ҰБТ-да түлектердің 85%-ы шекті деңгейден өтті – ҚР БҒМ - Жаңалықтар | BNews

ҰБТ-да түлектердің 85%-ы шекті деңгейден өтті – ҚР БҒМ

07 тамыз, 15:03 1583 Астана
ҰБТ-да түлектердің 85%-ы шекті деңгейден өтті – ҚР БҒМ

Осы жылы "Алтын белгі" иегерлерінің саны 6800 адамнан асты.

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Ұлттық бірыңғай тестілеудің және оқуға түсу емтихандарының қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, биыл ҰБТ 15 рет өткізілді. 2004 жылдан бастап ҰБТ-ға 1,775 млн мектеп бітіруші қатысты. Бұл барлық түлектердің 80%-ын құрайды. 2017 жылға дейін ҰБТ екі функцияны атқарды: мектептегі оқуды аяқтайтын қорытынды емтихан және жоғары оқу орындарына түсу емтиханы.

"Өздеріңізге белгілі, тестілеудің бұл форматы 2017 жылы өзгерді. Енді қорытынды аттестаттау немесе бітіру емтихандары мектептерде өткізіледі, ал ҰБТ – жоғары оқу орнына қабылдаудың түсу емтиханы болып қалып отыр", - деді Ерлан Сағадиев.

2017 жылдан бастап "Алтын белгі" мектепте беріледі. Осы жылы "Алтын белгі" иегерлерінің саны 6800 адамнан асты.

Биыл талапкерлер үшін тестілеуден өту рәсімдерін жетілдіру мақсатында өзгерістер енгізілді.

Біріншіден, әр бітірушіге ҰБТ сертификатымен бірге ақпараттық парақ берілді. Онда сол баланың таңдаған профиліне сәйкес бара алатын мамандықтар тізімі, әр мамандыққа бөлінген грант саны, сондай-ақ өткен жылғы грант конкурсының өту балы көрсетілген. Барлық маңызды және қажетті ақпарат әр түлекке ұсынылды.

Екіншіден, ҰБТ-ға белгілі жағдайға байланысты қатыса алмаған бітірушілерге келесі лекте немесе кешенді тестілеу аясында тест тапсыру мүмкіндігі берілді.

Үшіншіден, қабылдау кезінде бірыңғай колл-орталық іске қосылды.

Ерлан Сағадиевтің айтуынша, ҰБТ-ға қатысуға 100 мыңнан астам түлек өтініш берді. Олардың ішінде 75% – қазақ тілінде және 25% – орыс тілінде. Сәйкесінше, комиссияның шешімімен жалпы гранттардың 75% қазақ тілінде және 25% орыс тілінде білім алуға бөлінді.

"Биыл ұлттық бiрыңғай тестiлеу 15-шi рет өткiзiлдi. 2004 жылдан бастап ҰБТ-ға 1 млн 775 мың мектеп бiтiрушi қатысты. Бұл барлық мектеп бiтiрушiлердiң 80 пайызын құрайды. Осы жылы Алтын белгiге ие болған балалар саны 6800 адамнан асты. Биыл ҰБТ-ға қатысу үшiн 100 мыңнан астам түлек өтiнiш бердi. Ұлттық бiрығай тестiлеуге 98 мыңнан астам адам қатысты. ҰБТ нәтижесi бойынша орташа балл - 83. Өткен жылы бұл көрсеткiш 80,5 балды құрады. Шектi деңгейден 84 мың мектеп бiтiрушi, яғни қатысушылардың 85 пайызы өттi. ҰБТ-да ең жоғары 140 балды тек қана бiр мектеп бiтiрушi - Алматы қаласының тұрғыны Шиара Құдайбергенова алды", - дедi Ерлан Сағадиев.

Министр соңғы жылдары ҰБТ қорытындысы бойынша мектептер арасында рейтинг жүргізілмейтінін айтты.

Биыл барлығы ҰБТ-да 30 мыңнан астам тест тапсырмалары пайдаланылды. 243 апелляциялық өтініш түсіп, оның ішінде 101 өтініш қанағаттандырылды.

Министрдің айтуынша, ҰБТ өткізу кезінде Республикалық штаб құрылды. Оның құрамына Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктерінің өкілдері кірді.

"Осы жылы тестілеу барысында 82 мыңнан астам тыйым салынған заттар, оның ішінде 54 мыңнан астам ұялы телефон, роутер, модем секілді және 28 мыңнан астам қағаз түріндегі заттар табылды. Мұндай фактілер жыл сайын кездесіп отырады. Бұл бағыттағы бақылауды әрі қарай да күшейтетін боламыз", – деп мәлімдеді Ерлан Сағадиев.

