Жамбыл облысында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы ашылды

8 Января, 2019, 11:06 8207
Жамбыл облысында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы ашылды |  | BNews.kz

Мұнда 25 жеткіншек арнайы медициналық сараптамадан өтіп, тегін ем қабылдап жатыр.

Жамбыл облысындағы Меркі ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығы ашылды, - деп хабарлады 24.kz.

Бұл әлеуметтік нысанда қазір 25 жеткіншек арнайы медициналық сараптамадан өтіп, тегін ем қабылдап жатыр.

Айзада Балтамұратова – Меркі ауданының тұрғыны. 11 жылдан бері өздігінен жүріп тұра алмайтын баласы Құралдың денсаулығын нығайтумен жүр. Енді алысқа бармай-ақ, барлық қызмет түрін бір жерден алуға мүмкіндік туды.

"Балаларымыз осы жерде ем алады. Массажы бар, таңертең 8 жарымда алып келеміз, кешке 5-те алып кетеміз. Балаларымыз да осы жерге келгісі келіп тұрады", - дейді Меркі ауданының тұрғыны  Айзада Балтамұратова. 

Құны 52 миллион теңге болатын әлеуметтік нысанда 29 маман жұмыс істейді. Ғимарат іші ойын бөлмесі, баланың ой-санасын дамытатын ойыншықтармен толтырылса, дене шынықтыру бөлмесі арнайы құрылғылармен жабдықталған. Сондай-ақ мұнда ерекше балалардың сенсорлық қабілетін және ұсақ қол моторикасын дамытуға арналған құралдар да бар. 

"Біздің оңалту орталығы 25 балаға ашылған, жеке оңалту бағдарламасы бойынша балалар келеді", - деді мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының директоры Клара Ракаева.

Ауданда екі жарым мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан болса, олардың 357-сі – бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі сал ауруы мен қимыл тірек қозғалысы дамымаған жеткіншек. Сондықтан алдағы уақытта орталықта емделушілердің санын көбейтіп, жылына 5 баланы сауықтыру жоспарланып отыр.

olshem.kz

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13989

Похожие новости