Түркістан облысында "Нұрлы жол" аясында 165 шақырым жол жөнделді 

Написать нам
19 қараша, 2018, 10:44 1198 Түркістан облысы
Түркістан облысында

Ал 2019 жылы өңірде аталған бағдарлама бойынша 300 шақырымнан астам облыстық маңызы бар автомобиль жолдары жөнделмек.

Түркістан облысында биыл "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасымен 165,1 шақырым жол жалпы жөндеуден өткен, деп хабарлайды BNews.kz "Хабар 24" порталына сілтеме жасап.

Оған республикалық бюджет есебінен 3 миллиард 400 миллион теңге қаржы бөлінген. Ал келер жылы өңірде "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 300 шақырымнан астам облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстарын жасау жоспарлануда. Оған еліміздің қазынасынан 7 миллиард 528 миллион теңге қаралып отыр. Қазір бағдарлама аясында облыстың бірнеше аудандарында күрделі жөндеу, орта жөндеу және жолды қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқын алған. Мәселен, Сайрам ауданы мен Шымкент қаласын байланыстыратын 9 шақырымдық автомобиль жолының құрылысын мердігер мекеме осы жылдың сәуір айында бастаған. Алдағы 2020 жылы толық аяқтап қолданысқа тапсыратын болады.

"Аталған жолдың ені 5 метрге ұзарған. Бұрындары мұнда қарама-қарсы бағытта екі көлік өтсе, енді 4 көлік қатар жүре алады", - дейді мамандар.

Серіктестік басшысының орынбасары Әбжат Әкімов 2019 жылы теміржол өткелін салу жоспарланып отырғанын атап өтті.

"2,6 шақырым жолдың бірінші қабаты төселген. Келесі жылға да істелетін жұмыстар бар. Теміржол өткелі де тұр. Оны біз келер жылға жоспарлап жатырмыз", - деді Әбжат Әкімов. 

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Роллан Ибрагимов 165 шақырым автомобиль жолдарына түрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

"Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында жолдарға республикалық бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлініп, 165 шақырым автомобиль жолдарына қайта жаңарту, күрделі жөндеу, орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бізде бірінші кезекте облыс орталығын және де туризм нысандарына баратын жолдарды жөндеп жатырмыз", - деді Роллан Ибрагимов.

Оның сөзінше, Сайрам ауданында 2 жолда қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр және Түлкібас ауданында Түлкібас стансасынан Тұрар Рысқұлов ауылына баратын жол да жаңартылып жатыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар