Үкімет үйінде Қазақстан мен Швейцарияның инвестициялық ынтымақтастығы талқылады - Жаңалықтар | BNews

Үкімет үйінде Қазақстан мен Швейцарияның инвестициялық ынтымақтастығы талқылады

11 шілде, 19:06 1591 Астана
Үкімет үйінде Қазақстан мен Швейцарияның инвестициялық ынтымақтастығы талқылады

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Швейцарияның федералдық кеңесшісі және экономика, білім беру және зерттеулер федералды департаментінің басшысы Йоханн Шнайдер-Амманмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық қарым-қатынасты одан әрі нығайту, инвестициялық әріптестік және аймақаралық өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша бірлескен жобалардың перспективасы талқыланды, деп хабарлайды BNews.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Бақытжан Сағынтаев еліміздің энергетика, көлік, шағын және орта бизнес салаларындағы тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа, сондай-ақ жаңа технологиялар мен ноу-хау трансфертін реттеуге қызығушылық танытатынын атап өтті. Бүгінгі таңда Қазақстанда швейцариялық компаниялардың қатысуымен машина жасау, құрылыс, агроөнеркәсіп және тау-кен металлургия кешендері салаларында жобалар сәтті іске асырылуда.

Сонымен қатар Премьер-министр ҚР-да шетелдік инвесторлар үшін елеулі салықтық және кедендік жеңілдіктермен қолайлы инвестициялық ахуал жасалғанын айтты. 2017 жылдың басынан бері Швейцария азаматтары үшін 30 күндік визасыз режим енгізілді. Қабылданған шаралар алдағы жылдары Қазақстан экономикасына инвестициялар салып, технологиялар трансфертін жүзеге асырушы Швейцария кәсіпорындарының санын ұлғайтуға жол ашады.

2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Швейцария арасындағы тауар айналымы $3,2 млрд құрады (экспорт — $3,1 млрд), бұл 2016 жылға қарағанда 21% артық. 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында тауар айналымы $1,14 млрд құрады (өсім – 95%), экспорт — $1,09 млрд. 2005–2017 жылдары Швейцариядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны $20,6 млрд құрады. 1 мамырдағы жағдай бойынша ҚР-да швейцариялық қатысумен 436 заңды тұлға, бөлімшелер мен өкілдіктер тіркелген.

Бұған қоса, Бақытжан Сағынтаев Швейцарияның қаржы институттарын "Астана" халықаралық қаржы орталығының жұмысына белсене қатысуға шақырды және Швейцария мен Қазақстан халықаралық қаржы құрылымдарының аясында табысты ынтымақтасып, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк жанындағы бір топтың құрамына кіретінін атап өтті.

 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары