Ұлытауда қазақстандық туроператорлар үшін форум ұйымдастырылды - Жаңалықтар | BNews

Ұлытауда қазақстандық туроператорлар үшін форум ұйымдастырылды

13 шілде, 11:34 2543 Қарағанды облысы
Ұлытауда қазақстандық туроператорлар үшін форум ұйымдастырылды

Бұл күндері Ұлытау ауданында "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында "Жезкиік" халықаралық музыка фестивалі өтіп жатыр.

Ұлытауда өтіп жатқан шара аясында туроператорлар үшін форум және ақпараттық тур ұйымдастырылды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Ұлытау ауылының маңында орналасқан Этноауыл аумағында туристік бизнес, қауымдастықтар, мемлекеттік органдар, "Kazakh Tourizm" Ұлттық компаниясы және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен туристік форум өтуде.

Ақпараттық турға Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің шетелдік әріптестерімен серіктес Астана, Алматы қалалары, Ақмола, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан ақпараттық турға 60-қа жуық туристік операторлар мен туризм қауымдастықтары қатысты.

Ақпараттық турдың бағдарламасы тарихи-мәдени, киелі және туристік нысандарға барудан құралды. Жыл сайын Ұлытау ауданындағы қасиетті жерлерге шамамен 12 мыңға жуық туристер келіп қайтады екен, ал осындай форумдар мен ақпараттық турлардың арқасында олардың санын 10 есеге арттыру жоспарланып отыр. 

"Біз шақырылған туроператорлар үшін үш күндік тур ұйымдастырдық. Олар барлық тарихи жерлер мен мәдени нысандарды өз көздерімен көріп, маршруттар құрып, өз клиенттері үшін болашақта турпакеттер ұсынатын болады. Бүгінгі таңда Ұлытауға жылына шамамен 12 мың туристер келеді. Бұл сан өте аз екенін түсінеміз. Сондықтан біз Ұлытаудағы туристік кластерді дамытуға қомақты қаражат салып жатырмыз. Және де болашақта бұл жерлерге жыл сайын кем дегенде 100 мың туристер келіп қайтады деп жоспарлап отырмыз", - деп мәлімдеді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.

Форум барысында тек Ұлытаудың ғана емес, жалпы облыстың барлық киелі мекендері мен тарихи ескерткіштері таныстырылды. Қатысушылар аймақта туризмді дамыту бойынша өз ұсыныстарын ортаға салып, мәселелерді талқылады. Ең басты мәселе логистика және көрнекті жерлердің қолжетімділігіне қатысты болды. Ол үшін облыста тек қана тарихи ескерткіштер мен кесенелерге баратын жолдарды салуға және жөндеуге 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. 60 шақырым жолдар салынып, жөндеуден өтеді. 

Сондай-ақ форумға Қазақстан Республикасындағы Францияның Төтенше және Уәкілетті Елшісі Филипп Мартинет қатысты. 

"Туризмді дамыту өте маңызды. Біріншіден, аймақтың экономикасына оң әсер етеді, екіншіден – мәдениетке да пайдалы. Біздер, француздар үшін әлем бойынша көпшілік біле қоймайтын мекендер өте қызықты. Сондай-ақ бізге сіздердің мәдениеттеріңіз пен табиғаттарыңыз да қызықты. Бізге бірінші кезекті ыңғайлылық емес, табиғаттың сұлулығы мен қоршаған ортаның бастапқы қалпында қасталып қалуы маңызды", - деді Филипп Мартинет.

Айта кеткен жөн, Ұлытау - Ұлы даланың киелі қазынасы болып есептеледі. Ауданда 600 түрлі ескерткіш бар, олардың 282-сі "Ұлытау" қорық мұражайының тарихи-мәдени картасына енгізілген. Олардың негізгілері: атақты Шыңғысханның үлкен ұлы жерленген Жошы хан кесенесі, қазақ хандығының құрылуымен байланысты ұлы оқиғалар өткен "Хан Ордасы" тарихи орны, тарихын Ұлы Темірланмен байланыстыратын Алтын шоқы тас плитасы, ежелгі жартас өнерінің қызықты да үлгі тұтарлық жауһарларын суреттейтін Тамды, Теректі-Әулие петроглифтері және басқа да тарихи-мәдени және киелі орындар.

Форум мен ақпараттық тур туристерді өңірге тарту мақсатында Қазақстан Республикасының туристік қауымдастығын Ұлытау өңірінің туристік әлеуетімен таныстыруға ықпалын тигізеді. 

Еске сала кетейік, Ұлытауда "Жезкиік" халықаралық музыка фестивалі өтіп жатқаны туралы осыған дейін хабарлағанбыз. Бұл ерекше музыкалық шараның қонақтары фестивальдің өтетін жеріне келіп, баспасөз мәслихатын өткізді. "Жезкиік" музыкалық шарасы "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасының "Қазақстанның киелі жерлері" жобасы және "Туған жер" арнайы бағдарламасын іске асыру аясында жүргізілуде. 

Барлығы фестивальге 11 музыкалық ұжым, 92 қатысушы келген. Олардың өнерін тамашалауға 6 мыңға жуық көрермен жиналады деп жоспарланып отыр. Олардың қатарында Қарағанды, Жезқазған, Сәтпаев және Ұлытаудың тұрғындарымен қатар, Алматы және Астана қалаларынан қонақтар бар.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: