Туризм саласында жұмыс істейтін жағдайға жеттік – Назарбаев - Жаңалықтар | BNews

Туризм саласында жұмыс істейтін жағдайға жеттік – Назарбаев

11 шілде, 15:39 1658 Ақмола облысы
Туризм саласында жұмыс істейтін жағдайға жеттік – Назарбаев

Мемлекет басшысы осыған дейін экономикалық жағдай туризмді дамытуға мүмкіндік бермегенін атап өтті.

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысы Щучье қаласындағы халықаралық "Бурабай" шаңғы базасын аралап көрді. Өңірге жұмыс бабымен барған Президент Қазақстан туризм саласында жұмыс істейтін жағдайға жеткенін, осы уақытқа дейін экономикалық жағдай туризмді дамытуға мүмкіндік бермегенін айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Алдымен Елбасыға туризм саласында қандай жұмыстар жасалып жатқаны жөнінде премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мәмин, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин есеп берді.

Президент олардың есебін тыңдап болған соң, осы бағыттағы жұмыстарды жүргізе беру қажеттігін атап өтті.

"Осы салада жұмыс істейтін жағдайға жеттік. Сондықтан менің тапсырмам бойынша мемлекет тарапынан 2023 жылға дейін бесжылдық бағдарлама қабылданды. Мен оның орындалу жолдарын қазір тыңдадым. Үкімет пен министрлік өкілі, облыстың әкімі не істеп жатқанын көрдік. Бұл жұмысты біз бітіруіміз керек", - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті осы уақытқа дейін елімізде туризм саласына тиісті дәрежеде көңіл бөлінбегенін, алдағы уақытта мемлекет туризмді дамытуға баса мән беретінін атап өтті.

"Біз осы уақытқа дейін туризмге тиісті дәрежеде көңіл бөлмей келдік. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Осыған дейін экономикалық жағдай оған мүмкіндік берген жоқ. Сондықтан біз осы мәселені шешуге кірістік. Мүмкіндігі бар қазақстандықтар әлемдегі барлық курорттарға барып бітті. Олар сол жақтағы теңіздерге түсті, суларына шомылды, барлығын көрді. Мен де осылардың ішінде болдым", - деді Елбасы.

Осы орайда президент енді отандық туризмді дамытуға баса назар аударылатынын айтты.

"Ендігі мақсат – елдің ішінде жағдай жасау, балаларымызға Қазақстанның әдемі екенін көрсету. Сондықтан бүгінде мемлекет осы салаға көңіл бөліп отыр. Екіншіден, бұл экономикалық жағынан өте тиімді сала болып саналады. Менің ойымша, осы салаға инвестиция тартып, жағдай жасау керек. Сондықтан мен Бурабайға келіп отырмын", - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Елбасы Бурабай демалыс аймағында қандай жұмыстар жасалу қажеттігіне тоқталды.

"Бурабайда жасалатын бірінші мәселе – ішкі инфрақұрылым жұмыстарын бітіру. Себебі, біз сыртқы жұмыстарды аяқтадық. Ол үшін тиісті жұмыстарды жүргіздік. Астанадан Бурабайға авто және теміржол салынды. Көкшетаудың аэропорты жөнделді. Енді іштегі инфрақұрылымды қолға алу керек. Егер біз барлық объекьтілерге су тартып, электр жүйелері мен кәріз жүйесін әкелетін болсақ, мемлекет туризмді дамытады. Оны мемлекеттен басқа ешкім салмайды. Сонда инвесторлардың келуіне мүмкіншілік жасалады", - деді ол.

Президенттің сөзінше, өңірде бесжұлдызды Rixos қонақ үйінің салынуы, өңірге инвестиция тартуға және туристерді көптеп әкелуге мүмкіндік берген.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев демалыс аймағындағы қызмет көрсету сапасын арттыру үшін де тиісті жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты.

"Қонақ үйді саламыз. Бірақ сонда жұмыс істейтін кім? Сервис мәселесі әруақытта ең негізгі болып саналады. Біз жастарды оқытып, оларға мамандық беруіміз керек. Осы жағында ойлауымыз қажет. Сондықтан Бурабай демалыс аймағы арқылы ақша табуға болады", - деп сөзін қорытындылады Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, шаңғы базасын салуға бюджеттен 38 млрд теңге бөлінген. Спорт кешенінің жалпы ауданы 125,54 га құрайды. Сондай-ақ, мұнда әлемде теңдесі жоқ трамплин кешені орналасқан. Онда шаңғышылар ауа райының қолайсыздығына қарамастан жаттыға алады. Себебі, трамплин кешенінде желден қорғайтын жүйе орнатылған.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысымен бірге шаңғы базасын Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мәмин, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аралап, кешеннің жұмысымен танысты.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: