Ұлттық банк "Ипотека 7-20-25" бағдарламасын іске асыруға кірісті - Жаңалықтар | BNews

Ұлттық банк "Ипотека 7-20-25" бағдарламасын іске асыруға кірісті

06 наурыз, 10:58 1547 Астана
Ұлттық банк

Ұлттық банк "Ипотека 7-20-25" тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасын іске асыруға кірісті. Бұл жоба Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып отыр.

Осы уақытқа дейін банктер үй алуға несиені 18-30 пайызбен, алдын ала 50 пайызын төлетіп, 20 жылға дейін есептеп беретін болса, енді Елбасы несие пайызын 7 пайызға, алдын ала төлемді 20 пайызға азайтып, несиені өтеу мерзімін 25 жылға дейін ұзартты.

Осыған байланысты Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Алматыда брифинг өткізіп, қаржы секторының өкілдерімен жобаны жан-жақты талқылауды және заңнамалық мәселелерді түсіндіруді жоспарлап отыр, деп хабарлады 24.kz.

Бас банкирдің айтуынша, бағдарлама Мемлекет басшысы жария еткен талаптарды іске асыруға бағытталады.

"Бұл – шын мәнінде күрделі міндет, дегенмен біз нарық қағидаттарына байланысты қазіргі үрдістерді сақтай отырып, бұл жобаны жүзеге асыруға тырысамыз. Біз негізінен барлық ипотекалық қоржынды 1 триллионнан астам теңгеге сатып алдық. Бұл – негізінен 2001 жылдан кейінгі және 2016 жылға дейін шығарылған кредиттер. Ал жаңа бағдарлама нарыққа жеке тұлғалар үшін де, тұрғын үй құрылысы үшін де оң әсер етеді және экономикалық өсуді ынталандырады деген ойдамын", - деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.

Ұқсас жаңалықтар

`