Жағдайды білмейсіздер – Сағынтаев Ішкі істер министрлігін сынға алды

27 Марта, 2018, 12:26 1946
Жағдайды білмейсіздер – Сағынтаев Ішкі істер министрлігін сынға алды |  | BNews.kz

Бүгінгі таңда ШҚО-да су тасқынына қарсы шараларға 259 млн теңге бөлінді.

Шығыс Қазақстандағы су тасқынына байланысты жағдай туралы облыс әкімі Даниал Ахметов бүгін өткен Үкімет отырысында айтты. Премьер-министр техникаға байланысты жағдайды шешуді тапсырып, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасарын сын тезіне алды, деп хабарлайды BNews.kz

Алдымен ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовты тыңдады.  

"Биыл су өткен жылдармен салыстырғанда екі есе көп жайылды. Бір метрден аса қар түсіп, жауын-шашын нормадан үш есе көп жауды. Бүгінгі таңда 481 үйді су алды, кей жерлерде су әлі де бар. Көптеген үйлер, саяжайлар, аулаларға су жайылды. Катонқарағай, Ұлан, Аягөз аудандарында төтенше жағдай жарияланды. 14 үй құлап, бірнешеуі апатты жағдайда. Қазір жағдай тұрақталды. 216 адам үйлеріне оралды. Тек 12 адам ғана интернатта тұрып жатыр. Бақытжан Әбдірұлы, өткен аптада біз 32 үй сатып алдық. Енді 2-3 күн ішінде тағы үй қарастырып, адамдарды қайтармақпыз. Өзім сол жерге барып, үйлестіріп беремін", - деді Даниал Ахметов.

Әкім қалыптасқан жағдайды бір айдың көлемінде шешуге уәде берді. Бүгінгі таңда осы мақсаттарға  ШҚО-ға 259 млн теңге бөлінді.

"Жобалық-сметалық құжат жасалды. Глубокий ауданында жағдай үнемі бақылауда. Тұрғындарды бір жерге қоныстандыруға байланысты шаралар қарастырылды. Жалпы алғанда 175 үйді су алып, 567 адам қауіпті жерлерден көшірілді. 23 адам қазір мектеп-интернатта, олар үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Қалған тұрғындар уақытша туған-туыстарының үйінде тұрып жатыр. Қазіргі жағдайды саралайтын арнайы комиссия құрылды. Біз барлық шығындарды өтейміз. Барлық мәселені шұғыл шешу үшін, кеше аудандық қайырымдылық қоры 50 млн теңге бөлді. Шемонайхаға қатысты айтар болсақ, мен онда жексенбі күні болдым. Су 1,5 метрге дейін көтерілді, егер біз уақытында шаралар қабылдамағанда жағдай қазіргіден де қауіптірек болар еді.  Қазір 11 бала мектепке барды, тиісті комиссия жұмыс жасауда. Жағдай бақылауда", - деді әкім.

Бақытжан Сағынтаев қажет техникамен ШҚО-ны ғана емес, басқа аудандарды да қамтамасыз етуді бақылауға алуды тапсырды.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында 400-ден аса үйді су алғанын айтты. Оның 326-і тұрғын үй. Қарағанды облысындағы 12 үйде су толық сорғытылды.

Осыған байланысты Сағынтаев министр орынбасарынан Шығыс Қазақстанды техникамен қамтамасыз ету қандай деңгейде екенін сұрады.

"Бұл сұрақ бойынша, демалыс күндері аудандарға қосымша техника жеткізілді", - деді Жанат Сүлейменов.

"Әрине, сіздер мұны өзге облыстардан алған шығарсыздар. Қажет техника нормаға сәйкес болуы тиіс, ал растап келгенде бұл цифрлер мүлдем аз. Министрлік тарапынан қандай шаралар жасалып жатыр", - деді Министрлер кабинетінің басшысы.

Алайда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Премьер-министрдің сұрағына жауап бере алмады.

"Сізге баяндамада жазып бермеді ме? Сіздер қалай басқармақсыздар? Жазылғанды оқып шықтыңыз, ол болмаса жағдайды білмейсіздер. Нәтижесінде біз зардап шегеміз: техника жоқ, катакомба жоқ. Егер жағдай қиындаса, көмекті басқа облыстардан сұраймыз. Түсінікті", - деді Бақытжан Сағынтаев.


Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13934

Похожие новости