ҰБТ өткізу кезінде 1200 аудитория қолданылып, олардың 90% онлайн-таратылыммен қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш есеге өсті. Сондай-ақ, ҰБТ өткізу кезінде орталықтар 4G стандартты байланыс сигналдарын басатын құралдармен, металл іздегіштермен толығымен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар ҰБТ өткізу орталықтарында тамақтандыру және ата-аналар үшін күту орындарын, ауылдан келген түлектер үшін көлікті қамтамасыз етті, сондай-ақ, медицина қызметкерлері тест өткізу орнында кезекшілік етті.

Кешенді тестілеуге (КТ) келсек, ол 14-18 шілде аралығында 48 ЖОО базасында өткізілді. КТ-ға қатысуға 45 мыңнан астам адам өтініш беріп, 42 700 адам немесе өтініш бергендердің 93,2% қатысты. Жалпы шекті деңгейден қатысқандардың 56,4% өтті.

Қазіргі таңда мемлекеттік білім гранттарын тағайындайтын республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады. Байқау нәтижелері БАҚ-та жарияланды.

"Биыл мемлекеттік білім гранттарына қосымша жергілікті атқарушы органдар есебінен 2700-ге жуық грант бөлініп отыр. Нормативтік база дайын. Бұл гранттар айдың аяғына дейін бөлінеді", - деді Ерлан Сағадиев.

Бұдан өзге, ҰБТ және КТ тапсырмаған және шекті деңгейден өтпеген балалар үшін тестілеуді қайта тапсыру 15–19 тамыз аралығында өткізіледі. Бұл тестілеуден шекті балды алмаса, өткен жылдағыдай ЖОО-ға бір семестрге оқуға қабылдау мүмкіндігі сақталып отыр.

Сондай-ақ, Білім және ғылым министрі педагогтер қауымы мен ата-аналар тарапынан түскен ҰБТ мен КТ процесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарды жеткізді. Осылайша, ҰБТ мен КТ-ны біріктіру, ҰБТ өткізу процесінен мектеп мұғалімдерін босату, мектептерде сынама тестілерін өткізбеу, мемлекеттік білім гранттарын оқу тілдеріне бөлмей тағайындау және т.б. мәселелер қаралып жатыр. 

"Министрлiкке педагогикалық қауымдастық пен ата-аналар тарапынан жыл бойы ұлттық бiрыңғай тестiлеу мен кешендi тестiлеуге қатысты ұсыныстар келiп түсуде. Олардың iшiнде ҰБТ мен кешендi тестiлеу бiрдей функцияны атқаратын болғандықтан осы екi тестiлеудi бiрге өткiзу ұсынысы бар. Екiншi - Ұлттық бiрыңғай тестiлеу ЖОО-ға түсу емтиханы болғандықтан тестiлеу процесiнен мектеп мұғалiмдерiн босату. Үшiншi - мектеп балаларды ҰБТ-ға емес, мектеп бағдарламасын игеруге дайындауы қажет болғандықтан мектептерде сынама тестiлеудi өткiзбеу. Төртiншi - мемлекеттiк бiлiм гранттарын оқу тiлiне, қазақ немесе орыс тiлдерiне бөлмей дайындау және тағы да бiрнеше ұсыныс бар. Осы ұсыныстарды Тамыз кеңесiнде кеңiнен талқылап, нәтижесi бойынша тиiстi шешiмдер қабылдаймыз", - дедi Ерлан Сағадиев.

Ерлан Сағадиев осы ұсыныстар тамыз кеңесінде кеңінен талқыланып, оның нәтижесі бойынша тиісті шешімдер қабылданатынын айтты.

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев биыл ҰБТ сәтті өткізілгенін атап өтті. Ол Ерлан Сағадиевке 15–19 тамыз аралығындағы қайта тестілеуді де жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.  

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына түсушілерді қабылдау ҰБТ және КТ сертификаттарының балдарына сәйкес конкурстық негізде олардың өтініштері бойынша жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы №204 бұйрығымен бекітілген "Ұлттық бірыңғай тестілеуді және кешенді тестілеуді өткізу қағидаларына" сәйкес (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 10 мамырдағы №196 бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген) шекті балды алмаған, нәтижелері жойылған түсушілер және ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) және кешенді тестілеуге (КТ) қатыспаған адамдарға жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін 2018 жылдың 15-19 тамыз аралығында қайта ҰБТ және КТ өткізіледі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгінгі өткен Үкімет отырысы барысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысын қарау қорытындысы бойынша жастарды кәсіби білім берумен қамту және техникалық кадрларды даярлау бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Үкімет басшысы бақылау жұмыстарын Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа жүктеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: