Ұлттық валютадағы депозиттер бірінші жартыжылдықта 8,2%-ға өсті

14 тамыз, 2018, 18:24 2350 Астана
Ұлттық валютадағы депозиттер бірінші жартыжылдықта 8,2%-ға өсті

Шілденің соңында Ұлттық қордың активтері 56,8 млрд АҚШ долларын құрады.

Ұлттық валютадағы депозиттер бірінші жартыжылдықта 8,2%-ға өсті. Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері шілденің соңында, алдын ала деректер бойынша, 30,9 млрд АҚШ долларын, Ұлттық қордың активтері 56,8 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл жөнінде Қазақстан Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков Үкіметтің "2018 жылғы 7 айда әлеуметтік-экономикалық дамудың және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары туралы" отырысында сөйлеген сөзінде айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Жалпы халықаралық резервтер жылдың басынан бері 1,6%-ға немесе 1,4 млрд АҚШ долларына төмендеп, 87,7 млрд АҚШ долларын құрады", - деді Олег Смоляков.

Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы орынбасарының айтуынша, депозиттік ұйымдардағы депозиттер маусымның соңында 17,8 трлн теңгені құрады. Оның құрылымында ұлттық валютадағы депозиттер бірінші жартыжылдықта 9,9 трлн теңгеге дейін 8,2%-ға өсті, шетел валютасындағы депозиттер 7,9 трлн теңгеге дейін 4,9%-ға төмендеді. Нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі маусымда 44,5%-ға жетті.

"Жинақтау валютасын таңдау кезінде айырбастау бағамының айқындаушы фактор ретіндегі рөлі төмендеп жатқанын атап өту қажет. Мұны теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамының әлсірегеніне қарамастан осы жылдың мамыр және маусым айларында теңгедегі депозиттердің өсуі көрсетіп отыр. Теңгедегі салымдар мамырда – 0,2%-ға, ал маусымда 5,4%-ға өсті. Осының салдарынан депозиттердің долларландыру деңгейінің төмендеуі жалғасуда", - деп атап өтті спикер.

Қазақстан Ұлттық Банкі өкілінің айтуынша, банктердің кредиттері маусымның соңында 12,8 трлн теңгені құрады.

"Ұлттық валютадағы кредиттер қаңтар-маусымда 3,3%-ға 9,7 трлн теңгеге дейін өсті, шетел валютасындағы кредиттер 5,4%-ға, яғни 3,2 трлн теңгеге дейін төмендеді", - деп хабарлады Олег Смоляков.

Оның мәліметіне сәйкес, жаңа кредиттер беру өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 27%-ға немесе 1,3 трлн теңгеге ұлғайды. Кәсіпорындарға теңгемен берілген кредиттер бойынша орташа мөлшерлеме 2017 жылғы желтоқсандағы 13,2%-дан 2018 жылғы маусымда 11,7%-ға дейін төмендеді.

Сондай-ақ, ол ішкі валюта нарығындағы жағдай туралы айтып берді. Шілденің соңында теңгенің биржалық бағамы жыл басынан бері 4,3%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 346,7 теңге болды. 

"Дамушы нарықтардағы жалпы үрдіс Қазақстанға да әсер етті. Бейрезиденттердегі Ұлттық Банк ноттарының көлемі наурыздағы ең жоғарғы 454 млрд теңге деңгейінен шілдеде 158,5 млрд теңгеге дейін төмендеді", - деп хабарлады Олег Смоляков.

Оның айтуы бойынша, соңғы күндердегі ішкі валюта нарығындағы ахуал геосаяси шиеленіс аясында негізгі сауда әріптес елдер валюталарының айтарлықтай құбылмалығымен түсіндіріледі. 13 тамызда теңгенің бағамы бір АҚШ доллары үшін 363,22 теңге болды. 

"Ұлттық Банк валюта нарығындағы ахуалға тұрақты түрде мониторинг жүргізеді және қажет болған жағдайда теңге бағамының айтарлықтай және тұрақсыздандыратын қысқа мерзімді ауытқуларын реттеуге бағытталған өктемдікті жүзеге асыруға дайын", - деп айтып өтті Қазақстан Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары.

Спикердің айтуынша, шілдеде жылдық инфляция 5,9%-ға дейін баяулады. 2018 жылғы қаңтар-шілдеде инфляция 2,7% болды, бұл өткен жылғы осындай кезеңнің көрсеткішінен 3,8%-ға төмен. 

"Шілдеде жылдық инфляция алдыңғы жылдың соңындағы 7,1%-бен салыстырғанда 5,9%-ға дейін баяулады. Осылайша, инфляция деңгейі 2018 жылғы 5-7%-дық нысаналы дәлізге сәйкес келеді. Инфляциялық күтулердің төмендегені байқалады. Халық арасында жүргізілген пікіртерімнің нәтижелері бойынша шілдеде бір жыл бұрын күтілетін инфляцияны сандық бағалау пікіртерімді жүргізудің барлық кезеңі үшін ең төменгі мәнге жетіп, 5,6%-дық деңгейде тұр", - деп түсіндірді Олег Смоляков.

Сөз соңында ол инфляциялық процестердің және орта мерзімді перспективада осы үрдісті сақтау бойынша бағалаудың баялауы базалық мөлшерлемені төмендетудің негізгі факторы болып табылады деп те атады. Осы жылдың басынан бері ол 10,25%-дан 9%-ға дейін 4 рет төмендетілді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: