Түркістан облысында "Нұрлы жер" бағдарламасымен 500 пәтер тапсырылады - Жаңалықтар | BNews

Түркістан облысында "Нұрлы жер" бағдарламасымен 500 пәтер тапсырылады

18 шілде, 19:08 2241 Түркістан облысы
Түркістан облысында

Жыл қорытындысымен 35 үй пайдалануға беріледі.

Түркістан облысында сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй қорын құру бойынша ағымдағы жылы мемлекеттік бюджет есебінен 2449 пәтерлі 73 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды BNews.kz облыс әкімінің баспаcөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл оның 500 пәтері, яғни 35 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бүгін бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев мәлім етті. 

Бұдан өзге, тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік коммуникацияларды жайластыру бойынша 2018 жылы облыста мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен 9 нысанның құрылысы жүргізілуде. 

Сондай-ақ, Түркістан облысын перспективалық дамыту бойынша Түркістан қаласының бас жоспарын қайта әзірлеу бойынша ағымдағы жылдың 12 шілдесінде халықаралық конкурс жарияланған болатын.

"Қайта әзірленген бас жоспарға сәйкес, "Тұрғын үй құрылысын дамыту" концепциясы бекітілетін болады. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың идеясы бойынша концепцияда Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту мақсатында салынатын көпқабатты тұрғын үйлер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен биік болмайды. Өйткені - мавзолей мүмкіндігінше қаланың барлық жағынан көрінуі қажет. Салынатын баспаналар Орта Азиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен салынады", - деді Құттыбек Рахматтуллаұлы. 

ҚР Үкіметінің 22.06.2018 жылғы № 372 қаулысымен бекітілген "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында ағымдағы жылы Түркістан облысы үшін тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 344,7 мың шаршы метр болып белгіленген. 2018 жылдың 6 айдың қорытындысы бойынша 202,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 30 пайызға артқан. 

Облыста 2018 жылы қаржыландырудың барлық көздері арқылы 79 көпқабатты тұрғын үйдің  құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 35 үй пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстарының нақты көлемі индексі бойынша 2018 жылдың жоспары – 140,8 млрд. теңге. Бұл меже 6 айдың қорытындысы бойынша 117,8 пайыз орындалды 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары