Жаңа емле ережелері сынамасы Өскеменде жалғасты - Жаңалықтар | BNews

Жаңа емле ережелері сынамасы Өскеменде жалғасты

01 тамыз, 20:03 2134 Шығыс Қазақстан облысы
Жаңа емле ережелері сынамасы Өскеменде жалғасты

Сынаққа қатысушылар жаңа әліпбидің жобасына зор қызығушылық танытты.

Елімізді заман талабына сай жаңғыртудың бір бағыты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Жарлығын жүзеге асыру болып табылады. Бұл бағытта кешенді жұмыстар тұтас ел көлемінде қарқын ала бастады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси  жұмыс комитеті, Шайсұлтан  Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына"  ұлттық ғылыми-практикалық орталығы  Республикамыздың  өңірлерінде латын графикасына негізделген  жаңа емле ережелері  жобасын  сынамадан өткізу жұмыстарын Шығыс-Қазақстанда жалғастырды. 

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан  мемлекеттік университетінің №9 оқу ғимаратында  Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына"  ұлттық ғылыми-практикалық орталығының, Әдістемелік бөлімнің басшысы Сабира Сапина, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының кафедра меңгерушісі Нәзигүл Төленбергенова, "Тіл-Қазына"  ұлттық ғылыми-практикалық орталығының терминология және ономастика  бөлімінің жетекші ғылымы, филология ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Ысқақова және аталған орталықтың  мамандары сынақ сауалнама жүргізді.

Сондай-ақ алғаш рет сынақ сауалнама алушылар мен бірге  ақпараттық-насихат тобы жұмыс істей бастады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласы аясындағы, "Дәуірлік талаптар және жаңа қазақ әліпбиі" атты ақпараттық-насихат тобының жетекшісі, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов сынамаға қатысушылар алдында  баяндама жасап,  сұрақтарға жауап берді.

"Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласының басты нысаны ұлттық сананы жаңғырту, ұлттық кодты қалыпына келтіру емес пе еді!? Әрине, ол - арнайы сөз етілетін тақырып, өзгеше ойдың өзегі.  Бүгінгі күні алдымызда емле ережелерін бекіту, орфографиялық сөздік жасау, оқу-әдістемелік құралдар дайындау сияқты игі шаралар тұр. Оларда біріншіден, қазақ тілінің дыбыстары мен әріптерін жас буынға, шетел азаматтарына үйретудің оңай жолдары ескерілуі керек, екіншіден, жаңадан жасалған осы әліпбидің соны да соңғы нұсқасы  арқылы қазақ қауымы дүниежүзілік интернет жүйесіне еркін қосылуының мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылуы қажет. Алдағы осындай елеулі істі оңтайлы шешуге жоспар жасай отырып, жаңа белеске көтерілген қазақ жазуының болашағы зор екендігіне сеніміміз де мол. Егер әлемдік болып саналатын тілдермен тайталаса отырып, қазақ тiлiн латын әліпбиі негізінде заман талабына орай қажетiмiзге жарата алсақ және осы оған елiмiздегi жүзден аса ұлт өкiлдерiн қарата алсақ, сонда  ғана әлемдік деңгейге көтерiлгенi. Демек, алдымызда қазақ тiлiнiң бәсекелестік қабiлетiн арттыру мәселесі тұр. Бұл уақыт күттiрмейтiн маңызды мәселе. Өйткені, біздің жас мемлекет үшiн уақыттың әр сәті жауапты", - деді Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов. 

"Рухани жаңғыру" барысында қоғам ұлттық дәстүрлердің ішінен тек ілгерінді мазмұндағы байырғы салттарды алуы керек. Уақыт сынынан өте алмаған, қазіргі даму үрдістеріне келмейтін кейбір дағдылардан бас тартуға да тура келеді. Бұл – уақыттың талабы, дәуірдің шарты. Сондықтан біз осы бағдарламалық мақаладағы Президенттің "Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық", – деген ойларына ден қоюымыз қажет түйіндеді Жандос Смағұлов.

Сынамаға  Өскемен,  Риддер, Зырянь, қалаларындағы барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, ЖОО студенттері қатысты. Сынаққа жалпы саны 150 адам қатысты, оның ішінде жартысынан көбі басқармалардың  қызметкерлері.

"Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері" республикалық конференциясында барлық жұмыс тобы мүшелерінің және ең білікті лингвист ғалымдардың қатысуымен емле ережелердің концепциясы кең түрде талқыланды. Конференцияда емле ережелердің концепциясы мақұлданып, фонематикалық принцип негізге алынсын делінген болатын. Соған сәйкес, жаңа әліпби емлесінде сөздер үнемдеу принципі арқылы жазылады. Қажет тұстарда фонетикалық, морфологиялық, тарихи-дәстүрлі принциптер де ескерілмек.

"Әліпби тек лингвистикалық құбылыс қана емес. Оны күнделікті жалпы халық тұтынатын болғандықтан да, ол – әлеуметтік құбылыс. Яғни егер біз үнемдеу принципін қолданбай, фонетикалық принципке жүгінсек, сөздердің жазылуында шұбалыңқылыққа жол берер едік. Бұл лингвистикалық, психо­логиялық қосымша кедергілер қалыптастырып әліпбиді, жазу дағдысын игеруді ұзақ уақытқа созып жібереді. Ендігі мақсат мақұлданған емле концепциясына сай жаңа әліпбидің ережелерін дайындау және оны сынақтан өткізу болады. Соның дәлелі бүгінгі Өскенмендегі сынақ сауалнама жүргізу" - деді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының кафедра меңгерушісі Нәзигүл Төленбергенова

Сынаққа қатысқан қауым жаңа әліпбидің жобасына зор қызығушылық танытты,  өзара пікір алмасып, қызу талқылады. Ертең Семей қаласында сынама жұмыстары жалғасады.

Еске сала кетейік, қазақ тілінің латын графикасындағы емле ережесін апробациялау басталғаны туралы осыған дейін айтқан едік. 

Оқушылар тестілеуден өтіп,  лингвист ғалымдарға жаңа әліпбидің орфографиялық мәселелерін анықтауға көмектесті.

Қазақстанның барлық өңірлерінен жазғы демалыстарын "Балдәурен" оқу – сауықтыру орталығына өткізуге келген 300-ге жуық оқушы латын графикасындағы қазақ тілінің жаңа емле ережесінің пилоттық жобасын апробациялауға қатысқан еді. Оқушылар тестілеуден өтіп,  лингвист ғалымдарға жаңа әліпбидің орфографиялық мәселелерін анықтауға көмектесті. Тапсырмалар жинағы алты парақтан тұрады. Басында сауалнамалық мәліметтерді толтыру қажет.  Жинақтың бірінші тапсырмасы оқушыға оның пікірі бойынша қазақ сөздерін латын қаріпіндегі ыңғайлы және дұрыс нұсқасын  таңдауды, сондай-ақ ұсынылған "дұрыс" және "икемді" деген сөздерді екі  нұсқада жазуды  ұсынады. Сондай-ақ оқушылар  өздеріне ұнаған нұсқадағы сөздерді және  оларды латын қаріпінде де,  кирилицада да жаза алады. Жинақтың соңғы парағы оқушылар өздерінің ескертулерін  жазу үшін қалдырылған.

Сондай-ақ, жаңа емле ережелері сынамасы Қарағандыда өтіп жатқаны туралы осыған дейін хабарлағанбыз. Сынамаға Абай, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларындағы барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, ЖОО студенттері қатысты. Сынаққа жалпы саны 250-ге жуық адам қатысты, оның ішінде жартысынан көбі басқармалардың  қызметкерлері болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында: "Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен ғана емес, адамдарының бәсекелік қабілеттілігімен айқындалады" деп атап көрсетті. Бүгінгі таңда үш тілді білу – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Мұның негізгі  мақсаты бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру болып табылады.

Жазу –  ұлттың тарихы, ұлт мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне әсер ететінін ескерсек, жаңа әліпбидің емле ережелері жазбаша тіл мәдениетін қалыптастыруға қызмет ететіні сөзсіз. Оның айқын дәлелі бүгінгі латын графикасына негізделген  жаңа емле ережелері  жобасын  сынамадан өткізу болып табылады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: