Түркістан рухани жаңғыруға тың серпін береді – тарихшы - Жаңалықтар | BNews

Түркістан рухани жаңғыруға тың серпін береді – тарихшы

22 маусым, 2018, 19:05 5435
Түркістан рухани жаңғыруға тың серпін береді – тарихшы

Сондай-ақ, Сатай Сыздықов Түркістанның түркі дүниесінің рухани орталығынан бөлек, енді облыс орталығына айналғанын түркітілдес халықтар мен мемлекеттер де қолдайтынын атап өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы бойынша Түркістан облысының құрылуына қатысты Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы "Қазақстан халқы Ассамблеясы толеранттылығы" ғылыми-зерттеу орталығының директоры тарих ғылымдарының докторы, профессор Сыздықов Сатай Мақсұтұлы BNews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне пікірін білдірді.

Өзіңіз білетіндей, күні кеше Мемлекет басшысы жаңа Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Еліміздегі сондай маңызды болып жатқан өзгеріске қатысты сіздің пікіріңіз қандай? Бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

Мағжан Жұмабаев айтқандай, "Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой!" демекші, бұл қала кезінде, яғни орта ғасырларда жалпы түркілердің рухани орталығы болған. Айтып өтер болсақ, осы Түркістан көптеген адамдар, мысалы билер мен абыздар, атақты ұстаздар үшін білім ордасы болған жер. Түркістанның аумағынан Ұлы Жібек жолы өткен. Әрине, бұл жаңалықты, яғни қасиетті өлкенің облыс орталығына айналғанын баршамыз қуана қабылдадық.

Шығарылған бұл Елбасы шешімінің "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламасымен байланысы бар ма?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" атты мақаласында "Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады" деп атап өткен болатын. Түркістан облысының құрылуы, міне, сол Елбасының мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, рухани жаңғыруға тың серпін береді.

"Рухани жаңғыру" дегеніміз бұрынғы пайдалы дүниелерді қазіргі өмірге лайықтап, адамдардың, жалпы халықтың рухани тұрғыдан оянуына түрткі болатындай етіп, қайтадан жаңғырту болып саналады. Түркістан дәл сол рухани жаңғыруға үлкен әсер беріп, тікелей ықпал етеді, себебі онда бұрынғы мәдени ошақтар шоғырланған. Мысалы, ортағасырлық Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Ясауи кешені, Ортағасырлық монша, Түркістан тарихи музейі сияқты археологиялық ескерткіштер бар. Солардың ішіндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енген ескерткіш.

Тарихи маңызы бар оқиға туралы түркітілдес халықтардың көзқарасы қандай болмақ?

Түркістан рухани орталық болғандықтан, облыс орталығы ретінде оның статусы өте жоғарылайды. Бұл қуанышты жаңалықты тек қазақстандықтар ғана емес, сондай-ақ түркітілдес халықтар мен мемлекеттер де қолдайды. Өйткені бұл қала тек Қазақстан ішінде ғана емес, көршілес, түркітілдес елдердің де рухани орталығы болған. Мысалы, Түркия елінің өзі "Түркістан біздің ата-баба жеріміз, сол жақтан келгенбіз" деп есептейді. Сондықтан да бұл қала күллі түркі дүниесінің орталығы, ал енді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстанның орталығын Түркістанға ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойып, оның облыс орталығы деңгейіне көтерілгені өте дұрыс болды деп есептеймін.

Түркістан облыс орталығы ретінде ел экономикасына қандай өзгеріс әкелуі ықтимал? Сонымен қатар, аймақ тұрғындары үшін мұның қандай жақсы тұстары бар?

Әрине, облыс орталығына айналған соң елдің экономикасына да сол облыстың үлкен ықпалы болады. Өйткені Шымкенттің өзінде халық көп, жақында ғана 1 миллион тұрғыны бар қалаға айналды. Ал енді Түркістанда да инфрақұрылымдар көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылуына үлкен леп береді, сәйкесінше бұл аймақта да тұрғындар саны артады деген сөз. Яғни еліміздің әлеуметтік-демографиялық жағдайына да оң әсерін тигізеді.

Аймақтағы туризм саласының даму қарқыны туралы не айта аласыз?

Негізі Түркістан әуелден туристік қала болып саналады. Алайда алдағы уақытта мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлініп, аймақтағы көшелер жөнделіп, қала аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Одан бөлек жаңадан мейрамханалар, сауда және ойын-сауық орталықтары, қонақ үйлер секілді ғимараттар бой көтереді, сәйкесінше қызмет көрсету түрлері дамиды. Осылайша өңірдегі туризм саласы одан да дами түсіп, аймақтың өсіп-өркендеуіне тікелей әсер етеді.

Сұхбатыңызға рахмет!

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар