Жақсылық Үшкемпіров туралы көркем фильм түсіріледі

26 шілде, 2018, 19:04 3271 Алматы
Жақсылық Үшкемпіров туралы көркем фильм түсіріледі

Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында "Жеңімпаз" атты киножобаның қорғалымы өтті.

Аталған спорттық драма Қазақстанның Еңбек Ері, грек-рим күресінің палуаны, Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы баяндайды. Фильмнің шығармашылық тобы атқарған жұмыстары туралы және түсірілімге дайын екенін жеткізді. Картинаның сценарий авторы, әрі қоюшы режиссері  –  жүзден астам деректі фильмнің авторы Бақыт Қайырбеков, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Бұл көркем фильм жанрында түсіргелі отырған менің алғашқы туындым. Картина 48 кг салмақтағы Олимпиада чемпионы болған алғашқы қазақ – Жақсылық Үшкемпіров туралы. Ол  түрлі мемлекет дәрежесіндегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінсе де, спортшының  халықаралық ареналарға шығу мүмкіндігі болмаған. Тек 1980 жылы ғана  Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарына қатысуға жолдама алып, әлемдік деңгейде өнерін көрсете алды. Фильм Оңтүстік Қазақстан ауылдарының бірінде дүниеге келген спортшының балалық шағынан бастап, бүкіл Кеңес одағы қошеметпен қарсы алған палуанның Олимпиада ойындарында жеткен жетістіктеріне дейінгі өмір жолын бейнелейді", - деді фильмнің режиссері Бақыт Қайырбеков.

Қатарында кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов, кинодраматург Смағұл Елубай бар "Қазақфильмнің" Эксперттік кеңес мүшелері алдында түсірілім тобы көрме ұйымдастырған. Онда фильмде қолданылатын реквизиттер мен совет одағы дәуіріндегі спорттық костюмдер қойылған. Эксперттік кеңес алдында сөз алған фильмнің бас продюсері Тасболат Мерекенов түсірілімдер Өскемен, Талдықорған, Алматы және Алматы облысында жүретіндігін айтты. Сонымен қатар, кей сахналар Беларуссияда өтетінін де хабарлады. Айта кетелік, фильмнің түсірілім жұмыстары шіледің 29 басталып, қыркүйектің соңына дейін жалғасады. 

"Жақында ғана Қытайда өткен ШҰЫ аясындағы кинофестивальде "Қазақфильм" мен "Беларусьфильм" ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Осы іс-шарадан соң, Минскіге түсірілім тобымен барып, ондағы спорт нысандарын, 80-ші жылдарды еске салатын қажетті реквизиттерді көріп қайттық. Минскіде 80-ші жылдардағы Мәскеуге ұқсайтын көшелер сақталған екен. Онда  заманауи жарнама, дүкендер мен мейрамханалар жоқ. Минскідегі түсірілімдер тамыз айына белгіленген", - деді режиссер Бақыт Қайырбеков.

Кастинг-директор Айжан Дүйсембаевның айтуынша, биыл наурыз айында жарияланған республикалық кастингке 1000 астам жасөспірім мен жеткіншек қатысқан. Ұзақ фото және видео сынақтан кейін басты рөлге Елнар Назарқұл мен Санұржан Сүлейменов бекітілген. Олар Жақсылық Үшкемпіріовтің бала кезі мен жеткіншек шағын сомдайды. Ал театр актері Олжас Сақ жігіт шағын ойнайтын болса, Қазақстанның Халық артисі, Жезқазған театрының актері Досжан Жанботаев 60- жастағы спортшының образын жасайды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауының "Адами капитал – жаңғыру негізі" атты бөлігінде ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керектігін атап өткен болатын. 

"Рухани жаңғырудың" мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс", - деді Елбасы Жолдауда.

Фильмнің эксперттік кеңес мүшелері жобаны қорғау барысында фильмге қатысты ойларын айтып, түсірілім тобына сәттілік тіледі. 

"Маған таңдаған актерлер ұнап отыр. Олар танымал емес. Жаңа актерлер. Бұл - картинаға шынайылық береді. Топ жақсы кино түсірсін деп тілеймін, өйткені Жақсылық Үшкемпіров кино кейіпкері болуға  лайықты тұлға", - деді Сатыбалды Нарымбетов.

Смағұл Елубай да фильмнің түсірілу тобына толық сенім білдіріп, табыс тіледі.

"Біз Жақсылық Үшкемпіровтың өмір жолын білеміз. Оның жеңімпаз екені де бізге анық. Десе де фильмнің соңына дейін оның жеңімпаз атанатыны белгісіз болуы тиіс. Түсірілім тобына толық сенім білдіре отырып, сәттілік тілеймін", - деді  Смағұл Елубай. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: