Үкімет "Бес әлеуметтік бастаманы" іске асыру бойынша Жол картасын қабылдады - Жаңалықтар | BNews

Үкімет "Бес әлеуметтік бастаманы" іске асыру бойынша Жол картасын қабылдады

13 наурыз, 2018, 12:55 1477 Астана
Үкімет

Жол картасы мүдделі мемлекеттік органдар және Ұлттық банкпен бірлесе отырып әзірленді. Құжатқа 35 шара енген.

Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" бойынша жол картасын әзірледі, деп хабарлайды BNews.kz.

"Бірінші бағыты "Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру". Осы бағыт бойынша негізгі орындаушы Ұлттық банк болып табылады. Ал Үкімет тарапынан – Инвестициялар және даму министрлігі. Негізгі шаралар "7-20-25" бағдарламасын бекітуге және оны жүзеге асыруға байланысты нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер енгізуге байланысты болмақ", - деді Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Ол шілде айына дейін ипотекалық несиелерді сатып алатын еншілес компания құрылатынын айтты.

Сондай-ақ министр "Нұрлы жер" бағдарламасына қаржы бөлуді ұлғайту жоспарланып отырғанын айтты. Оның инфрақұрылымына жылына 20 млрд теңге бөлініп, "7-20-25" бағдарламасына сәйкес түзетулер енгізу көзделіп отыр.

"Екінші бағыт – "Жалақысы төмен жұмыскерлердің еңбекақысын көтеру  үшін олардың салық жүктемесін азайту болып табылады". Осы бағыт бойынша салық заңнамасының нормаларына өзгерістер енгізуге байланысты ұсыныстар қарастыру жоспарланған. Жалақысы төмен жұмыскерлер үшін жеке кіріс салығын төмендету  мәселесі қарастырылмақ. Салық салудың тәртібі мен жеке кіріс салығын басқару тетіктерін қарау жоспарлануда. Сондай-ақ жеке кіріс салығының үдемелі межесін енгізу мүмкіндіктері қаралады", - деді Сүлейменов.  

Оның айтуынша, іс-шарлар барысы тамыз айында аяқталады. Алайда жаңа механизмді ендіру  2019-ші жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Білім және ғылым министрлігі "Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту" үшінші бағытының негізгі орындаушысы. Аталған бағыт аясында техникалық мамандықтарға екпін бере отырып, мемлекеттік білім беру тапсырыстарын ұлғайту көзделген. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидасындағы жатақханалар құрылысы бойынша тетіктерді анықтау мен заңнамалық түзетулерді әзірлеу жоспарлануда.

"Шағын несие беруді көбейту" атты төртінші бағытқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты. Аталған бағыт желісі бойынша 2017–2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу жоспарда бар. Өзгерістер қалалардағы және ауылдық жерлердегі шағын несие беруді қаржыландыруды ұлғайтуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге бағытталатын болады.

"Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру" бесінші бағытының басты орындаушысы - Энергетика министрлігі. Аталған бағыт "Сарыарқа" магистральді газ құбырының бірінші кезеңінің құрылысына арналып отыр. Жобаның схемасы мен қаржыландырудың шарты белгіленетін болады. ЕҚДБ, ЕАДБ және басқа да халықаралық қаржы ұйымдары арқылы қаржы тарту жоспарлануда. Жобаны биыл шілде айында бастау жоспарланған. Газ құбырының құрылысын 2019 жылғы желтоқсанда аяқтау көзделген.

Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова, энергетика министрі Қ. Бозымбаев Президенттің Бес бастамасын іске асыру бойынша Жол картасының жоспарланған іс-шаралары туралы баяндады.

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев талқылау қорытындысы бойынша, наурыз айының соңына дейін ҚР Парламентіне ұсыну үшін барлық қажетті заңнамалық өзгерістерді әзірлеуді тапсырды.

Еске сала кетейік, 5 наурызда Мемлекет басшысы Бес әлеуметтік бастаманы жариялады. 6 наурызда өткен ҚР Үкіметінің отырысында Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және Ұлттық банкпен бірлесіп, Елбасының бастамаларын іске асыру бойынша егжей-тегжейлі Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар