Ұлттық әліпбиімізді бекіту – әлемдік өркениеттің көпірі - Жаңалықтар | BNews

Ұлттық әліпбиімізді бекіту – әлемдік өркениеттің көпірі

12 қазан, 11:40 5502
Ұлттық әліпбиімізді бекіту – әлемдік өркениеттің көпірі

Ұлттық әліпбиімізді бекіту – әлемдік өркениеттің көпірі. Бұндай пікірді Мемлекет тарихы институтының Деректану, деректеме, отан тарихы бөлімінің жетекші-ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Ерімбетова Құндызай Мырзашқызы латын жазуына көшуге қатысты білдірді.

Латын жазуына көшуді қолдау қарапайым халықтан бастау алып отыр. Еліміздің әрбір тұрғыны өз үлесін қосып, қоғамдық талқылау белсенді жүріп жатыр.

Заманауи кезеңде ең өзекті мәселелердің бірі – латын қарпіне көшу. Мемлекеттік, ұлттық мүдде тұрғысынан алынып отырған шара. Білімге, ұлттың интеллектуалдық әлеуетіне, келешегіне әсер ететін фактор.

Бұдан бұрынғы әліпбилерге келер болсақ, 1929-1940 жылдар арасында латын графикасының белсенді қолданылғанын білеміз. Кітапханалардағы шығармалар, мұрағат қорлары, баспа беттерінде мақалалар, ғылыми материалдар оған дәлел. Кириллицаға өткеннен кейін латын әрпіндегі кейбір еңбек назардан тыс қалғанын да жасырмауымыз керек.

Сондықтан әліпбиді өзгерту санадағы өзгерісті талап етеді. Ең күрделі мәселелердің бірі де – осы. Ең алдымен, дыбыстық және үндестік заңдарының сақталуын қадағалау, екіншіден әліппедегі әріптердің құрылымын бекіту, үшіншіден грамматикалық, фонетикалық,  түрлі емле жүйесі ережелерінің жасалуы. Осы реформа іргелі зерттеулердің негізінде жасалады.

Қазақстан тұрғындарының 90 пайызы латын әліпбиіне көшуді қолдап отыр. Шамамен айтқанда, келесі жылы оның нормативтік-құқықтық құжаттары бекітіледі. 2019 жылдан бастап, латын әліпбиіне негізделіп шығарылатын оқулықтар балабақшадан бастап, ЖОО, ғылыми-зерттеу институттары, мемлекеттік қарым-қатынас іс-қағаздарын жүргізу мәселелеріне байланысты құжаттары бекітіліп, сол әлеуетті көтере алатындай бейімдеу іс-шаралары, курстары ұйымдастырылады. Латын жазуын қоғамның барлық саласына бейімдеу кешенді түрде жүргізіледі. Яғни, бұл тек жазуды өзгерту емес. Қазақи дәстүрлік танымның мемлекетаралық, тіпті әлемдік өркениетте алға жылжуына түрткі болады. Сондықтан, ұлттық әліпбиімізді бекіту – әлемдік өркениеттің көпірі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: