Үкімет сағатында тұрғын үй секторындағы өрт себептері аталды

12 қараша, 2018, 12:26 1674 Астана
Үкімет сағатында тұрғын үй секторындағы өрт себептері аталды

Өрттің шығуына тұрғын үйдегі электр құрылғылары мен жылыту пештерінің ақауы, балалардың отпен ойнауы себеп болады.

Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов тұрғын үй секторында өрт жиі кездесетінін айтты, деп хабарлайды BNews.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.

"Қазір өрттердің 70 пайызы тұрғын үй секторында болады. Олардың көбі отпен байланысты оқыс оқиғалардан, тұрғын үйдегі электр құрылғылары мен жылыту пештерінің ақауынан, балалардың отпен ойнауынан орын алады. Сондықтан біз тұрғын үй секторында тұратын халыққа насихат және түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргіземіз. Халықты жинап, өрт қауіпсіздігі талаптары сақталған-сақталмағанын анықтау үшін тұрғын үйлерді тексереміз, түрлі үгіт-насихат материалдарын таратамыз, видеороликтер көрсетеміз. Мектептерде де интерактивті сабақтар өткізіліп, өрт сөндіру бөлімдерінде тұрақты түрде Ашық есік күндері ұйымдастырылып тұрады. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, біздің халық арасындағы профилактикалық жұмыстарымыздың тиімділігі төмен болып отыр. Сондықтан, министрліктің профильдік комитетінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемаларына азаматтардың назарын аудара алатын кешенді профилактикалық жұмысты ұйымдастыру бойынша қажетті шаралар қабылданып жатыр", - деді Қалмұханбет Қасымов Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында.

Министрдің айтуынша, орман және дала массивтерінің өрт қауіпсіздігі проблемасы да аса маңызды болып отыр.

Сондай-ақ, Қалмұханбет Қасымов елімізде жыл сайын 15 мыңнан астам өрт тіркелетінін айтты.

"Елімізде жалпы өрт мәселесі күрделі жағдайда. Соңғы жылдары елімізде жыл сайын 15 мыңнан астам өрт тіркелді. 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін өрттен 3319 адам зардап шекті, оның ішінде 1410 адам қайтыс болды. Тікелей өрттен келген материалдық залал 12 млрд теңгені құрады. Ең көп өрт саны Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында тіркелген", - деді Қалмұханбет Қасымов Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар