Түркияда Мағжан Жұмабаевтың 125-жылдығына орай  жыр жинағы жарық көрді - Жаңалықтар | BNews

Түркияда Мағжан Жұмабаевтың 125-жылдығына орай  жыр жинағы жарық көрді

23 ақпан, 18:15 1887
Түркияда Мағжан Жұмабаевтың 125-жылдығына орай  жыр жинағы жарық көрді

Кітаптың тұсаукесер рәсімі биыл түркі әлемінің астанасы болып жарияланған Кастамону қаласы мен Анкарада өтті, деп хабарлайды BNews.kz.

Биыл М.Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толады. Мерейлі шараға орай, 2018 жыл - түркі тілдес мемлекеттер көлемінде "Мағжан Жұмабаев" жылы болып жарияланды. Түркияда бастау алған шараға 10-нан астам мемлекет өкілдері қатысты.

 "Түркиядағы ең үлкен қақтығыстардың бірі "Чанаккале" соғысы. Атақты майданда 250 мың түрік шейіт болды. Сол қиындықты Мағжан Жұмабаев  естіп, "Алыстағы бауырыма" деген өлең жазған. Тек өлең жазып қана қоймай, алтын, ақша жинап, бауырлас халыққа көмек көрсеткен. Сондықтан түріктер Мағжанды жақсы көреді, құрмет тұтады", -  деді "ТҮРКСОЙ" халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілі Асқар Тұрғанбаев.

 "ТҮРКСОЙ" халықаралық ұйымы мен Еуразия жазушылар Одағының бастамасымен жарық көрген кітап - "Алыстағы бауырыма" деген атауға ие болды. Жинаққа Мағжанның "Түркістан", "Алыстағы бауырыма", "Айда атыңды, Сәрсембай", "Абақтыда" сынды және тағы басқа көптеген жырлары енген. Алаш қайраткерінің 26 өлеңін түрікше тәжімалаған Түркияның белгілі ақындарының бірі - Али Акбаш. 

Али Акбаш Мағжанның шығармаларын аудару, оның жан дүниесін түсіну үшін жүрегіне терең үңілу қажеттігін айтады.

"Мағжан толық зерттелмеген тұңғиық. Ол еркіндікке, азаттыққа жаны құмар ақын. Сондықтан ол ауылдан қалаға келген кезде, кіндік қаны тамған жерін аңсаған. Мағжан - түрікшіл, тұраншыл тұлға. Ол түркі халықтарының бірлігі үшін жанын берген адам. Түркияның өзінде кезінде түрікшіл азаматтарға қиянат жасалды. Біз соны көрдік. Әрине оны Мағжанның кезімен салыстыруға келмейді. Себебі ол орны толмас қайғы. Мағжан өзінің өлеңінің құдіретін халқына бере алмай, өмірден ерте кетуі, тек қазақ үшін ғана емес, бүкіл түркі халықтары үшін үлкен қасірет", - дейді түрік ақыны Али Акбаш.

"ТҮРКСОЙ" халықаралық ұйымы Мағжан Жұмабаевтың тағы бір кітабын жарыққа шығармақ. Келесі кітапта қазақ ақынының өлеңдері орыс, татар, түрік, өзбек, башқұрт тағы басқа ұлттардың тілінде сөйлейді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары