Ұлттық Банк басшысы қаржы институттарын қадағалау түрлері туралы баяндады

21 маусым, 2018, 16:14 3405
Ұлттық Банк басшысы қаржы институттарын қадағалау түрлері туралы баяндады

Данияр Ақышевтың айтуынша, қазіргі қолданыстағы қадағалау шектеулі және формалды.

Данияр Ақышев қаржы институттарын формалды қадағалаудан тәуекелге бағдарланған қадағалауға көшу туралы айтып берді. Қазіргі қолданыстағы қадағалау шектеулі және формалды. Егер формалды түрде заңнама талаптары бұзылмаса Ұлттық Банктің операцияларды тоқтатуға мүмкіндігі болмайды. Алайда қаржы ұйымы тұрақтылығының нашарлауы ықтимал. Бұл туралы бүгін Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысы барысында баяндады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Ол бұл алдын алу тәртібінде банктердің жосықсыз операцияларды жүргізуін анықтауға және жүйелі проблемалардың орын алуын жоюға мүмкіндік бермейтінін атап өтті.

"Заң жобасында Ұлттық Банк тарапынан тәуекелге бағдарланған қадағалау енгізу ұсынылады. Оның аясында уәжді пайымдау институты пайдаланылады. Ол қолданыстағы формалды талаптарға қоса кәсіби бағалауды көздейді", - деді Данияр Ақышев.

Ол уәжді пайымдау мынадай салаларда пайдаланылатынын атап өтті: менеджмент пен акционерлерді келісу; құрылған провизиялардың барабарлығын бағалау; банкпен ерекше қатынастармен байланысты тұлғаларды анықтау; тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін бағалау.

"Заң жобасында тәуекелге бағдарланған қадағалауды қолдану және сотқа дейін шағымдану рәсімі жан-жақты реттеледі. Қаржы институттары, бұрынғысынша, Ұлттық Банктің шешімдеріне сот тәртібімен шағымдана алады", - деп түсініктеме берді ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы.

Сондай-ақ, Данияр Ақышев отырыс барысында "7-20-25" бағдарламасы туралы айтып берді. Мемлекет басшысының "Әрбір отбасы үшін баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру" әлеуметтік бастамасын іске асыру үшін несие беруші мен қарыз алушының мүдделері арасындағы мүдделер теңгерімінің сақталуын қамтамасыз ететін құқықтық ортаны құру қажет.

Ол бағдарламаның болашақта орнықтылығының маңызды талабы банк пен борышкердің нарықтық қағидаттарды сақтауы, оның ішінде проблемалық берешекті сотқа дейін реттеу және кепіл кредиторларының басымдығы мәселелерінде сақтау болып есептелетінін атап өтті.

"Кепіл институты жан-жақты болуы керек. Кепіл ұстаушының өз талаптарын қанағаттандыру үшін кепіл мүлкін кедергісіз әрі дереу сату мүмкіндігі болуға тиіс. Мұндай түзетулерсіз 7-20-25 бағдарламасын сәтті іске асыру мүмкін емес", - деп атап өтті Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы.

Данияр Ақышевтың айтуынша, заңнамалық түзетулер қабылданған жағдайда, банктер халыққа жақын арада несиелер бере бастайды.

Сөзін қорытындылай келе Данияр Ақышев Сенат депутаттарына осы заң жобасын қарау аясында жүргізген жұмысы үшін алғыс білдірді.

Ол қарастырылып отырған заң жобасының қаржы нарығындағы ахуалды айтарлықтай жақсартуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді қорландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Ұлттық Банк басшысы Данияр Ақышев елден ақшаның әкетілуіне қарсы іс-қимылды қалай күшейтуге болатыны туралы айтқан болатын. Ол "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" заң жобасын қабылдау елден ақшаның әкетілуіне қарсы іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Заң жобасын қабылдау қарапайым азаматтарға әсер етпейді, себебі валюталық реттеудің ырықтандырылған қағидаттары сақталған. 

Ұлттық Банк халықты өсім алудан нақты қорғауды қамтамасыз ету қажет деп санайды. Данияр Ақышев әрбір азамат онлайн режимде кредиттік калькулятор арқылы несиесі бойынша нақты ставканың мәнін оп-оңай тексере алатынын атап өтті. Оның айтуынша, егер банктік кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 56%-дан аспаса, онлайн-кредиттер бойынша ставкалар жылдық 700%-ға дейін және одан жоғары болатынын атап өтті.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #Ұлттық банк #Данияр Ақышев #несие беру

Читайте также

Похожие новости