Ұлттық бюро Астана әкімі орынбасарының үстінен түскен арызға қатысты тексеріс бастады - Жаңалықтар | BNews

Ұлттық бюро Астана әкімі орынбасарының үстінен түскен арызға қатысты тексеріс бастады

12 шілде, 14:28 2423 Астана
Ұлттық бюро Астана әкімі орынбасарының үстінен түскен арызға қатысты тексеріс бастады

Сергей Хорошун жемқорлыққа қатысты күдікке іліккен. 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин Астана қаласы әкімі Әсет Исекешевтің орынбасары Сергей Хорошунның пара алу дерегіне қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Брифинг барысында ресми өкіл Сергей Хорошунның құқыққа қайшы әрекеті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.

"Астана қаласының жемқорлыққа қарсы қызметі мен Машуровтың арызы бойынша Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошунның құқыққа қайшы әрекеті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Арызда Машуров "Тамыз Инвест Групп" АҚ-ның құрылыс компаниясының басшысы бола отырып, Хорошунға қамқорлық жасау үшін мүлкін беріп отырғандығы көрсетілген. Қазіргі таңда Машуровтың дәлелдерінің барлығы тексерілуде. Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Нұрлан Жахин.

Осы орайда ол Қылмыстық кодекстің 201 тармағына сәйкес, өзге ақпарат тергеудің мүддесіне сәйкес жария етілмейтінін атап өтті.

Нұрлан Жахиннің мәлімдемесіне қанағаттанбаған журналистер өз сауалдарын жолдады.

"Сергей Хорошун тергеу кезінде жұмыс істей бере ме? Күдігі бар ғой", - деді олар.

"Бұл сұраққа түсініктеме бере алмаймыз", - деп жауап берді ресми өкіл.

Айта кетейік, қала әкімінің орынбасары Сергей Хорошун 2006 жылдан бері Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып жүр. Ол тұрғын үй-құрылыс мәселелеріне жауап береді. 

Сергей Хорошун 1966 жылы 26 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Благовещенка ауылында туылған.

Бұған дейін 52 жастағы Сергей Хорошун әр жылдары Ақмола темір жолының инспекторы, "Горкоммунхоз" басшысының орынбасары, Астана коммуналдық шаруашылығы департаментінің директоры болып қызмет атқарған.

Сондай-ақ, ол "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры директорлары кеңесінің мүшесі. "Құрмет" орденімен марапатталған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: