Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қызметтерді беру жөніндегі жұмыстарды жалғастырған жөн – Елбасы

28 қараша, 2018, 15:53 1755 Астана
Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қызметтерді беру жөніндегі жұмыстарды жалғастырған жөн – Елбасы

Мемлекет басшысы Үкімет пен Қоғамдық даму министрлігіне барлық айтылған ұсыныстарды мұқият зерттеп, оның іс жүзінде жүзеге асырылуын қарастыруды жүктеді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның VIII Азаматтық форумына қатысты. Жиын барысында Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қызметтерді беру жөніндегі жұмыстарды жалғастырған жөн екенін айтты, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент халқымыздың бірлігін нығайту және елімізді орнықты дамыту жолында мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог орнатудың маңыздылығын атап өтті.

"Осы форум үкіметтік емес секторға тың серпін беріп, азаматтық қоғамның одан әрі дамуына жол ашуға тиіс. Бүгінгі кездесу барысында күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша нақты ұсыныстар айтылатынына сенімдімін", – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті балалар үйлері мен "Ана үйі" дағдарыс орталықтарына қолдау көрсететін ұйымдардың жұмысына арнайы тоқталды. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы бизнес өкілдерін осы жұмысқа атсалысатын үкіметтік емес ұйымдарға көмек көрсетуге шақырды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев арнайы санаттағы азаматтардың оңалуына жәрдем беру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік маңызы бар басқа да жобаларды іске асыру ісімен айналысып жатқан үкіметтік емес ұйымдарға ризашылық білдірді.

Қазақстан Президенті еліміздің үкіметтік емес секторын дамытудың бірқатар нәтижелерін атап өтті.

"Үкіметтік емес ұйымдар саны 2003 жылы 5 мың болса, 2018 жылы 22 мыңға дейін жетіп, төрт еседен астам өскен. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 65 есе өсіп, қазіргі кезде 20 миллиард теңгеден асып отыр. Нәтижесінде, бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметі, іс жүзінде, қоғамымыздың маңызы бар барлық саласын қамтиды", – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы үкіметтік емес секторды әлеуметтік саясаттың басты бағыттарына тартудың маңыздылығын айтып, үкіметтік емес ұйымдар жобаларын қаржыландыру ісінің ашық жүргізілуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

"Осы бағытта Үкіметке цифрландыру үдерісінің аясында Үкіметтік емес ұйымдарды тексерудің бірыңғай электронды реестрін құруды тапсырамын. Мұнда үкіметтік емес ұйымдар өз еркімен тіркеліп, тиісті материалдарын орналастыра алады. Бұл осы ұйымдардың рейтингін қалыптастырып, олардың қаржыландыруға қол жеткізуіне мүмкіндік береді", – Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы азаматтық бақылау жүргізудің тиімді тетігін құру қажет екенін айтып, бұл ретте Қазақстанның Азаматтық альянсы басты рөл атқаратынын атап өтті.

"Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қызметтерді беру жөніндегі жұмыстарды жалғастырған жөн. Осы бағыттың аясында экология, әлеуметтік жұмыс, балалардың құқығын қорғау және басқа да салалар бойынша жобалар жүзеге асырылуы мүмкін. Үкімет пен Қоғамдық даму министрлігіне барлық айтылған ұсыныстарды мұқият зерттеп, оның іс жүзінде жүзеге асырылуын қарастыруды жүктеймін", – деді Мемлекет басшысы.

Іс-шара барысында мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына қоғамдық бақылауды бағалау және қамтамасыз ету үдерісіне үкіметтік емес ұйымдардың белсенді атсалысуы керек екені айтылды. Осыған байланысты, Елбасы Үкіметке Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар