Тұңғыш Президенттен сұхбат алған тұңғыш журналист - Жаңалықтар | BNews

Тұңғыш Президенттен сұхбат алған тұңғыш журналист

01 желтоқсан, 15:03 2243 Қызылорда облысы
Тұңғыш Президенттен сұхбат алған тұңғыш журналист

Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтан алғаш сұхбат алған журналистердің бірі Қызылорда қаласында тұрады, деп хабарлайды BNews.kz Baq.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Дәлірек айтсақ, журналист-дипломат, қоғам қайраткері Ержан Уәйіс осыдан тура 26 жыл бұрын – 1991 жылы 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлымен әңгімелескен.

Ержан Уәйіс Елбасының Қазақстанды өсіп-өркендету жолындағы ізгі мақсат-мұраттарының куәсі болып келе жатқанын жеткізді.

«Маған Тұңғыш Президенттің қолдауымен тәуелсіздікке алғаш қадам басқан күндері шетелде аккредитацияға тіркелген Түркия Республикасындағы тұңғыш қазақ тілшісі болу бақыты бұйырды. Бұл Алланың үлкен сыйы еді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы – тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті болып сайланған сәтте Елбасынан ең бірінші болып қазақ теледидарына сұхбат алу бақытына да ие болдым. Осы сәт мені қанаттандырды, ақ жолға жетеледі», – деді Елбасынан бірінші болып сұхбат алған журналист.

Сонымен қатар, Ержан Уәйіс Президент жанында жүріп журналистік сараптама жасау оның өміріне жаңаша серпін бергенін ерекше ықыласпен атап өтті.

«Елбасы тәуелсіз Қазақстанның Президенті ретінде алғашқы ресми сапарын Түркия мемлекетінен бастағанда ең бірінші болып екі ел арасында тікелей бейнерепортаж жасауым мен үшін теңдесі жоқ бақыт болды. Сол кезеңдерде Елбасының ел ішіне, шет мемлекетке жасаған сапарының барлығында жанында жүріп, журналистік сараптама жасауым менің өміріме жаңаша серпін беріп, болашақ бағытымды айқындауға қол жеткізді. Оншақты жылдай уақыт дипломатиялық қызмет атқарып, Түркия Республикасының Ыстанбұл қаласында бас консул ретінде екі елдің арасында достық көпірін қалыптастыруға үлес қосқанымды мақтан тұтамын», – дейді қоғам қайраткері.

Журналист-дипломаттың айтуынша, 1992 жылғы қазанның 30-31 күндері Анкарада сол кездегі Түркия Президенті Тұрғыт Озалдың бастамасымен түркі тілдес мемлекеттер басшыларының І саммиті шақырылған. Бұл жиында Тұрғыт Озал «Ата жұртымыз – Қазақстан. Бабаларымыз Атажұрттан Анадолыға атпен келсе, бүгін, міне, Нұрсұлтан бауырым ұшақпен келіп отыр» деп алғашқы сөзді Елбасына беріпті. Елбасы бұл басқосуда «Түбі бір түркі, түгел бол!» деген ұран тастаған. Бұл сөз бүкіл түркі жұрты үшін қанатты сөзге айналды.

«Тұрғыт Озалмен әңгімелесу барысында Елбасы Түркияда қанша қазақ бар деген сауал қойды. Түркия басшысы «Менімен 60 миллион қазақ бар» дегенде ризашылықпен Тұрғыт Озалды бауырына қысты. Елбасының көреген саясатының арқасында еліміз әлемнің алпауыт елдерін мойындатып, өзге де мемлекеттермен бәсекелесуге қабілетті іргелі мемлекетке айналды. Бұдан бөлек, 1992 жылы 25 наурыз күні тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматы қаласынан Түркияға Ыстанбұлға бірінші рет әуе ұшағы ұшқан болатын. Қазақстан үкіметі делегациясын сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков басқарып барды», - дейді Ержан Уәйіс.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алғаш мойындаған Түркия мемлекетінің Президенті Тұрғыт Озал Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге барған Ержан Уәйіске арнайы бағалы фотоаппарат сыйлаған.

«Еліміздің тәуелсіздігін алғаш таныған мемлекеттің Президенті Тұрғыт Озал қабылдады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық сәлемін жеткізді. Қазақы ою-өрнекті шапан мен қамшы сыйға берілді. «Міне, мен нағыз қазақ болдым» деп сұхбат берді. Мені де сол кезде Түркияға келген Тәуелсіз елдің тұңғыш тілшісі деп таныстырды. Тұрғыт Озал маған арнайы бағалы фотоаппарат сыйлады. Сол кездер де осы фотоаппаратпен екі ел арасындағы достық көпірін бейнелейтін көріністерді Елбасының іс сапарлар, кездесулерінен талай суреттер әзірлеген едім», - дейді қоғам қайраткері.

Бүгінде ол Сыр өңірінде қызмет жасап, Тұңғыш Президенттің салиқалы саясатын халыққа насихаттап келеді. Жақында «Болашақ» унсиверситетінде Е.Уәйіс жастармен кездесіп, Елбасының ерен еңбегін әңгімелеп берді.

«Ержан Уәйіс – тарихи оқиғалардың куәсі болған, Елбасынан алғаш сұхбат алған азамат. Тәуелсіз елдің бір бөлшегі ретінде оның түлеуіне үлес қосты. Сондықтан, жастарды қоғам қайраткерімен кездестірдік. Тұңғыш Президент туралы тұшымды ойлар, жылы естеліктер айтылды», – деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Е.Меңлібаев.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар