018, 16:29 1587

Ұсынылған 397 конкурстық өтінімнің 355-і қарауға қабылдады.

Қазақстанда екінші рет өткізіліп отырған "Тұмар" телевизиялық бәйгесіне қатысуға биыл 397 конкурстық өтінім қабылданды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,6 есеге артық, деп хабарлайды BNews.kz Ақпарат және коммуникациялар минстрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Тұмар" ұлттық телевизиялық бәйгесінің салтанатты марапаттау рәсімі 2018 жылдың 16 наурызында Қазмедиа орталығында өтеді. Биылғы жылғы салтанатты іс-шара Қазақ телевизиясының 60-жылдығына арналады. Тілшілер, телевизия қызметкерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен эстрада жұлдыздарына қоса салтанатты кешке қазақ телевизиясының ардагерлері де шақырылды", - делінген хабарламада.

Баспасөз хабарламасында биылғы бәйгеге 14 номинация бойынша өтінімдер қабылдау 15-қаңтар мен 1-наурыз аралығында жүргізілгендігі, олардың ішінде қазақ телевизиясының 60-жылдығы мен Астананың 20 жылдығына арналған ерекше номинациялар, сонымен қатар, "Үздік операторлық жұмыс", "Жыдың үздік тележүргізушісі", "Жылдың үздік тележурналисі", "Үздік режиссерлік жұмыс" жеке номинациялары бар екендігі аталып өткен.

"Тұмарға" өтінімдерді қабылдау толығымен автоматтандырылып, kaztube.kz порталының негізінде жүзеге асырылған болатын. Бәйгеге қатысушылардың аса жоғары белсенділіктерін атап өту керек. Өтінімдерді қабылдау кезеңінде kaztube.kz порталына кірушілер саны 80%-ға өсті, ал өтінімдер саны былтырғы көрсеткішке қарағанда 1,6 есеге артты (240 өтінім)", - деп ақпарат берді ведомствода.

2018 жылы "Тұмарға" 397 конкурстық жұмыс келіп түсті. Олардың ішінде қазылар алқасы Бәйге ережесінің талаптарына сәйкес ресімделген 355 конкурстық өтінімді қарауға қабылдады.

"Өңірлік тұрғыда Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарының телеарналары көбірек белсенділік танытты. Номинанттар арасынан "Үздік деректі кино", "Үздік ағартушылық бағдарлама", "Үздік әлеуметтік бағдарлама", "Үздік ойын-сауық жобасы" номинациялары бойынша жұмыстар ең көп қабылданған", - деп аталып өткен хабарламада.

Бәйгенің қазылар алқасына журналистика мен телерадио хабар тарату салаларындағы кәсіби, жоғары білікті сарапшылар кірді.

Бұған дейін "Тұмар" ұлттық телевизиялық бәйгесіне қатысуға өтінімдер 1-наурызға дейін қабылданатынын хабарлағанбыз.

Естеріңізге сала кетсек, "Тұмар" ұлттық телевизиялық бәйгесі Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммункиациялар министрлігі тарапынан ең сапалы және маңызды телевизиялық мазмұнды тауып, дәріптеу үшін, талантты профессионалдарды қолдау және отандық телевизияның сапалық стандарттарын арттырып, қазақстандық телевизияның дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар