Бұл оқиға тарихқа енеді – Путин Қазақстанда қол қойылған Каспий құжаты туралы

13 тамыз, 2018, 09:38 2560 Маңғыстау облысы
Бұл оқиға тарихқа енеді – Путин Қазақстанда қол қойылған Каспий құжаты туралы

Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты Каспий маңы елдері саммиті жұмысының нәтижелерімен құттықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президентіне ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективаларға жол ашатын Каспий маңы елдерінің айтулы саммитіне белсенді атсалысқаны үшін ризашылық білдірді.

"Екі жақты қарым-қатынастарымыз барлық бағытта, әсіресе, экономика, әскери-техника және ғарыш салаларында ілгерілеп келеді. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы экономикалық мәселелер де қарқынды дамуда", – деді Қазақстан Президенті.

Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты Каспий маңы елдері саммиті жұмысының нәтижелерімен құттықтап, мұның Қазақстанның өзінде болған оқиға ретінде тарихқа енетінін айтты.

"Бұл – жиырма жыл ішінде қол жеткізілген елеулі оқиға. Ұзаққа созылған талқылаулар мен пікірталастардан кейін шешім табылды. Осы шешімнің Каспий маңы өңіріндегі ынтымақтастығымыздың дамуына септігін тигізетіні сөзсіз", – деді Ресей Федерациясының Президенті.

Владимир Путин екі ел арасындағы өзара тауар айналымының артқанын атап өтіп, барлық ірі жобалар мен бағдарламалар, соның ішінде ғарыш, энергетика және көлік салалары одан әрі дами беретінін, сондай-ақ елдеріміздің оң нәтижелерге қол жеткізетініне сенім білдіретінін айтты.

"Сізге Ресей мен Қазақстан қарым-қатынастарына ерекше көңіл бөлгеніңіз үшін ризалығымды білдіргім келеді", – Ресей Федерациясының Президенті.

Сонымен қатар, тараптар алдағы уақытта өтетін Петропавл қаласында өтетін өңіраралық форумның және Душанбеде болатын ТМД саммитінің мәселелерін талқылады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Гурбангулы Бердімұхамедов саммитке қатысуға мүмкіндік туғызғаны үшін ризашылық білдірді.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Ильхам Әлиев Құрық портының жаңа мүмкіндіктері екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетінін атап өтті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар